Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ
Драматургия саласында жас қаламгерлердің үлесі неге аз?
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері театрға қатысты мамандар ұлттық драматургиямызды қалай жандандырамыз деген сауалға жауап іздеумен келеді. Оның үстіне қазақ қоғамында театр – кенже дамыған өнер саласы.
Дегенмен қазақ драматургтері мен режиссерлерінің соңғы уақытта ұлттық мазмұндағы қойылымдарға айрықша назар аударып келе жатқандығын айта кету керек. Бұған қоса бүгінде театр саласына серпін беру мақсатында мемлекет арнайы қаржы да бөліп келеді. Бірақ мақтаудан гөрі, сын-ескертпелерді көп еститін қазақ театрлары бүгінгі көрерменнің сұранысын толық қанағаттандыра алып отыр дей аламыз ба? Қазіргі кезде еліміздегі театрларда шетелдік авторлардың туындыларын сахналауға деген әуестікті кәсібилікке ұмтылыс жасау деп бағалай аламыз ба?
Қазіргі кезде драматургия саласында қалам тербеп жүргендер мен шығармалары сахналанып жүргендердің көбі – орта жастан асқан немесе мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар. Осы орайда жастар драматургияға неге аз барады деген сұрақ туындайды.
Сұлтанәлі Балғабаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Кейінгі жас қаламгерлер драматургияға батыл бара бермейді. Бұрынғы кезде пьесалар арнайы репертуарлық коллегияның сараптамасы мен сүзгісінен өтіп барып қана театрларға берілетін. Сонымен қатар қазір бізде жаңа жазылған драмалық шығармаларды қабылдау жүйесі де ала-құла. Бұл ретте шынайы таланттың еңбегін ескеруден гөрі, таныс-тамырлықпен мәселе шешу белең алып барады. Жалпы, театрға қатысты осы және өзге де мәселелерді бүгінгі таңда Мәдениет министрлігінің жанынан болмаса да, облыстық мәдениет басқармаларының жанынан тәуелсіз сарапшылар алқасын құру арқылы шешуге болады. Егер де осындай сараптамалық комиссия жұмыс істейтін болса, оның құрамына негізінен театр сыншылары енгізілуі керек.
Назым Дүтбаева, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі:
– Жастардың драматургияға бармайтын бірінші себебі – меніңше, жанрдың күрделілігінде. Драматургтердің әр кездегі басқосуларында бұл мәселе жиі айтылады. Оның себептері де осы жиындардын тыс қалған емес. Мамандар Қазақ ұлттық өнер академиясында драматургия курсына мектепті жаңа бітіріп келген балалардың қабылданатынын айтады. Мектепте драматургия туралы мәлімет аз берілетіндіктен, бұл балалардың ЖОО бітіре сала сахнаға шығаруға жарайтын пьеса жаза алмайтыны белгілі. Ал гуманитарлық салада білім алған, 25-тен асып, ес тоқтатқан қыз-жігіттерді драматургия курсына грантқа қабылдамайды. Бұл балалар өздігінен пьеса жазуға батпайды, өйткені драматургияның теориясын жетік білмейді, ал теориясын оқып шыққан балалардың шығармашылық әлеуеті кемшін. Сондықтан Ресейдегідей драматургия курсына гуманитарлық салада білім алған адамдарды қабылдаған жөн. Болмаса драматургияның теориясын оқытатын бір жылдық курстар ашылса... Бұл пікірлер, жоғарыда айтып кеткенімдей, драматургтердің басқосуларында жиі айтылып жүр. Менің бұған қосарым, әр театр өзіне драма табуды өзі қолға алып, соны жүйелі түрде ұйымдастыра білсе, жақсы сахналық шығармалар дүниеге келер еді. Ол әр театрдың өзінің ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты: мейлі, бәйге ұйымдастырсын, мейлі, қаламақыға үстеме қоссын, әйтеуір, жолын табу керек.
Дүрәлі Дүйсебай, журналист:
– Қазақтың жазармандарының бәрі алдымен өлеңнен бастайды. Сосын өз жолын әдебиеттің әр саласынан іздейді. Алайда қазіргі жас буын поэзияға құмарлау. Прозада да табысты жазып жүргендері бар. Ал драматургия – өте күрделі жанр. Ол үшін ақын, жазушы болудың өзі аздық етеді. Драма жазудың техникасын меңгеру керек. Адам психологиясын, қоғамды, айнала тіршілікті терең білу қажет. Міне, өмірлік тәжірибенің аздығы, адам бойындағы қасиеттерді, қоғамның болмыс-бітімін зерделеу, зерттеу жастарымыздың оң жамбасына дәл келмейді-ау. Сол үшін жүрексінетін де болуы мүмкін. Әйтпесе бәріміз бірден неге пьеса жазып кетпейміз? Жастар драматургияға бару үшін осы қасиеттерді сіңіріп, жүрексінуді тоқтатқаны жөн. Өйткені драматургия да – өнер.
Гүлнұр Көлбай, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының БАҚ-пен жұмыс және жарнама бөлімінің менеджері:
– Алдымен бізде драматургиялық мектептің қалыптаспағанынан деп білер едім. Қазіргі заманға сай шығармалардың жазылмауының себебі де жас қаламгерлерге жөн сілтеп, жол көрсететін аға буынның болмауы секілді. Дулат Исабеков секілді ағалар арнайы мектеп ашып, сахна тілін түсінетін, қаламының қарымы бар жастарға сабақ өткізсе, бізге бұл түйткілден шығу қиынға соқпас деген ойым бар. Арнайы жобалар ұйымдастырылып жатады, бірақ содан жүлде алған шығармалардың сахналанып жатқанын көрмеппін. Бізге басынан бастау керек. Драматургтерді дайындап шығару керек, сосын барып нәтижені сұрау керек, дұрысы. Ұйымдастырылатын шаралардың көбі арнайы бір тақырыптың айналасында ғана өрбиді. Оған қатысатын туындының да шама-шарқы сол аумақтан аса алмай жатады. Арнайы тақырыпқа жазылатын шығармадан көркем сахна дүниесі туатынына күмәнім бар. Қайта шектеу болмаған кезде ғана еркіндік, кеңдік, тазалық болады. Біздің қазіргі драматургияға жетіспейтіні де – осы.
«Ердің жеңісі – елдің жеңісі» атты мүшәйраның да қорытындыланар күні таяу
Төрткіл дүниені жасампаз рух пен жігерге бөлеген жазғы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Тұманды Альбионның төрінде қазақтың байрағы желбіреген жеңісті сәт ақындарымыздың шабытына шабыт қосты. Бүгінге дейін порталға 25 ақынның өлеңі келіп түсті.
Интернеттік мүшәйра болғандықтан, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының шешімінен бөлек, сайт оқырмандарының да пікірі ескерілетін болады. Сондықтан да, құрметті портал оқырмандары, поэзия бөліміндегі ұсынылған өлеңдердің ішінен өздеріңізге ұнағандарына дауыс беру арқылы сіздер де жыр дүлдүлдерін анықтауға үлес қоса аласыздар. Massagan.com порталында төмендегі тізімдегі ақындарға дауыс беру жалғасуда:
• Камал Әлпейісова, «Олимпиадашыларға тілек» , «Олимпиада чемпионы Зүлфияға»
• Руслан Нұрбай, «Мәртебелі үміт», «Қанатты қазақ»
• Әскерхан Ақтай, «Елік-арман», «Алтын тұмарлы сұнқар»
• Мейірхан Нағашбекұлы, «Елдің даңқын асырған», «Әр күн сайын – бір алтын»
• Бақытбек Бәмішұлы, «Қазақ елінің олимпиадашыларына», «Ата жолын қуғандар»
• Зеберкүл Кеңесқызы, «Қазақстан қырандары», «Лондонда алған асулар»
• Ақылбек Шаяхмет, «Олимпиада алауы», «Жарайсыңдар, қыздар!»
• Жұман Бөрібайұлы, «Елбасының батасы жолын ашсын», «Рекордтар жаңарады, түрсең білек»
• Жангелді (Жан сері) Немеребаев, «Ер ұлан», «Алтын алған саңлақтар»
• Әлібек Шегебай, «Алтын», «Толағай»
• Бақыт Жағыпарұлы, «Жеңімпаздарға»
• Жұлдыз Қазиханқызы, «Тағзым немесе Бекзат рухымен сырласу»
• Темірхан Қыстаубайұлы, «Темзамен тілдесу», «Сыр саңлағы»
• Әлішер Әлімжан, «Қазақи жұдырық», «Толағайлар»
• Бертай Төкеев, «Олимпиада чемпионы Зүлфияға»
• Айжан Табаракқызы, «Олимпиадаға қатысушыларға», «Қайрау»,
• Тайыржан Оразхан, «Ауыр атлеттерге арнау», «Ильяға арнау»
• Зікіра Қожаев, «Қазақстан түлегі»
• Жеңісбек Сабрайым, «Оу, көзіңді аш, қара, жұртым: Қазақ анық, қара!»
• Махмұтбай Әміреұлы, «Көк туды желбіретіңдер», «Зүлфия», «Илья»
• Ахметұлы Бейсен, «Қазақпен күллі әлем санасуда!», «Желбіре мәңгі, Көк туым!»
• Ләззат Мақаш, «Жігерлендіру», «Ананың монологы»
Massagan.com ұлттық порталы мен «Алтын қазына», «Жігер» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырған «Ердің жеңісі – елдің жеңісі» атты мүшәйраның қорытындысы 16 тамыз күні сайтта жарияланатын болады.
Ұйымдастыру алқасы
Микроблогтағы жыр
Қазақ айтыс өнерінің аламанында талай мәрте топ жарған Дәулеткерей Кәпұлы – жазба поэзияда да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талантты ақын.
Моңғолияның Баян Өлгий аймағында туған қандасымыз 1992 жылы Атамекенге қоныс аударғалы бері еліміздің әдебиет пен өнер саласында шығармашылық жемісін беріп келеді. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, бірнеше жыр жинағының авторы Дәулеткерей ақынның қазақы иірімдерге толы өрнекті өлеңдерін ғаламтордағы бірқатар сайттан да тауып оқуға болады.
sahar.0@mail.ru
Жота кездім, жүдедім,
Қыр басына түнедім.
Балбал тасқа бас сүйеп,
Қалғып кетсем – тілегім.
Таң нұрына боялсам,
Күнге құшақ жая алсам.
Балбалтастың жүрегі
Бүлк еткенде оянсам.
Балбал тасым – бал бөбек,
Саған да әлди ән керек.
Құсасы ма бабамның:
Құлағымда зар бөлек.
Балбалым-ай, мұңлығым,
Көк Тәңірге құлдығым.
Туған жерге сен ғана
Байлап қойған кіндігін.
Құлағымда – мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
...шекесін кеп қасып тұр
Жұртта адасқан бір құлын.
SMS Айтыс
Студенттер айтысы
Қазіргі электронды ақпараттық технологиялар дамыған кезеңде ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып, sms-айтыс жүргізу дәстүрге ене бастады. Осы үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің, Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың, Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің ой жарыстырған өзара sms-айтысы мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысхан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Sms-айтыс» айдарында бүгін жас ақындар, қазірде студент атанып жүрген Әуезхан Сырым мен Жәнібек Бейбітов екеуінің ой жарыстырған жазбаларын ұсынып отырмыз.
Жүрсіннің жас жүйріктерінің бірі Әуезхан – қалалық, республикалық айтыстардың жүлдегері. Бүгінде Астана қаласында тұрады.
«Жастар жырлайды» тележобасы арқылы көпке танылған ақтөбелік Жәнібек те – бірқатар жыр додасында жүлдеге іліккен ақын.
Жәнібек:
Кенде емес ауызға да, мұрынға да,
Түрiң дара болғанда, тiлiң дана.
Айтыста талайларды
шаң қаптырған,
Ассалаумағалайкүм, Сырым бала.
Сырым:
Жалтақ көз, жарғақ құлақ,
жарық ерін,
Өзіңнен басқа жанның бәрі керім.
Ап-арық суға салған шүберектей,
Уағалейкумассалам, Жәнібегім.
Жәнібек:
Екеуміз қара өлеңмен
қаулайық қардай,
Жаман сөзді айтпайық
жауға айтқандай.
ҰБТ тапсырдың ба аман-есен,
Ұлы Отан соғысынан
сау қайтқандай.
Сырым:
Мен өттім, себебі ұлмын,
пайымым нық,
Бірақ суға батырды қайығын жұрт.
50 балдан өте алмай опат болған
43 мың «сарбаздан» айырылдық.
Жәнібек:
Iнiм ең танытпаған жаман қылық,
Мектептi де бiтiрдiң санап жүрiп.
Ендi сен де студент боласың ғой,
«Роллтонды» ұлттық тағам қылып.
Сырым:
Жүрермін университет төрінде мен,
Айтармын студент боп
көңілді өлең.
«Роллтон» жесем, жеймін ғой,
айтшы, бірақ,
Қалай екен студенттік өмір деген?
Жәнібек:
Тыным таппай жүрсе де жаным
бiр күн,
Студенттiк өмiрдiң заңын
бiлдiм.
Бiр балаққа екi қыр салып алып,
Бiр күнде екi қызға барып жүрмiн.
Сырым:
Екі қыр бір балаққа салып жүрсің,
Бір күнде екі қызға барып жүрсің.
Қыз да «екі», балақ та
«екі» болғаннан соң,
Сессиядан да «екілік»
алып жүрсің.
Жәнібек:
Артық сөз жараспайды асыл ерге,
Тоқтайық сондықтан да осы жерде.
Өмiрде табаныңыз тасқа тимей,
Өнерде домаласын тасың өрге.
Сырым:
Өзіңе шашу шашсам жырдан бүгін,
Інілік ілтипатты қылғандығым.
Алыстарды көруге шамам жетсе,
Ағалар иығында тұрғандығым.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақсы дүниелеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады.
құлаққағыс
Қазақстан Жазушылар одағының биылғы күзде өтетін кезекті ХІV құрылтайы қарсаңында жазушылардың телефон анықтамалығы қайтадан жаңаланып шығарылмақ.
Осыған байланысты Жазушылар одағына мүше қаламгерлер биыл 25 шілдеге дейін өздерінің тұрақты мекенжайлары мен телефон нөмірлерін, қажетінше ұялы телефон нөмірлерін де қоса одаққа хатпен немесе факс арқылы жіберулері тиіс.
Қаламгерлердің өздеріне қатысты мәліметтерді 8 (727) 272-62-93 нөмірлі телефонға хабарлап айтуына да болады.
Қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары» қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суретімен және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz), «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.
Бетті дайындаған: Алмат Исәділ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru