Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Балқадиша ШАЛға ұзатылған ба?
Пах, шіркін! Жүрісінің өзі көрген жұртты тамсандырып, «бұралған белі нәзік тал, ал өзі бал» Қадиша қыздың сексен бестегі шалға ұзатылғаны жайлы әнді естіп, егілмеген қазақ жоқ шығар?! «Ажары айдай сұлудың базары тарқаған қарияға ұзатылғаны несі?» деген сауал әнді естіген әркімнің көкейінде тұратын. Бірақ «Расында, солай ма?» деген екінші жағына ой жүгірте бермедік көбіміз. Бәлкім, ол әннің жиі орындалмауынан да шығар... Жалпы, ән қашан шықты, қай кезден бері ел арасында айтылып, нақты қандай әнші жұртқа жеткізді, содан бері неше орындаушысын өзгертті? Ән жайлы ақиқатты іздесек...

Авторы әрі алғаш орындаушысы –  Ақан сері
Жалпы орындаушылар: Сонау ХІХ ға­сыр соңы, ХХ ғасыр басында Әміре Қа­шау­баев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жү­сіп­бек Елебековтер орындаса, бүгін­гі­лер­ден Қайрат Байбосынов, Рамазан Стам­ғазиев, Гауһар Әлімбекова, «Жігіттер» то­бы әйгілі әнді өз репертуарларына қос­қан.
Алғаш хатқа түсірген: 1988 жылы Қайролла Жүзбасовтың құрастыруымен «Өнер» баспа­сы­нан жарық көрген ән­жинаққа «Балқади­шаның» үш нұсқасы енген. Ал, жалпы, әннің 90 шумағы болыпты. 
Тарихы
1-нұсқа: Бір сапарында Ақан сері Қа­ра­уыл Шәкейдің Ыбырайының қызы Бал­қадишаны ұшыратып калады. Бір көргеннен-ақ қыздың мінез-құлқы, әсем көркі, әдептілігін байқаған сері оны қа­сынан жібергісі келмейді. Бірақ қыздың жеңгесі «қайталық» деп қайын сіңлісін түрткілеп болмай қояды. Екі оттың ара­сын­да қалып мазасызданған Балқадишаның кү­йін сезген Ақан сол мезет:
«Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Есіл­­ді өрлей біткен тал Қадиша.
Жең­­­геңіз қайталық деп асығып тұр,
Рұқ­­сат бізден сізге, қарағым, бар,
                                                       Қадиша»,

– деп табан астында өлеңмен амалсыздан рұқсат беретінін білдіреді. Мұнда мұң, қасірет, өкініштен бө­лек, ашық-жарқын көңілділік, ой­на­қы­лық басым.
2-нұсқа: Құлагердің өлімі бар т.б қай­ғыдан құсалық кешіп жүрсе керек, ел ау­зында Ақан туралы «жын-пері қағып ке­тіп­ті» деген секілді алыпқашпа сөздер тарай бас­тайды. Сол тұста сері жолы түсіп, Ыбырай деген алты Алашқа аты мәлім кісінің ауы­лына түссе, әлгі жел сөздің кесірінен қыздар жа­ғы Ақанның қасына отырудан үркетінін сез­діріп қойыпты. Сонда жалғыз Қадиша ға­на сері ағасының жанын жатсынбай оты­рыпты. Ақан риза болса, серінің жанында отыр дегенді естіген ағалары қызды алып қайтуға жеңгелерін жі­беріпті. Бірақ қыз қоз­ғалмай, таң атқанша отырыпты. Қыз қай­туға оқталғанда, қимастығы оянған Ақан қара домбырасын шертіп кеп жіберіп, көмейдегі жырды төгіп салыпты.

Күмәнді тұсы
Әннің «күйеуің сексен бесте, шал Қадиша» деген жолдары дү­дәмал болса керек. Расында, ақсақал айттырып, кейін Ақанның жанында отырғанын естігенде «қызды қайтарыңдар» деген екен, бірақ...

Ақиқаты
Ән кейіпкері керім қыз Сүлеймен деген текті атаның баласымен отау құрып, үш қыз бен екі ұлдың анасы атаныпты. Қадиша апамыз 1953 жылға дейін өмір сүрген.


«Өзіндегі өнерді емес, өнерден өзін көргісі келетіндер көп»

Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
Мұздаған жүректерді әнімен жылытып, сондай-ақ қазақ әнінің бояуын да сол қалпында сақтай білуімен ерекшеленетін әншілердің бірі – Жексеннің Жұбанышы. Кейінгі кезде ұлттық арнаның төрінен «Ән жұмбақ» арқылы  көрініп жүрген әншінің жұмыс графигі тіпті тығыздала түссе керек. Әйтсе де соның арасынан уақыт тапқан Жұбанышпен әңгімеміз пікірқайшылықпен басталып кетті.

– Бүгінде бірқатар журналистер ма­ған өкпелеп жүргенге ұқсайды...
– Неге?
– Әншілікті қойып, тележүргізуші болып кеткенім үшін (күлді). Қазір әншілердің ішінде тележүргізуші еместері аз десек дәлірек болар. Ал өз басыма келсем, маған «Ән жұмбақты» жүргізген ұнайды.
– Жүргізушілік жөніне ойысып кеткесін, әнші ретінде өзіңіз жүрген орта, эстра­да­ның жайынан не түйгеніңіз бар? Дамуды сезесіз бе, әлде...
– Даму секілді көрінетін кері кету бар ғой біз­де қазір. Сөзі қазақша болғанымен, әуені бө­тен әндер өте көп. Бүгінгі эстраданың про­блемасы да – сол. Мысалы, дін қанша за­ман­нан бе­рі бар болғанымен, жастары­мыздың дәл қа­зіргідей дінге қатты беріліп кеткен кезі бол­маған шығар, сірә. Егер білімді діндар болса бір­сәрі ғой, мәселе өзі шалажансар бі­лім­ділер дін­ге кірсе, ең қауіптісі сол ма деп қалдым. Му­зыкадағы бүгінгі жағдай да тура осы секілді. Қа­зақ әнінің ұлттық өзегінен ажы­рап қалуына ба­рынша ықпалын жасап жатқан сол му­зы­кадағы «дүмшелер». Және бір қызы­ғы, бұл жай­лы ел де, әншілердің өздері де біледі, бі­рақ ешбірі ұялайын да, қысылайын да демейді. Өздерінше дінге ерген жастарға ұқсап, жас әншілеріміз де бір жаңалық жаса­ғы­сы келеді, бірақ оған білімдері, өрелері жет­пейді. Дүбара әндер, мінекей, осыдан туады. Жа­ңадан шыққан жас әнші жарқ етіп бірден шетелдік гармонияға бай әннен бастағысы келеді. Ешқашан олай болмайды, себебі ол үшін до-дан бастап си-ге дейінгі жеті нотаны басынан бастап оқып, меңгеріп шығу қажет.
– Жарайды, жас әншілер де­лік, ал енді өзіңіз де кезінде еліктеуге ерік беріп қойған жоқпын деп айта аласыз ба?
 – Ерік берген кездерім болған жоқ. Оған сенімдімін. Бірақ муз­ыкалық өңдеуі өте күшті болып, сөзіне аса мән бермей орын­дай салған әндерім бол­ды. Ол менің шамамен 21-22 жастағы кезімде. Ал енді қазір мен үшін ең бірінші орында әннен бұрын сөз тұрады. Ол менің есейгендігім,  өнер мен өмірде тәжі­ри­бе жинаға­ным­ның арқасы шығар. Себебі сөзі болмаса, әннің не керегі бар? Айта­рың бол­маса, құр әндеткеннен не пайда?
– Яғни сіз хитқа қызмет ет­пей­сіз, өнерге қызмет етесіз ғой, солай ма?
 – Хит ән жазуды ғана мақсат тұтқан әнші ұзаққа бармайды десем, әбес айтпайтын шығар­мын. Себебі «хит жазамыз» деп біз көбіне арзанқол дүниелерді шығарып, халықтың музыкалық талғамын төмен түсіріп аламыз. Себебі халық талға­мы­ның деңгейі біз жасап жүрген дүниелерге тіке­лей байланысты.
– Өз тыңдарманыңызды қандай топқа жатқызасыз? 
–  Менің тыңдармандарымның көбі – жігіттер, ер-азаматтар. Бұл –өзімнің байқағаным. Сосын жас шамасы 40-50-ден асқан апаларымыз. Жас қыздар аз деп мен қынжыл­май­мын да. Өз топшылауымша, ер жігіттерге  менің даусымның бояуы ұнаса, ақыл тоқтатып, кемелдікке жеткен әйел-аналар­ға менің әндерімнің сөзі ұнай­ды деп ойлаймын. Жасы 40-қа келіп қалған адам­дардың сөзге мән бермей құр дау­­рықпаға бе­рілг­ені, меніңше, ұят.
– Сіздің соң­­ғы жыл­дары шы­ғар­­ған «Ма­хаб­бат елі» әні­ңіз «Саз әле­­мі» бағ­­дар­ла­­ма­­сын­да әділ­­қа­зы­­лар та­­ра­пынан бір ауыздан керемет деп баға­лан­ғаны есі­міз­де, кө­рер­мен де да­уысты сол дең­гейден кем берген жоқ. Мұхтар Ша­ханов аға­мыз­дікі болса керек, әні де, сөзі де. Жалпы, ең соңғы әніңіз осы ма, әлде одан кейін де жа­ңа бір дүниемен жұмыс жасап жатыр­сыз ба?
– Мұхтар ағамызбен кейінгі кезде тығыз шығармашылық байланыста болғалы,  ол кісі маған өзінің 1971 жылы Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп жазған «Арқалықтың ақ таңы» атты әнін берді. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков аға­мыз Торғай облысының обкомы болып жүргенде, Шәмші ағамыз бен Мұхтар аға­мызды сол жаққа халықпен кездесуге ша­қы­рып, сол жерде ғана айтылып, кейін кеңінен тарамай қалса керек. Содан кейін тағы 1968 жылы Шәмші ағамызбен бірге жазған «Сүймегендер сағынбайды» атты әнді де қатар ұсынды. «Ар­қалықтың ақ таңын» жазып, бір-екі жерде орын­дадым, ал кейінгі әнді әлі жазу үстіндемін. Осындай дүние­лер­ден кейін орындаушының деңгейі кәдімгідей өсе­ді екен, қазіргі әуені де, сөзі де түсініксіз әндерді мүлдем қабылдай алмай қалады екенсің.
– Сөз соңы, қазіргі қазақ әншілерінің ең басты проблемасы не дер едіңіз?
–  Білімсіздік. Тіпті өзім жайлы да «керемет білімді музыкантпын» деп мақтануға тілім бармайды. Нағыз білімділер енді келе жатыр. Алдыңғы толқын ағаларымыз кеңестік билік­тің қанатының астында жүрді. Қазір олардың өмірлері кейбіреулерге керемет көрінетін шы­ғар, бірақ ол кісілер ұзын арқан, кең тұсауда болды ғой. Емін-еркін жүріп тұра алмады. Заман құрсауынан босаған кездері осы шығар. Бұл күнге жеткені де бар, жетпей, арманда кеткені де бар. Ол кезде әр әннің сөзіне, әніне қадалу болды ғой. Бір ғажабы дәл сондай шүйлігу, қадалу дәл бүгін керек секілді. Ұлт жа­нашыр­лары әр қазақ әніне қадалса, қазіргідей бей-берекетсіздік орын алмас еді. Қадыр аға­мыз айтыпты «Қазір өзіндегі өнерді емес, өнерден өзін көргісі келетіндер көбейіп кетті» деп. Өнері бар ма, дарынды ма, жоқ па, бәрібір, әйтеуір, Роза Рымбаева сынды нағыз өнер иелерінің қасында жүрсе болды.
– Яғни тобықтай түйін, қазір қазақ ән­ші­лерінің қарны ашып жүрген жоқ, білім­сіз­діктен қоғамға  опық жегізбесе деңіз... 
– Дәл солай.


Алашыңа ән сыйла!
Еліміздің еңсесін тіктеп, ру­­хын жігерлендіретін әнге бай­­қау жариялағанымыз оқырман қауымға белгілі. Осыған дейін Алашқа әйгілі Күләш Ахметова, Темірғали Көп­баев, Әлібек Шегебай сын­ды ақындарымыздың өлең жолдарын кеудесін күй кернеген композитор қа­уымның назарына ұсынсақ, енді бүгін электронды адресімізге хат арқылы жолдаған Дариға Нұрашеваның жыр жолдарын жариялаймыз. Автор жайлы аз-кем айтсақ, филолог маман, бүгінде Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданында аудандық мәдениет бөлімінің демалу  орталығының директоры қызметін атқарады.

Дариға Нұрашева

Көк туым

Қыран ғана қалықтайтын
                                          көгінде,
Заңғарлық бар қазағымның
                                          тегінде.
Нұрын шашып кең далама
                                жарқын күн,
Көгілдір Ту желбіреуі
                                        тегін бе!

Көгілдір Ту – көк байрағы
                                     даламның,
Тағдырыңа сенің мен де
                                       алаңмын.
Саған теңдес болмақ емес 
                                     ешқашан
Сұлулығы барша мынау
                                    ғаламның!

Қызықпайтын бізге елдер
                                     жоқ бүгін,
Өзіңменен биіктейді
                                   шоқтығым.
Қазақ деген ер халықтың
                                            бағына
Желбірей бер, желбірей бер,
                                     Көк туым!

Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, dariga-panorama@mail.ru адресіне хат жолдап, хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындарға да құлаққағыс!  


Melo`меn мейіріммен баурады
«Перзент арманы» деп аталатын жаңа бейнеклип тақырыбы – жетім балалар.  Жанары жаутаңдап әр жаннан өз ана­сы мен әкесін іздейтін жетімдік мә­се­ле­сін қазақ эстрадасына жаңалық қы­лып ашқан Melo`Меn емес, әрине.


«Анам болса кел­мей ме, бала­сын бір көрмей ме, ме­йір­лене құ­шақ­тап, бетінен бір сүймей ме» деп бозторғайға мұңын шаққан Мей­рам­бек­тің өзін бертінге дейін «же­тім екен» деп сеніп келді емес пе?
Сондай-ақ тағы бір жүректі шымыр­латар бейнеклип Ұлықпан Жолдасовтың «Сәби бақыты» атты әніне түсірілгені есте.
Міне, бүгін жап-жас та болса, әке мен аналық сезімді жүрек сүз­гі­сінен өткізген Melo`Меn-дік жі­гіт­тер.
Жігер Аупбаев, топтың мүшесі:
– Жетімнің басын сипаған адамның сан сауапқа кенелетіні біздің жа­дымыздан ешқашан шыққан емес. Сон­дықтан балалар үйіне барып, олар­мен жүзбе-жүз кездесіп, бейне­баян­ды түсірдік. Бірақ рөлге бе­кітілген Шер­хан мен Мүслім ба­л­алар үйінің тәрбие­лену­шілері емес. Кішкентай актер­лер! «Жетімін жылатпаған ба­ба­лар­дың ұрпағымыз ғой... Олардың «тас­танды» атану­ларына не жазықтары бар?» деп ойладым. Әке мен шеше қа­рауындағы балалардан айыр­­машылығы жоқ, әдемі, есті балалар екен..

«Өмірге келген әр сәби
                             біреудің ба­ласы,
Тағдырын бірақ таңдауға
                        жетпейді шамасы»,

– деп келетін ойлы да сезім тербер сөз­дер әйгілі ақын Ринат Зайытовтың жүрегін жарып шық­қан жолдар болса, әуе­ні Ұлықпан Жолдасовтікі. Режиссері – «Дру­гой» продакшнның режиссері Ва­ле­­рий Задарновский.


Ең бай қазақ жұлдызы кім?
Таңдаулы бестікті төменнен жоғары қарай өрбітсек:

5. Мақпал Исабекова, Ділназ Ахмадиева, FM тобы, Мәдина Сәдуақасова, Роза Рымбаева. Олардың жылдық табысы 250 000 $

4. Белгілі продюсер Баян Есентаева мен  «Наша KZаша» жобасы


3. Батырхан Шүкенов


2. «МузАРТ» тобы 800 000 $


1. Әсел Сағатова
Біркүндік киноға түсуіне 2 мыңнан 5 мыңға дейінгі АҚШ доллары көлемінде қаламақы алатын актриса сондай-ақ итальян кофе алқабының иегері болса керек. Жылдық табысы: 900 000 $

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста