Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ эстрадасы жан-жақты жанрға сусап тұр
Арқырап арнасына сыймай тасып-төгіліп жатпаған суды өзен деп кім айта алады? Әрине, егер өзен мен көлді, дауыл мен желді ажырата алмайтын біреу болмаса. Дәл осы салыстыруды біздің эстрадамызға алып келсек, бізде қазір, рас, әнші де көп, ән де көп, таңертең бір топ құрылса,  кешке оның тарап та үлгеріп жатқан жайы бар. Былай қарасаңыз, дамып жатқан сияқтымыз. Бірақ мың ән болса, бәрі бір әуенде, бір сарында, тіпті сөздері де бірінен-бірін айырғысыз, бейнеклип сюжеттері де бір шеңберде, әншілердің де әйел жыныстысы «балдағы ханшайымға», ал ер кіндіктісі офис қызметкеріне ұқсап пиджакта сықиып тұрғанын ескерсек, онда өзіміздің тоқтап тұрған «көл» екенімізді мойындамасқа лаж жоқ.
Ал «өзен» қандай болуы керек? Жоқ дегенде Пугачевасы бар, Ротаруы, Бабкинасы, Лепсі, Шуфутинскийі, Тиматиі, Киркоровы, қала берді Сердючкасы бар Ресей эстрадасындай болуы керек қой. Мәселе бұл жерде олардың фамилиясында емес, әйтпесе бізде де әжептәуір аты шыққан әншілеріміз жетерлік. Біздің айтпағымыз, әлгі айтылған Ресей жұлдыз­дарының әрқайсысының өзіндік бір әлемі, өзіндік жолы, өзіндік стилі, өзіндік жанры­ның барлығы. Парқын білгенге жоғарыда аталған әншілер бір-біріне ұқсамайды ғой, себебі әркім өз жанрын тапқан, тауып қана қоймай, сол жанр, сол стильді қалыптас­тырып, соқпақ сала білген. Бірі поп жанрының белді өкілі болса, екінші бірі – рок, үшіншісі – R&B, тағы бір шоғыры – рэпті, бірі – шансон, бірі романс жанрла­рында бұрқыратып жатқан көршілес эстрадаға қарайық та, өзімізге қарайықшы. Бізде не бар, не жоқ? Не шамадан тыс көп, ненің орны ойсырап тұр? Қай жанрдың тіпті қажетті жоқ, қай жанр қазір қазақ эстра­дасында өз өкілдерін күтіп тұр? Бұл сұрақты біз кәсіби мамандарға қойып көрсек.
Жеңіс СЕЙДОЛЛА, композитор:
– Бізде, шыны керек, бүгінде бір ғана жанр бар ғой – той жанры. Және бір шындық, біз, жалпы, эстраданың о бастағы оригиналын жоғалтып алғанбыз. Эстрада бізге шетелден келген ағым ғой, ең алғаш ол қазақ даласына келген кезде біз өзіміз­ше қазақша сөз жазып, өзіміз сол эстрада ырғағына ұқсайтын әндер шығарып, кәсіби музыкамызды сол бағытқа қарай бейімдеуге барынша тырыстық. Дарынды композиторларымыз осы орайда жап-жақсы әндер де шығарды. Бастапқыда, шынын айтқанда, ол бір тосын көрінді, қазақ эстраданы бірден қабылдай алмады. 1985 жылдары біздің эстрадамыз барын­ша шетелдік нұсқаға, яғни эстрада деген түпнқұсқасына, яғни әлемдік деңгейге жақындады. Бірақ кейін біз соның барлы­ғын жоғалтып алдық. Ал қазіргі эстрада деп жүргеніміз, әңгіменің ашығы керек, қазақи әуеннен әріге аса алмайтын дүние. Біз тіпті сол баяғы қалыптасу кезін қайта бастан кешірудеміз.  Біздегі бүгінгі жағдай өткен ғасырдың 70- жылдарын елесте­теді. Сондықтан мен бүгінде біздің эстрада эксперимент үстінде дер едім. Ол әлі өзін тапқан жоқ. Сондықтан да бізде жанрлық түрлену жоқ. Алайда «жоқ» деген  «бол­май­­ды» деген сөз емес, ізденіс керек, әйтпесе бірізділік, бірсарындылық, «қа­рын тойса болды» деген қағидамен біз ұзаққа бармаймыз. Той жанрымен қалға­нымыз қалған.

Қуаныш МАҚСҰТОВ, ақын, бард:
–  Негізінде өнер дамуы үшін әр өнерпаздың өз лабораториясы болуы керек.  Ал бізде ондай жоқ, ешкім ізденбейді, бас ауыртқысы келмейді. Әнші өзінің интеллектісін дамытуы керек қой... Нағыз ізденіс деп мен мынаны айтар едім, әлемге әйгілі бір әнші: «Мен айына 400-дей музыкалық композиция шығарамын, бірақ бір жылда соның ішінен ары кеткенде бес-ақ ән таңдап аламын», – депті. Ал бізде қалай? Бір әнші студияға барып бес ән жаздырып алады, бітті, бес жылға дейін ол сол әнімен тойды да тоздырады, сахнаның да «тізесін шығарады». Өз бойынан өнер­дің ұшқынын көрсе бітті, бүгінде өнер­пазсымақтар әкімнің банкеті, әкім қатыса­тын концертті аңдып, сондай майшелпекті ешкімге бермеуге тырысады. Шыны керек, қазақ әнін, эстраданы дамытады деп үміт артып жүргендеріміздің шын сиқы сол, ол үшін ән – тауар, ол – тек өзінің тұтыныс құ­ра­лы, баюдың көзі. Ал осындай «банкеттік  мәде­ниеттен» құтылмай, біз ұзаққа бар­май­мыз. Себебі қалталылар өнерпаз атау­лыны лакей, қызметші, даяшының деңгейі­не түсіріп жіберді, ал бұл – үлкен трагедия! Өнердегі тұлғалық қасиет жойылды.

Түйін
Жанарсыз адам қандай күй кешсе, жанрсыз эстрада да дәл сондай мүсәпір хал кешіп аяныш туғызатындай. Бірақ бұл ретте айтарлықтай бір жайт, жанарсыздық – Жаратушыдан, ал жанр­сыздық – өз ізденісіміздің аздығы­нан. Өнерге келген әр адам «осыдан не алсам екен, қай жерінен жеп, байысам екен» деп емес, «мен не берем, өнерді қайтсем байытам» деген ойда болса, онда әлі де болса кеш емес...

Мәриям ӘБСАТТАР


Кино түгіл, клип түсіре алмай жүрміз
Шоу-бизнесте клип деген нәрсе бар.  Клиптің басты мақсаты – әннің мазмұнын тереңдетіп, табиғатын ашу. Екінші қосалқы мақсаты – әншіні таныту. Бастауын өркениетті шетелдерден алатын бейнеклипіңіз біздің мәдениетімізге 90-жылдар­дың ортасында аяқ басты.

Тұңғыш түсірілімдер
Егер қателеспесек, қазақтың тұңғыш бейнеклипі 1995 жылы Меруерт Түсіпбае­ваның «Қимай сені барамын» әніне түсірілді. Бірді-екілі кем-кетіктері болуы мүмкін, бірақ тұңғыш деп айтатын бейне­баянымыз осы екен. Сол алғашқы клиптер­дің тағы бірін бүгінде екіге бөлініп кеткен «Нұрлан мен Мұрат» тобы түсірді. «Жұлды­зым» деген әндеріне ресейлік шеберлерге түсірткен бейнеклиптері көпшіліктің көңі­лінен шықты. Көрермен қауым кішігірім кинокартина көргендей әсер алғанын айта кетуіміз керек.
Кішігірім кино демекші, клип түсіруге сол уақыттарда шағын бір  фильмнің қар­жысы жұмсалатын еді. Содан болса керек, әннің бейнебаянын қолы жеткендер ғана түсіріп, басқалары армандап жүретін. Және сол уақыттарда елімізде клипмейкер режиссерлердің болмағаны да анық. Со­дан болса керек, бейнебаян түсіргісі кел­гендер не Өзбекстанға, не Ресейге сабы­латын. Кейін өзіміздің режиссер­лер де біртіндеп түсіре бастады. Сол себеп­ті бағасы да біршама төмендеді. Қолжетім­ді болғасын әркім түсіре бастады. Тех­ни­ка­лық сапасы да, мазмұндық жағы да әрқилы. Көбісі сын көтермейді. Сын көтер­мейтін себебі сол, біздің әншілер клиптің жоғарыда айтқан екі мақсатының орнын ауыстырып алған. Негізгі мақсаты өзін таныту деп, ал әннің табиғатын ашуды екін­ші орынға қойған. Мұндай жерде жақсы нәтиже күтудің өзі орынсыз. Содан болса керек, өзін танытқысы келген, жұл­дыздыққа ұмтылған жас әншілеріміз камераның алдын босатпайды. Бірінші кадрда қара кәстөм-шалбармен ойланып отырса, келесі кадрда ақ шалбар, қызыл жейдемен аспанға қарап ән салып тұр. Әйтеуір, әнді айтып тұрған адам жылтыл­дап көріне берсе болды. Сол арқылы бірте-бірте көзайым болмақ. Осындай келең­сіздіктің нәтижесінде инкубатордың  балапандарындай бір-бірінен аумайтын клиптер эфирімізді жаулап алды. 
Келесі бір топ бар. Олар – аяққа тұрып алған әншілеріміз. Өздері танылған. Енді нені таныту керек? Сөйтсе, бір ғана нәрсе қалыпты. Ол, әрине, жиған-терген байлы­ғын көрсету. Клипі төмендегіше: қымбат шетелдік көлікпен келе жатады. Өзі терең ой үстінде. Жарын, бала-шағасын сағынса керек. Үйіне келеді. Былтыр ғана салып бітірген екі қабатты зәулім үй. Іші-сыртын жақсылап көрсетеді. Әнші көкеңіз көлігінен түскенде қолында гүл болады. Оны есіктің алдына шығып күтіп алған жарының қолына ұстатады. Бұл – енді барып тұрған өтірік. Қай қазақ күн сайын жарына гүл алып келеді. Кейде ғана болмаса, мереке күндерінің өзінде ұмыт қалып жататын гүлді беру бейнеклипті табиғилықтан алыстатады. Келесі кадрлар: баспалдақпен көтеріліп бара жатыр, айнаның алдында тұр. Бір кезде дастарқан басына отырады. Ең қызығы сол, дастарқандарының  жа­сан­дылығы көзге ұрып тұр. «Екеуміз мәңгі біргеміз» мағынасындағы әнге осын­дай түкке тұрғысыз бір ғана сюжет қолда­нады. Жарайды, әншінің ой-өрісі жетпесін. Сценарист қайда, режиссер қайда? Егер олар дені дұрыс сюжет таба алмаса, неге ақша алған? Онда оператор өзі-ақ түсіре бермей ме? Міне, біздегі осы сценарист пен режиссерлердің кемдігінен бейнек­липтеріміз сын көтермейтін жағдайда тұр. Оқиға құрғысы келгендердің өзі кейде жаңылып жатады. Сөзіміз құрғақ болма­сын, бір бейнебаянды мысалға келтіре кетейік.
Ән бөлек, бейне бөлек...
Қазақ эстрадасындағы көшбасшы топтардың бірі саналатын «Каспий» тобы Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған Болат Есмұхановтың «Жарығым-ай» әніне клип түсірді. Режиссері – Рашид-Адай Сүлеймен.
Әуелі әннен бұрын өлең туған. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деген Мұқағалидың бұл өлеңі жайдан-жай тумаған. Бұл – көңілі құлазыған, жаны ауырған сәттегі жүрегін толқытқан өлең. Лирикалық кейіпкер­дің бойындағы сезім тербелісін компо­зитор жақсы таба білген. Әр нота өз ор­нын­да тұр. Ал топтағы әншілердің орын­­дауы тіпті керемет. Әннің ішкі иірім­дері, дауыстың образға сай қойылуы – бәрі жоғары деңгейде. Ақын мен сазгердің айтпағын әншілер сәтті жеткізе білген. Бұл ән клип түсірілмесе де бағы жанатын ән еді. Бірақ бейнеклип түсірілді. Оның бағасы да қымбат болғаны көрініп тұр. Әр сәтті берудегі шеберлік, көріністі ойнату­дағы деңгей көңіл сүйсінтеді. Бірақ сол баяғы оқиға желісі бәрінің мәнін қашырып тұр. Бейнеклиптегі оқиға былай өрбиді: Бір жігіт түрмеден шығып келеді. Пойыздан түскен бетте аузындағы шылымын шертіп жібереді де, жаңа өмір бастамақ болады. Шылым мен арақтан аулақ болуға ант еткен түр танытады. Үйіне келсе, терезеле­ріне ағаш шегелеп тастапты. Есігінде құлпы тұр. Құлпыны ашып үйіне кіреді. Ешкім жоқ. Әйелінің бәрін тастап кетіп қалғанын біліп, күйіктен арақ ішеді. Иесіз үйде неғып тұрған арақ? Егер әйелі шынымен кетіп қалса, ана дүние-мүлік не үшін тұр? Кейіпкердің соған басы жетпейді. Араққа тойып алып үйдің ішіндегі заттарды түгел шағып біткенде екі шелек су көтерген әйелі кішкене баласын ертіп кіріп келеді. Сөйтсе, кетіп қалды деген әйелі бар болғаны суға кетіпті. Міне, біздің режиссер мен сцена­рист әйелі суға барып келгенше  күйеуіне арақ ішкізіп алқаш қылып жібереді. Әйелі күйеуінің арақ ішіп үйін қиратып тастаға­нын көріп, көзіне жас алады. Клип біткенде еріксізден мырс ете түсесің. «Трагедиялық клип емес, комедиялық клип көргендей күлгенім не?» дейсің. Бірақ бұл еріксіз күлкі еді. Бұл күлкі – сарказмның күлкісі. Болым­сыз оқиғаға, сценаристің шешіміне деген күлкі. Осы біз неге қасіреттің бәрін арақтан іздейміз? Және бұл ән қасіретті, қайғылы ән емес. Бұл – бар болғаны мұңлы ән. Мұң мен қасіретті ажырату аса қиын емес шығар. Мұқағалидың мұңына арақты таңғаны таңғалдырды. Неге біз осындай түсініктерден арыла алмаймыз?
Әр әншінің өз еркі қайда клип түсірсе...
Қазақ эстрадасындағы алдыңғы қатар­лы «Каспий» тобының түсірген клипі осы болғанда, басқаларынан не күтуге болады? Қазақ клиптерін түгендеп көріп шықсаңыз, бас-аяғы бес-алты сюжет бар. Барлығы соның айналасынан шыға алмайды.
Қайрат Нұртас пен Бейбіт Қорған ше­тел­ге барып клип түсіріп келді. Біраз басылымдар мұны халықаралық деңгей­дегі оқиғадай жарыса жазды. Көрдік. Сол клиптерді шетелде түсірудің не үшін қажет болғанын түсінбеген күйі қала бердік. «От, от жанары» деген әнге Дубайда түсірді не, Қапшағайда түсірді не, бәрібір емес пе? Бізде бір нәрсенің бағасын келесі бір нәрсе арқылы аспандатқымыз келетін түсінік қалмай келе жатыр... Қайрат Нұртас пен Бақыт Алтай да екі минуттық әнге клип түсіру үшін шетел асып келді. Бұл жерде де сол болымсыз суреттер. Бір жерінде билеп ән айтып тұр, екінші жерде қала аралап жүр.
Әрине, кім не істесе де өз еркінде. Өйткені не жа­саса да өзінің қаржысына жасап жүр. «Қазаншының өз еркі...» деген­дей, әр әншінің өз еркі болып тұрған заман. Біздің айтпағымыз – қолында осындай мүмкіндігі бар өнер иелері, сол өнердің бір саласының дамуына күш салса деген ой ғана. Сонда жұмсаған қаржылары желге ұшқандай болмай, игілікті болар еді. Жаман клип түсірсең де, жақсы клип түсірсең де, екеуіне кететін шығын біреу-ақ. Сол шығынды өзіңді танытуға ғана жұмсамай, қазақ өнерінің дамуына да үлес қосатындай етіп жұмсасаң, сол пайдалы емес пе? Қазірге олай ойлай алмай­тын, ойлай алсақ та, іске асыра алмайтын болып тұрмыз.
Бейбіт САРЫБАЙ


«Новая волна» жеңісі бұйыра ма?

Алдағы сейсенбіде Юрмалада басталатын «Новая волна-2013» танымал музыка жас орындаушыларының халықаралық байқауы 16 сайыскер арасында өтеді. Биыл қазылар алқасында ресейлік музыканттармен бірге әйгілі Тото Кутуньо да болады. Ал Қазақстанның атынан байқауға ADAM атты сахналық образы бар Дәурен Оразбековтің қатысатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Байқау шілденің 23-28-і аралығында өтеді. Алғашқы күні ашылу салтанатына арналған ауқымды концерт болады. Онда посткеңестік кеңістіктің Иосиф Кобзон бастаған танымал таланттары өнер көрсетеді. Бұл кештің арнайы қона­ғы – франциялық-канадалық әнші Гару. Келесі күні сайыстың «Әлемдік хиттер күні» аталатын алғашқы сыны болады, конкурстық кезеңнен соң Испанияның атақты әншісі Хулио Иглесиас пен әлемдік операдағы интернационал квартет – Il Divo концерт береді. Байқаудың бұдан кейінгі күндері сайыскерлер үшін өз елінің хиттері мен жаңа авторлық әндерге арналады. Үшінші сында қазақстандық ADAM композитор Құрмаш Махановтың әнін орындайды. Бұл күні сайыскерлерге Лара Фабиан өз өнерін ұсынады. Шілде­нің 26-сы күні «Дзинтариде» Леонид Агутиннің шығармашылық кеші өтеді, сонымен бірге байқау болатын күндері жағажай футболынан кәсіби командалар арасында және сайыскерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары арасында дәстүрлі турнир, сондай-ақ теннистен сайыскер­лер мен кәсіпқой теннисшілер арасында турнир ұйымдастырылады. Байқау шілденің 28-і күні қорытындыланады. Бұл күні сайыс жеңімпаздарының есімі жария етіліп, марапатталады. Ресей эст­ра­дасы жұлдыздарымен бірге әлемге әйгілі италиялық тенор Алессандро Са­фи­на мен Франция классикалық крос­соверінің өкілі Эмма Шаплин ән салады. Бес күнге созылатын ән мерекесін Қа­зақстан үшін трансляциялаудың оңаша құқығы «Жетінші арнаға» тиесілі. Айта кетейік, шілденің 12-16-сы аралығында Беларусьтің Витебск қаласында дәстүрлі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі өткен болатын. Бұл байқауда еліміздің атынан жас әнші Бердібек Құл­ғараев бақ сынап, жетінші орынды ие­ленді.
Болатбек МҰХТАРОВ


• Дін және ән  
Илаһи әндерді орындауға не жетеледі?

Ән – әншінің көңіл күйі ғана емес, қоғамның өмір күйі де. Бір кездері «Партия қайда болса» немесе «Батыр бала советтік жас пионер» деп шырқасақ, енді бүгін «шүкір, шүкір, Аллаға шүкір» деп, тәубемізге келіп, тәспі қағып кеткен де жайымыз баршылық. Бұл жақсы, жаман деп жатқанымыз жоқ. Алайда ән мен дінді тоғыстыру қаншалықты дұрыс? Жалпы, илаһи әндерді эстрадаға алып келудегі әншілердің көздегені не? Біз осыны әлгіндей әнді орындап жүргендердің өзінен сұрасақ.


Айдар БАЙЖАНОВ, «Жігіттер» квартетінің әншісі:
– Біздің дін тақырыбында орындап жүрген бір әніміз бар. Ол – «Дүние – керуен» деп аталады. Әрине, бұл әнді халықтың санасына ықпал ету, оларды, әсіресе жастарды, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыру мақса­тында орындадық. Алдағы уақытта да осы тақырыпта әндер айту  ойымызда бар. Өйткені әрбір мұсылман бала­сының  Алладан қорқып, Оны үнемі еске алып, құлшылық жасап жүргенін іштей тілейміз. Өзіміз де шамамыз жеткенше Алланың бес парызын орын­дап, намаз оқып, ораза ұстауға ниет етіп жүрміз. «Алланы сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа?» деп жырлады емес пе Абай хакім.


Эльмира ЖАҢАБЕРГЕНОВА, мәдениет қайраткері, жыршы:
– Хақ дініміз – ислам тақырыбында ән айту қай уақытта да артықтық етпейді. Әнді харам дейтіндер бар. Бірақ ол, меніңше, жаңсақ пікір. Жалған сөз. Неге десеңіз, ән-жыр дегеніміз, ол – халықты тәрбиелеудің бірден-бір құралы. Оны жеткізу – жыршы ретінде менің де тікелей міндетім.

Өскелең ұрпақ үшін шайырлардың сөздеріне өзім мақам жазамын, оның ішінде,  әрине, дін туралы да айтылған сөздер бар. Бірде Америкаға барғанда елімізден асырап алып кеткен сондағы балалармен  кездесу өтті. Сонда жан-жүрегім езіліп, өзімнің ішкі толғанысымды мақаммен сыртқа шығарып, Қарасақал Ерімбеттің «Жадыңа неге алмайсың?» атты жырына мақам жаздым. Мақам мен сөз үйлесімділік тауып, тіпті бір адамдікіндей болып кетті. Мұнымен айтпағым, «Діңгегіміз – дін ислам» деп өткен бабаларымыздың, шайырларымыздың өсиеттерін жалғай білсек, бірлігіміз нығайып, тірлігімізге Алла береке берері анық.


Құрмаш МАХАНОВ, әнші:
– Исламға бет бұруыма өзімнің әпкем Мәдина ықпал еткен. Аллаға шүкір, содан бері осы жолда ізденіп келемін. Талай діни кітаптарды ақтардым. Жұма намаздан қал­ған емеспін, 2007 жылдың желтоқсан айын­да қажылық парызымды орындап, Меккеге барып келдім. Араб тілін үйрену үшін Мысырда да болдым. Араб тілі – діннің, Құранның, Пайғамбарымыздың тілі ғой. Сондықтан мұсылман болып туылған­нан кейін өз дінімді түсіну үшін де осы тілді игерген дұрыс деп санадым.

Ал әнге келсек, дін тақырыбында ән ай­ту­ды да мен өзімнің парызым деп санай­мын. Өйткені ән арқылы да талай жүрек­тер­ді дұрыс жолға салуға әбден болады деп ойлаймын.
Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ

Бетті дайындаған өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста