Алаштың шоу-бизнесі
«МЕН – ЖЫЛҚЫШЫ, МЕН – ШОУМЕН...» дейді БАУЫРЖАН ФЕНОМЕН
Бір кездері «тойдан басқа түгіміз жоқ» деп, шоу-бизнестің шаңына да жете алмай, армандасақ, араға аз уақыт салып, қазақ өнер жұлдыздары шоуды да жасап, одан түскен пайдаға көлік пен баспана былай тұрсын, бизнес те ашып үлгерді. Сахнасын да, шаруасын да дөңгелетіп әкеткен әртіс әрі кәсіпкерлер көп. Біз оларға біртіндеп тоқталмақпыз. Тұңғыш кейіпкеріміз – Бауыржан-ШОУ. Неге? Себебі елімізде алғаш «шоу» терминін жекеменшік театр ашу арқылы жарқ еткізіп алып шыққан – осы бір тұлға.
SHOW
«Құдағи, бір партия» интермедиясындағы татар Қанафи құдасы әлі күнге жұртшылық арасында «хит» болып келе жатқан Бауыржан Ибрагимовтің қазақ сатира әлемінде алар орны ерекше. Әрине, бұл салада алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының жөні бөлек. Бауыржан Ибрагимовтің өзі де Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбековтермен қатар «Тамашаның» шинелінен шыққан. Сондай-ақ «Очи черные, очи страстные, у Муравей глаза очень страшные» деп ән салатын грузин-Бауыржан да әлі күнге көрерменнің көз алдында.
Сәулетші – қойшы – «Бухгалтер»
Бір қызығы, кішкентайынан ән мен жырға, тіпті суретке де әуестеніп, әйтеуір, өнер десе, елеңдеп тұрғанымен, үлкен сахнаға, соның ішінде актерлік әлеміне Бауыржан ағамыз түрлі тағдыр кешіп, адасып барып, әрең жетіпті. Архитектор оқуына түсіп, одан өзін таппаған соң, ауылға тартып тұрған жас дарынға Жаратқанның мейірімі түскен ғой, бір күні ауылға 60 жылдығын тойлап, Алашқа әйгілі актриса Шолпан Жандарбекова ат ізін салады. Бұл оқиға қой бағып жүрген бала Бауыржанның кеудесіндегі үміт шоғын қайтадан үрлеп кеп жібереді. Солайша, әртістіктің оқуына ақыры түскен Бауыржан екінші курсында-ақ «Тамашаға» алынады. Бірден өнерге келген құбылыс болып бұрқ ете қалмаса, біртіндеп өзін көрсете бастаған жас дарынның бірінші рөлі бухгалтер болса керек.
«Бауыржан-ШОУ» – 20-да
1992 жылдың 16 желтоқсанында елімізде ресми түрде жеке театр болып тіркелді. Алайда театр өз жұмысын бір жылдай дайындықты пісірген соң барып, 1993 жылы бастайды. Бұл негізі еліміздегі тұңғыш әзіл-сықақ театры болатын. Себебі «Тамаша» ойын-сауық отауы деп аталғанымен, телебағдарлама еді. «Бауыржан-ШОУ-дың» бірден ел-жұртты елең еткізгені – даусыз шындық. Әбеке, Қадырғали, Алмат, Қуандық, Ұлан, Нүрбек сынды жігіттермен қатар, Бақыт пен Қарагөз сынды қыздар түрлі типтегі кейіпкерлерді сомдағанда елдің езуі жиылмай, тіпті ішін басып күлгеніне өзіміз куәміз. Тіпті қазіргі «Нұр-Мұқасан», «Орда» топтарының алғаш осы «Бауыржан-ШОУ-да» негіздері қаланып, кейін жеке отау тіккенін де білеміз. Қазір жеке-жеке жұлдызға айналған Жанатбек пен Сәбит те осы құрамнан шықты дей аламыз. Ресми тіркелген уақытынан есептесек, биыл аталған театрға 20 жыл толыпты.
Қанафи құда қалай шықты?
Бауыржан десе, бірден құдағиын айналдырған татар құда еске түседі. Яғни Қанафи құда – Бауыржан Ибрагимовтің театрдағы төлқұжаты. Ал сол Қанафи ойдан шығарылған бейне ме, әлде өмірде прототипі бар адам ба? Бұл жөнінде Бауыржан ағамыздан сұрағанда, ақиқаты былай болып шығады. Қанафи – өмірде болған адам, яғни бала Бауыржанның ауылында әркімге жалданып, үй салып беріп жүретін мердігер болса керек. Күндердің күнінде әкесінің айтуымен өздеріне жалданған сол мердігердің қасында ала жаздай көмекші болып жүгіріп жүрген Бауыржан талай қызық әңгімеге қарық болады. Ол кезде бірақ Бауыржан бала өзінің болашақта актер болатынын да, қазір жас санасында соның алғаш дәні егіліп, өзінің тұңғыш комедия кейіпкерімен қатар отырғанын да сезбеп еді.
Бауыржан Ибрагимовтің тағы бір елді мойындатқан қойылымы – «Катюша». Ал кейінгі жылдары кемелдікке жаткен ағамыз елді күлдіре отырып, жылататын «Итпен сұхбат», «Балама хат» атты монологтарын шығарды.
БИЗНЕС
Өмір бойы нәпақасын өнерден теріп жүре бермей, кәсіптен де нәсіп іздеген ағамыз бүгінде жылқы шаруашылығының тізгінін ұстағанын біршамамыз естіп, құлағдар болып та үлгердік. Оған қоса бала күнде қой баққан тәжірибесі де бар, яғни ауылда малдың жайын көріп-біліп, шаруаны жүргізудің жағдайына кішкентайынан қанықтығы да осы қадамға бел буғызғандай. Өзінің алғаш қалай осы кәсіпке кіріскені жайлы әйгілі актер, сатирик ағамыз:
– Шаруашылық деген енді... ата кәсіп қой. Мен өзім, мысалы, ауылда өстім. Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында «Күйік» атты асыл тұқымды қой зауыты болған. Әкем – өмір бойы сонда жұмыс істеген, «Ленин» орденін алған адам. Қанша дегенмен, мал шаруашылығы қанымызда бар нәрсе ғой. Содан 1998 жылы Іле ауданынан шамалы жер алғанмын. Ешкімге керексіз болып, қараусыз жатқан жер екен. Сол жерге 16 бас жылқыны көшіріп апардым. Айдала. Жарық жоқ, су жоқ. Ол жерде тіршілік оянады дегеннің өзі бір ертегі сияқты нәрсе болып көрінетін. Бұрын құс фермасының қоқыс төгетін жері болса керек, аттарды жіберсек, аяғын кесіп кетеді, жарақаттайды. Сонымен, қойшы, әйтеуір, 1,5-2 бойы сол жердің темір-терсегін, қоқысын жинаумен болдық. Содан кейін барып қана ат қора, жұмысшылар тұратын үй салдық, свет тарттық, су шығардық. Мал өсіргеннен кейін жем-шөбін өзің дайындамасаң, шығыны көп болады. Сосын ауданнан сұрап, тағы жер алдым. Ол жер өнім беруі үшін жырту керек болды, жырту үшін трактор керек. Сөйтіп, трактор алдым. Егін еккеннен кейін оны оратын комбайн болмаса, тағы болмайды. Сөйтіп, комбайн алдым. Солай-солай бәрі құралды ғой, – дейді.
Жылқы мінезді, тұлпар секілді тектіміз дейтін халықтың ұрпағы Бауыржан кәсіпкер жылқымен қатар, ірі қараны да баптауға кіріседі. Ірі қара болғанда да «Әулиеата» тұқымды сүтті сиырлар. Бұл тұқым өзі кеңес өкіметі тұсында Украина мен Белоруссиядан алып келген қара ала сиырларды жергілікті сиырлармен шағылыстырып алынған. Жылқыдан аздап қор жинаған ағамыз әуелде-ақ Әулиеата сиыры мен бұқа, құнажындарын қосқанда 270 басын сатып алады. Тағы етті сиырлардан алады. Сахнада шоумен ағамыз – кәсіпте қып-қызыл есепші.
Етті сиырдың есебі
Әдеттегі сиырлардан 45 пайыз ет шықса, бұл тұқым 65 пайыз ет береді және бұқалары үш жасар кезінде 900 келіден кем болмайды. Сонда 900 келі бұқа 65 пайыз ет бергенде ол 585 келі болады екен.
Шынымды айтсам...
– Менде осы жұмысты жүргізіп жіберіп, шіріп байып кетсем деген ой әуелден болған емес. Қаладан шаршаған уақытта барып, демаламын, атқа мінемін деп бастағанмын. Бара-бара кеңіп кетті ғой.
Бізде өзі кеңес өкіметі кезінен қалыптасып қалған бір түсінік бар ғой: малшы ауыл десе, көз алдымызға бықып жатқан қораның іші, тоқал там, ескі-құсқыны иығына ілген қойшы елестейді. Мен ондай көзқарасқа үзілді-кесілді қарсымын. Менің мақсатым сол, қалада жұмыс істейтін адам мен менің шаруашылығымда жұмыс істейтін адамның арасында айырмашылық болмауы керек.
Айгyлде - бас жyлде
Осыдан 14 жыл бұрын алғаш қазығын қадаған «Боспорские агоны», қазақша айтқанда, «Боспор бәсекесі» атты көне өнерді паш ететін халықаралық театр фестивалі жайлы бүгінге дейін көбіміз бейхабар келіппіз. Олай ететін жөніміз де бар екен, себебі бұған дейін фестивальға Алаш даласынан ешкім ат ізін салмаған. Тұңғыш рет биыл бізден бақ сынауға барған әнші, актриса, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айгүл Иманбаеваның «А.И. музыкалық театр орталығы» ә дегеннен-ақ шашасына шаң жұқтырмаған күйі фестивальдің бас жүлдесін қанжығаға байлап қайтты.
Украинаның Керчь каласында өткен байқауға, осы елдің өзін айтпағанда, Ресей, Польша, Қырым Автономиялы Республикаларын және Қазақстанды қосқанда барлығы 10 шақты театр қатысқан. Бір ерекшелігі, мұнда қойылымдар Пантикапей қалашығының Митридат тауында орналасқан ашық даладағы амфитеатрда сахналанған. Бес күнге созылған фестивальға біздің «А.И.» театры соңғы күні шыққан. Сол себепті де ол мезетке дейін көрермен біршама елдің қойылымдарын тамашалап, тіпті бас жүлдені де соның ішінде Аристофанның «ЛЯ-ГУШКИ» комедиясын сахналаған А.В.Луначарский атындағы Севастополь академиялық орыс театрына (Украина) лайық деп танып та үлгерсе керек. Осы тұста Жан Ануйдың «Медеясымен» жарқ ете қалған қазақстандық «А.И. музыкалық театр орталығы» бірден көрермен назарын аударып қана қоймай, өздерінің актерлік шеберлігі, қойылымның режиссерлік шешімі және де музыкалық әрлеуі – барлық жағынан өзіне дейінгі спектакльдердің барлығын көмескілендіріп жіберген.
Ұйқыдан үнемдейік
Әдетте біз сұхбат алушыға өзіміз қоңырау шаламыз, өз бірлігіміз бен уақытымызды жұмсаймыз. Олай болса, бір мезгіл неге салмақты сұхбат берушінің өзіне салып көрмеске?! Онда да ұялы телефон арқылы. Яғни мұндағы мақсат – жұлдыздар өз бірлігін санай ма екен, жалпы, ақша, уақыт деген құндылықтарға көзқарасы қандай, осыны байқау. Әнге, өнерге қатысы жоқ сұрақтар арқылы біз мұнда өз кейіпкеріміздің адами портретін ашуды көздейміз. Ал кеттік!
– Алло, сізге бірлігіңіз қымбат па?
– Ұялы телефонның ба? Жоқ, мен оған ешқандай мән бермеймін. Жалпы, сұхбат не жайлы, қарындасым?
– Шынын айтқанда, бұл – әдейі осылай кейіпкердің өз қалтасына есептелген тест-сұхбат. Сізге қысқа сұрақтар қоя беремін, жауап берсеңіз болды.
– Қызық екен (күлді).
– Сіз үшін уақыттың құны қандай? Үнемдеуге де тырысасыз ба?
– Әр секунд, минутымды санап жүрмеймін. Бірақ мүмкіндігінше ұйқыны азайтуға тырысамын. Алайда біз музыкант болған соң, көбіне кешкі уақытта жұмыс істейміз де, кеш жатамыз. Дегенмен өзімді ертерек тұруға көндіріп бағамын.
– Неше сағат ұйықтайсыз сонда?
– 7-8 сағат жетеді.
– Ақшаға қалайсыз, осы? Жұмсауды ұнатасыз ба, әлде жинауды ма, көбейтуді ме?
– (күлді) Тура нақтысын сұрайды екенсіздер, иә? Қолға ақша түссе, ақшаны жұмсауды ойлайды екенмін, шыны керек.
– Қарыз аласыз ба, бересіз бе көбіне?
– Беремін.
– Қарыздарыңызды қайтара алмай қалмайсыз ба?
– Олай да болып тұрады, қазақпыз ғой. Кең болуымыз керек.
– Несие алғансыз ба, төлеп тұрасыз ба?
– Иә, төлеп бітірдік қой, әйтеуір.
– Бір тойда бір әннің ақшасын табасыз ба?
– Иә, табамын.
– Ақшаңыз артылса, не істегіңіз келіп тұрады?
– Туған-туыстарыма көмектескім келіп тұрады.
– Жан дүниеңізді немен байытасыз?
– Тек қана музыка тыңдаумен.
– Қандай да бір әуестігіңіз бар ма, бір нәрсе жинау, мысалы?
– Оншалықты әуестігім жоқ, бірақ шетелдерге шықсам, сол елдің туы, елтаңбасы мен сол елді еске салатын ерекше затын алып қайтамын. Сол – жинайтыным.
– Отаннан жырақ кеткенде ең бірінші нені сағынасыз, сізге не жетпей тұрады?
– Араласып, әртүрлі әңгіме айтатын адам жетпей тұрады, соны аңсаймын.
– Тағамы ше, тағамын сағынбайсыз ба?
– Сағынамын, бірақ қазір шетелде қандай тағам жегің келеді, соның бәрін де табуға болады.
– Қазақтың буы бұрқыраған ет тағамын да ма тіпті? Ол жоқ шығар әлемнің бар елінде?
– Әрине, дүниенің төрт бұрышынан таппайсыз. Бірақ ТМД елдері көлемінде Түркия секілді қазақтар тұратын елдерде бар.
– Өзіңіз қай елдің дәмін ұнатасыз?
– Тек өз елімнің, өз ұлтымның.
– Дәл қазір не ойлап тұрсыз, уайымыңыз бар ма қандай да бір?
– Елім аман болсын, той-томалақ ешқашан таусылмасын.
Портрет
Жеңіс Сейдоллаұлы – байланыс бірлігін санамайтын, жалпы, ақша емес, бірінші орынға адамгершілік пен арды қоятын жан. Сондай-ақ ол кісі осы қысқа уақытта өзінің атағы мен қызметін бәлсінбей, өзіне хабарласқан адамның сөзіне құлақ асып, әр сөзіне мән беріп, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтынын, барынша кең болуға тырысатынын аңғартып үлгерді.
АЛАШЫҢА ӘН СЫЙЛА!
Қазір әннен көп нәрсе жоқ. Бірақ дені «кешір, жаным, бағаламадым» секілді екеуара сезімнің ар жақ, бер жағында. Ал әскеріміз сапта «Жаулап алды махаббатты» хормен айтып жүр. Жүректі дір еткізіп, тұла бойды тітіркендіретін марш керек емес пе оларға?! Жалпы, «жылама, жаным» деп еңсені неге езе береміз? Рухымызды көтеретін кез жетті емес пе?! Асқар тауды асқақтатып, дарқан даланы биіктететін әндер неге жазбасқа?! Ерлеріміздің еңсесін көтеріп, егеулі найзасын қолға неге әпермеске?! Мәселе – аттандап жауға шабуда емес, Алаштың туын айбындатуда. Әннің құдіреті жетеді оған. Сондықтан «Алашыңа ән сыйла» тақырыбында біз әр апта сайын белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып отырамыз. Ал сіз соған ән жазыңыз. Өзіңіздің де Тіл, Діл, Ұлттық рух, Дарқан дала, Отан-Ана жайлы жырыңыз болса, жолдаңыз. Бастама ретінде біз талантты ақын Әлібек Шегебайдың өлеңін ұсынамыз.
Әлібек ШЕГЕБАЙ
Туған жер
Мен жаныммен сүйемін осы ауылды,
Мен қаныммен сүйемін осы ауылды.
Қалай ғана сүймейін,
Қалай ғана,
Кіндігіммен кессе ол тұсауымды?!
***
Сүйем оның құмын да, қыраттарын,
Сүйем оның қасиетті бұлақтарын.
Қалай ғана сүймейін,
Осы ауылдың
Бала кезде бір қызын ұнатқанмын!
Осы ауылда тербелген бесігім де,
Осы ауылда қойылған есімім де.
Араздасып қалғанда ара ағайын,
Ақсақалы жүреді кешірімге.
Көріп өстім таң атып, күн батқанын,
Көріп өстім тағдырлы мың қатпарын.
Қалай ғана сүймейін,
Бейіт болып
Осы ауылда жатыр ғой қымбаттарым.
Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, 8701-498-64-15 немесе 261-12-52 байланыс телефондарына хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындарға да құлаққағыс!
ТОРТҚА БАСЫЛҒАН ГАЗЕТ
Жылына бір рет келетін кәсіби мерекемізді әрі тартқылап, бері тартқылап, соңында қай күні тойларымызды өзіміз де білмей қалдық. Бірақ журналистер қауымының бірауыздан маусымның 28-ін қабылдап қойғаны рас. Жан-жақтан құттықтау хаттар, ақжарқын тілектер ағылып жатқанда, редакциямызға келіп жеткен бір ерекше сыйлық, шыны керек, мониторға шұқшия қалған басымызды еріксіз көтерді. Ол өткір тілді 31 арнадағы әріптестер тарапынан жіберілген ТОРТ еді. Креативті құттықтау иелеріне алғысымызды айта отырып, біз де «Алаш айнасы» ұжымы ақпарат майданында иықтаса, қатар шайқасып жүрген жауынгер әріптестерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Қаламымыздан қасиет кетпесін! Шабытымыздың шыңына ұшқан құс жетпесін, қадірлі қаламдастар! Тәуелсіздікті ту етіп, табысқа бірге жетейік!
«Алаш айнасы»
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru