Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Кино-прокат
Көрерменнің патриоттығы да керек
Прокат мәселесі тұрғысынан алғанда, өкінішке қарай, бүгінде өз киномыздың шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Қанша жерден жасырып-жабуға тырыссақ та, шетелдік заманауи блокбастерлердің отандық фильмдерді үлкен экраннан ығыстырып жатқаны ақиқат. Яғни көрермендердің көпшілігі кинотеатрларға өз киногерлеріміздің туындыларын емес, шетелдердердің шытырман оқиғалы фильмдерін, драмаларын көру үшін барады.
   Абай ОМАРОВ (коллаж)
Мұның сыртында әлемдік даңққа ие болып, атағы жер жарған фильмдердің көпшілігін ғаламтордан-ақ тамашалауға болады. Жұрттың жаңа фильмдерді кинотеатрларда емес, үйінде отырып ақысыз көруді артық санайтыны кино өндірушілердің қалтасына едәуір нұқсан келтіруде. Голливуд киноиндустриясына қарақшылық, әрине, айтарлықтай нұқсан келтіре қоймайды, өйткені олардың кино өнімдері төрткүл дүниеге түгел таралады және ұлан-ғайыр табыс әкеледі. Ал отандық өндірушілердің фильмдері өз еліміз бен іргелес мемлекеттер аясында ғана таралатындықтан, әрбір көрермен мейлінше қымбат, мейлінше бағалы. Бірақ жұртты жаппай кинотеатрға, онда да өз режиссерлеріміздің фильмдерін көруге тартудың оңтайлы жолын табуға ықыласты біреу жоқ.
Елдің қызығушылығын арттыру мақса­тында кинотеатр басшылығы коммер­циялық киноға, онда да америкалық бое­виктер мен комедияларға, блокбастер­лер мен мультфильмдерге көбірек салмақ са­лады және бұл өзін-өзі ақтайды да. Мы­салы, қазақстандық прокатта топжарған «Жалғыз рейнджер» фильмінің біздің ел аумағындағы жалпы кассалық түсімі бес аптаның ішінде 106 миллион теңгеден асып жығылған, тек 1-4 тамыз аралығында ғана 1,5 млн теңгеге артқан. Бұдан бөлек, осы уақыт ішінде аталмыш картинаның қазақ тіліне дубляждалған нұсқасы 513 мың теңге жинап үлгерген. Ал «Монстрлар университетінің» Қазақ­стандағы прокаты жеті аптаның ішінде 155 миллион табыс әкелген, осы фильмнің қазақша нұс­қасының өзі 2,6 миллион теңге жинаған. Сондай-ақ «Смурфики-2» анимациялық фильмі мен «Штурм Белого дома» боевигі және «С кем переспать» комедиясы прокаттың алдыңғы үштігіне еніп отыр. Одан кейін «Игра в правду» мелодрамасы, «Византия», «Ин­тер­вью с вампиром» фильмдері де Қа­зақстан прокатында үлкен табысқа жетуде. Өкініш­ке қарай, отандық жоба­лардың прокатта айтарлықтай жетістікке қол жеткізгені некен-саяқ.
Бір анығы, көрермен киноны отандық немесе отандық емес деп бөлмейді, бар болғаны сапалы дүние көргісі келеді. Осы жағынан алғанда, аудиовизуальды өнім­дерді ғаламтордан көруге, көшіріп алуға тыйым салу, жаза қолдану отандық киноөндірістің бәсін арттырып жібереді деп түсіну қате. Ғаламтор жүйесіндегі заңсыз контенттерді жою ел-жұрттың кино­театрларға баруын болар-болмас пайызға ғана арттыруы мүмкін, бірақ про­кат мәселесі мұнымен шешіліп кет­пейді. Кинотеатрға барғандар барады, бар­ма­ғандар бәрібір фильмдерді ғалам­тордағы арнайы сайттардан көру құқын сатып алып, компьютерге қадалады да отырады. Мұндай жағдайда қазақ­стандық көрер­меннің бойында патриоттық сезімнің оянуын тілеу мен отандық киноленталарды көруге, ел киноиндус­триясын қолдауға шақыру ғана қалады. Бізде әлемдік кино жауһарлары­мен терезе теңестіре алатын керемет кино түсіруге шығармашылық та, қаржылық та мүм­кіндік мол екендігін «Жаужүрек мың баланың» өзі-ақ дәлелдеп берді. Ең бас­тысы, көрермен қатары сейілмесін. Өйткені «тыңдаушысы жоқ сөз жетім» екені сияқты, көрерменсіз кино – тұл.
Құралай ҚОҢЫР


Кино-өндіріс
«Алшы» Бейжің төрін еншіледі
Қытайдағы бір жарым миллионнан астам қара көздің қазақ кино өнеріне үнсіз үлес қосып келе жатқаны белгілі. Шекараның арғы бетінде дүниеге келген «Жетім қыздың махаббаты», күні кешегі «Ақсарбас», «Көрікті мекен», «Гүлбике» фильмдері, міне, осы ойларға дәлел.

Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы бойынша 1999 жылы Украи­на­да түсірілген фильмге қатысқан Жанар Сағатқызы, Қытай Орталық кино­студиясы түсірген тарихи «Шыңғысхан» телесериалында маңызды рөл ойнаған Ержан Жандарке, «Гүлбикедегі» Әлімжан сынды кәсіби актерлер Қытайдағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қандас­тарымыздың даңқын шығарып жүр. Жуырда болаша­ғынан зор үміт күттіретін тағы бір жас ре­жис­сер Бейжің төрінде қазақ кино­сту­диясын ашты. Ол – Қайсар Қабдолдаұлы. Студиясының аты – «Алшы». Осы барыста ол өзінің таза қазақ тілінде түсірілген «Мұңлы күн», «Қайран әке» сияқты тәр­бие­лік мән-мағынасы терең, жастардың сана-сезімін ояту мақсатында түсірілген кино туындыларымен көрермен ықы­ласын иеленіп үлгерді.
Қазақтың кино өнерін өркендетуге атсалы­сып, өнерімен өзгелерді мойын­датқан ол Қы­тайдың астанасында тұңғыш қазақ кино­студиясының шымыл­дығын аш­ты. Биылғы жыл­ғы наурызда бой көтер­ген бұл шағын кино­студияның мақсаты – қазақ киносының шетел­дерге танылуына үлес қосу. «Ер туады еңіреп, елі менен жері үшін» дегенді жастайынан жүрегіне ұялат­қан азаматтың кино сала­сында тер төгіп жүргеніне төрт жылдан асты. Осы аралықта оның «Сауға» атты фильмі Бейжіңде өткен студенттер кино­фестивалінің алтын жүл­десін жеңіп алды. Қайсар Қабдолдаұлы сондай-ақ Қытайда түсіріліп жатқан көп­теген телесериал мен киноларда ат­қарушы режиссер болып қызмет етуде.
«Жақсы жігіт – жаныңа жолдас, жаман жігіт – малыңа жолдас». Басты міндет – пай­да табу емес, қазақ киносының мәр­те­бесін көтеру және қазақтың жоғын жоқтау. «Алшы» киносту­дия­сында бүгінде бірқатар маман бас қосуда. Тәжірибелі топ жиналып, қазақтың құндылығын дәріп­тейтін ұлттық үрдістегі жаңа туын­дыларды ойластырып жатырмыз. Әзірге қазақ кино­студиясының қоржы­нында бірнеше жар­намалық жоба және шағын фильмдер бар. Болашақта көлемді көркем жобалар түсі­ріп, Қытайда қазақ киносы­ның апта­лығын өткіз­бекпіз, – дейді Қайсар Қаб­доллаұлы.
Қытайлық мықты режиссерлер­мен бірлесе отырып қазақ фильмдерін әлем­дік деңгейге сай түсіруді көздеп отырған жас режиссер төл әде­биетіміздегі батырлар жыры мен аңыз-ерте­гілерді, қа­зақтың ірі тұлғаларын да кино тілімен насихаттап, қазақ мәдениетін әлемге та­ны­туды армандайды. Ол сондай-ақ бола­шақта ұлттық бояуы қанық мультфильм­дерді жарыққа шы­ғару арқылы бала­­­­­­лар­дың қажетін өтеуге ты­рыса­тындығын да жасырмайды.
Нұршат ТӨКЕН


Жаңа кино
Батыр жайлы фильм 4 сериямен шектелмейді

Танымал режиссер Ақан Сатаев көрнекті тұлға Бауыржан Момышұлы туралы фильм түсіруге кірісіп кетті.
Талғардағы, кезінде 316-атқыштар дивизиясының Талғар полкі жасақталған, №2 орта мектепте қазір түсірілім жүріп жа­тыр. Мектептің іші де, алдындағы алаңқай да соғыс жылдарындағы атмосфераны жақ­сы беріп тұр. Талғарда Бауыржан Момыш­ұлының генерал Панфиловпен танысқан сәтінен бастап батальон коман­дирі болғанға дейінгі кезеңі таспаланады. Ұрыс сценалары Минскідегі «Беларусь­фильм» кино­студиясында түсіріліп, бір­қатар көрініс пен көпшілік сахналарына белорус актерлері тартылады. Төрт сериядан тұратын бұл көркем фильм­нің негізгі желісі Александр Бектің «Воло­коламск тас жолы» атты кітабы бойынша құрылған. Сценарийді киноға лайықтаған – Тимур Жақсылықов. «Біз көрерменге қызықты болатындай бірнеше қосымша линия қостық. Бәрін мейлінше дәлдікпен, нақты жасауға тырысамыз. Бізге Бауыржан Момышұлының немересі көп нәрсе айтып берді, сондай-ақ басқа да кеңесші­лері­мізбен пікірлестік», – дейді Ақан Сатаев. Басты рөл – Бауыржан Мо­мыш­ұлының бей­несін жасау М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театры­ның 28 жастағы актері Еркебұлан Дайы­ровқа жүктелді. Сериалға байла­нысты іріктеуге келген бетте-ақ шығарма­шы­лық топ Еркебұланның ұлы қолбасшыға ұқсайтын­дығын аңғарған. Өзінің айтуын­ша, актер Момышұлымен ұқсастығы тура­лы бұрын ешқашан ойланбаған көрінеді.
Момышұлының сүйгені Жамалдың рөлін Әсел Сағатова ойнайды. «Бауыржан атамыздың жұбайын кинода кейіптеу – мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі ерекше адам болған. Әскери қызметкер ретінде ғана емес, сонымен бірге шығармашылық жағынан алғанда да өте талантты адам болғанына қарамастан, Момышұлының отбасы туралы әдебиетте аз жазылады. Осындай ерекше адаммен тізе қосып, өмір сүргеніне қарағанда, менің кейіпкерім – өте ақылды әйел. Мен ол кісіні ер-аза­матына шын берілген, мақсатына қол жеткізу үшін өз-өзін құрбандыққа шалуға дайын адам ретінде кейіптеуге тырыса­мын», – дейді Әсел.
Генерал Панфиловтің рөлінде – Виктор Ашанин, ал лейтенант Қасеновтің рөлінде Саят Есембаев ойнайды. Түсірілім жұмыс­тарына сондай-ақ Алматыдағы Лермонтов, Әуезов және неміс театрының әртістері қатысады. Режиссер фильмнің тек төрт сериямен шектеліп қалмайтынын айтып отыр. Яғни ол – төрт серияны бірінші мау­сымда тамамдап, артынша фильмнің түсі­рілімін ары қарай жалғастырмақ ниетте.
Көрермен фильмді алдағы жел­тоқсанның басында «Хабар» арнасынан тамашалайтын болады. Картинаны Sataifilm киностудиясы түсіріп жатыр.


Кино-кадр
Енді Дасти-Полейполемен достасамыз
Қазақстандық прокатқа Disney студиясының «Самолеты» атты жаңа мультфильмі шықты. Картинаның бюджеті 50 миллион долларды құрайды.

Дереккөздер бұл жаңа өнімнің кішкентай көрермендерді өз бойын­дағы үрейді жеңе білуге және алға қойған мақсатқа қол жеткізуге үйре­тетінін айтады. «Меломан» компа­ниясының кинопрокат жөніндегі жетекші маманы Нариман Әбиевтің сөзіне сүйенсек, мұндағы басты кейіп­кер – Дасти-Полейполе атты ауылшаруашылық ұшағы. Фер­маның осынау табанды еңбекқоры бүкіл­әлемдік сайыстарға қатысуды армандайды, бірақ биіктіктен қатты қорқады. Сондықтан жағдайға орай әуе жарысының іріктеу турына тап болған ол әскери авиация ардагері, отставкадағы ұшқыш Шкипердің көмегіне жүгінеді. Көреген тәлім­герінің көмегімен Дасти өз бойын­дағы әлсіздікті жеңе отырып, әлемге танымал чемпион Рипслингермен бақ сынасады, ал бүкіл дүниежүзі демін ішіне тарта отырып, әуедегі сайысқа көз тігеді.
Мультфильмді түсіру барысында авторлар ұшақты мұқият зерттеген деседі. Фильм режиссері Клей Холл жастайынан ұшақтармен әуестен­гендіктен, бұл соншалықты қиынға соқпаған да көрінеді. Авиацияға деген сүйіспеншілік оған АҚШ әскери әуе күштерінің ұшқышы болған әке­сінен дарыса керек, ал атасы аза­маттық авиацияда қызмет еткен. Ұшу сценаларын шынайы етіп көрсету үшін фильмді түсіруші топ нағыз ұшақтардың – «кукурузниктер» мен қос қанаты бір-бірінің үстіне орна­лас­қан ескі ұшақтың, тіпті теңіз ат­қыштарының даусын жазып алып, оларды фильмді дыбыстау кезінде пайдаланған. Жер шарын түгел айналып шығатын авиациялық жа­рыс маршрутын сауатты түрде әрі үлкен дәлдікпен құрастыру мақса­тында фильм авторлары кәсіби ұш­қыштармен кеңескен.
Фильм сюжеті кішкентай көрер­мендер үшін мейлінше қызықты. Ұшақтардың көпшілігін суретші-аниматорлар ойлап тапқан, бірақ кейбір персонаждар өмірде нақты бар ұшақтардың нобайын ішінара қайталайды. Мысалы, Дастиді жасау барысында суретшілер АТ-502, Cessna және ауылшаруашылық жұмыс­тарына арналған Dromader ұшағының моделін негізге алған. Аталмыш картина еліміздің кино­театрларында 29 тамыздан бастап көрсетіле бастады.


Кино-фестиваль
Пусанға біздікілер де барады
Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласында өтетін XVIII халықаралық кинофестивальға қазақ режиссерлерінің де фильмдері қатысады.
Пусан фестиваліне Қазақстаннан қатысатын картинаның бірі – Жанна Исабаеваның «Нағима» атты көркем фильмі. Жанна Исабаеваның айтуын­ша, ол бұдан басқа Gala Presentation және Торон­тода өтетін беделді кинофестивальға қатысуға шақырту алған. Алайда режиссер өз туындысының халық­аралық деңгейдегі алғашқы көрсетілімін Пусанның еншісіне қал­дырған. «Мен Пусан кинофестивалін жақсы көремін. Бізге осындай мүмкіндік бергені үшін қуаныштымын. Бұл киноны түсіруде бізде қаржылай дағдарыс болды. Алайда 12 адамнан құралған ұжым өз міндетін жоғары деңгейде атқарып шықты. Шығармашылық жағынан ешқандай да шектеу болмады. Туындыны небәрі 11 күннің ішінде түсіріп біттік», – дейді режиссер. Пусан кинофестивалінде қазақ режиссерлерінен Ербол Жұмағұловтың да «Кітап» атты туындысы бақ сынайды.
Халықаралық Пусан кинофестивалі 3-12 қазан аралығында өтеді.


Кино-қарақшылық
Заңсыз дискілер тәркіленді
Tengrinews.kz мәліметіне жүгінсек, құқық қорғау органдары Атырау облысында «Жұлдызға арналған коктейль-2» фильмі қарақшылық жолмен жазылған DVD-лерін қолға түсірді.

Shine Stars Production ЖШС бас про­дюсері Баян Есентаева Әділет депар­таментінің интеллектуалдық меншікті қорғау бөліміне аталған фильмнің аудио­визуальды дискілерін заңсыз таратуға жол бермеу туралы өтініш жасаған. Осыған байланысты жүргізілген тиісті тексерулер нәти­жесінде Атырау­дағы сауда нүкте­лерінің бірінен 270 аудио­визуальды және 58 ойын таспасы, соның ішінде «Жұлдызға арналған коктейль-2» фильмінің DVD-дискісі табылған. Кино­фильмді заңсыз тарату дерегі сон­дай-ақ Ақмола облысы ау­мағында да тіркелген.


Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста