Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Қарсы алыңыздар, Мұса ақсақал келе жатыр!
Ақ пен қара айқасқан мына жалғанда пайда емес, арды ойлап, адамгершіліктің ақ босағасынан бір адым да аттап кетпейтін адамдар бар, бірақ аз. Ондай жандар тіпті алтын мен күмістің үстінде отырса да, соның соқыр тиынына тиместен, қара нан мен қара суды қанағат қылып отыра беретініне күмәніңіз болмасын. Шыны керек, қазір қазақ қоғамы ең бірінші сондай адал, сөзі мен ісі бір, адамгершілікті ту еткен ақсақалға шөліркеп отыр. «Е, ондайлар қалды дейсің бе?» дейтін дәрежеге жеткеніміз өтірік емес. Расында, қазақта сондай ақсақалдар қалды ма? Қалса, қайда? Сүйінші! Біз дәл қазір жалпы көрерменге бар даусымызбен «Мұса ақсақал келе жатыр!» деп жар салғалы тұрмыз. Қадірлі оқырман, біз сіздерге сиясы әлі кеппеген «Бір кем дүние» кинотуындысының ақжолтай хабарын жеткізіп отырмыз.
Алла берген жалғыз ұлын өсіріп, өз ризық-несібесін ғана теріп жеп әдемі қартайған ақсақалдың ендігі бар арманы – немере сүю, ал ең ұлы мақсаты – қажы­лықты өтеу. Әрине, қаражат керек, онда да ол қандай қаражат деңізші, біреудің бергені не қарызға алған емес, яғни онда ешкімнің қиналысы, ешкімнің көз жасы болмауы шарт. Сол үшін Мұса ақсақал ертоқым жа­саса, қабырғасы – қара кемпірі сиырын сауып, сүтін сатады.

Оразхан СӘДУАҚАСҰЛЫ, Мұса ақсақал рөлінде:
– Шынымды айтсам, киносценарийді оқып шыққан соң ең бірінші «мына жігіт­тер мені рөлге алса, жақсы болар еді» деген ой туды. Неге десеңіз, мен Мұса ақсақалға ғашық болып қалған едім.

Қазақта Сәбира Майқанова, Әмина Өмір­зақова сынды ана образының жарқын үлгілері бар. Осы қатарға енді жаңа бір үлгі кеп қосылғандай. Қажып, шаршап, тиыннан ақша құрай алмай жүрген отағасын бір ғана көзқарасынан түсініп, «Шал-ау, үмітіңді үзбей, ұлыңа барып қайтсаңшы...» деген бір-ақ ауыз сөзімен дем беру – қазақтың ғана түсінігі мол аналарына тән қасиет. Біз­дің кейіпкер, Мұса ақсақалдың жары сол үдеден шығады.
Шолпан СІРГЕБАЕВА, Нұржібек апа рөлінде:
– Бұрын өзім Әмина сынды аналары­мыздың театрда не кинода ойнағанын көріп отырып,«мен осы кісілердей нағыз ана образын жасай алар ма екенмін? Сондай халге жетсем ғой, шіркін!» деп актриса ретінде армандайтынмын.

Алайда «ұлыңа барып қайтсаңшы» деген сөзге құлақ асып, қаладағы ұлының есігін қаққан ақсақал сол жолы неге немере сүйе алмай жүргендігін түсініп, сонымен қатар жалғыз тұяғы ұлынан тірідей айыры­лып қайтып еді. Дәлірек айтқанда, күдікті ақша үшін. Өзі өмір бойы адалдыққа тәрбиелеген ұлының үйінен бір шабадан ақша тауып алса, кез келген әке түңілмей ме? «Ендігәрі әке деуші болма мені» деген ең ауыр үкімін айту Мұса ақсақалға өзін өзі өлтіргенмен тең екені сөзсіз. Жүзінде тіршіліктің табы да қалмай, құр сүлдерін сүйрете кіріп келген отағасының бар қайғысын сол сәтте апамыз көрерменге өзінің көзқарасымен керемет жеткізе білген.
Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, Мұса ақсақалдың көршісі рөлінде:
– Бір күні маған  фильмнің продюсері Орынбасар қоңырау шалып, осы рөлді ұсынды. Неге екенін, әйтеуір, ә дегеннен-ақ ішім жылып сала берді. Қазақта мынадай сөз бар ғой: «Айға да жеттік, бірақ қазір көршінің есігін қақпайтын болдық», – деген. Ал бұл фильмде мен сомдайтын Жомарт көрші Мұса ақ­сақал­ға сырын да айтады, әкесіндей жақсы көреді, құрмет тұтып, ол кісінің адалдығы мен ақылдылығын арқа тұтады.

Азамат САТЫБАЛДЫ, Мұса ақсақалдың ұлы Қайрат рөлінде:
 – Орыстың Михалков деген режис­сері бар, өнерде өзін мойындатқан нағыз талант. Соның айтқаны бойынша, кино үш нәрседен тұрады: біріншісі – сценарий, екіншісі – сценарий, үшіншісі – тағы да сценарий. Маған сценарий бірден ұнады. Халыққа өте жақын.

Орынбасар БАЛТАБАЙҰЛЫ, фильмнің продюсері:
– Біз бұл туынды арқылы «нағыз қазақ ақсақалы қандай болу керек?» деген сұраққа жауап іздедік. Ойландық, қай жерде жүрсек те, басқаларға бай­қат­пай, әр қарияның бойынан осы бір қасиетті іздей жүрдік. Өзіміз ауылда өстік қой, сондықтан сирек те болса, бая­ғының сөзімен, ісімен елді жұмылған жұдырықтай етіп ұстайтын ақсақалдары­ның соңғы тұяғын көрдік, онымен қоса, кітаптардан оқығанымыз бар, осы ретте соның пайдасы тиді. Біз сондай бір ешкімнің ала жібін аттамайтын адал, дүниені тек табан ақы, маңдай термен табатын ақсақалды шығарғымыз келді. Енді оның шын бағасын көрермен берер.

Киноны көрген адамның бас-аяғы бір жарым сағат ішінде Мұсадай ақсақалды жақсы көріп қалмауы мүмкін емес. Сон­дықтан ол кісі өзі барынша ұмтылған қажы­лық сапарына қол жеткізсе деп тілеумен болады. Әсіресе атамыздың Иқрамды киіп көріп, бейне сол сәт өзін Меккеде жүр­гендей сезініп, бәйбішесімен екеуінің бала­ша қуанған сюжеті көрген жанды бей-жай қалдырмасы анық. Сондай-ақ фильмнің ең әсерлі тұсы – мешіт ішіндегі әке мен ұл арасындағы диалог. Алайда бір «әттеген-айы» – фильмнің ең шешуші тұсында кейіпкер образының толық ашылмай қалғандығы. Жауын астында өзінің өткен өмірінде жіберіп алған қателігімен бетпе-бет қалған қарияны көрсету арқылы режиссер, бәлкім, ақсақалды сол жауынмен бірге күнәдан арылғандай етіп көрсетуге ұмтылған шы­ғар. Бірақ ол соншалықты күнә дегенге кел­мейтін еді... Мүмкін, бір кем дүние деген сол шығар?

P.S.
Наурыздың 7-сінен бастап Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларының барлық «Кинопарк» желілерінде көрсетілетін «Бір кем дүние» көркем фильмін көруге асығайық!


Қазақ киносы – Ақтауда
Маңғыстау облысының орталығында қазақ киносының күндері өтіп жатыр. Жергілікті жұртшылықтың назарына «Қазақфильмнің» таңдаулы үш картинасы ұсынылды.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпанның 21-23-і аралығында Маңғыстау облысындағы қазақ киносының күндерін ұйымдастыру – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасы. Мақсат – қазіргі қазақ киносының жетістіктерін паш ету. Бағдарламаға Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы», Ерлан Нұрмұхамбетов пен Бегарыс Елубайдың «Аңшы баласы» және Қуат Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі енген. Мәдени шара кезінде жергілікті тұрғындар Ақан бұл картина­лардың режиссерлерімен және Асанәлі Әшімов, Асылхан Төлепов, Аян Өтеп­бергенов сияқты актерлермен кездесуге мүмкіндік алды. Сеанстардың бәрі Н.Жан­төрин атындағы облыс­тық музыкалық драма театрында көрсетіліп жатыр.
Болатбек МҰХТАРОВ


Дубляжға көңіл бөлінбей келеді
Голливудтық «Көліктер» мультфильмі түпнұсқадан бірден қазақ тіліне дубляждалған болатын. Оның артынан «Батыл жүрек» мультфильмі, «Қара киімділер» көркем фильмі дубляжбен көрерменге жол тартты.

«Көліктер-2» мультфильмінің қазақ­ша нұсқасына 25 000 адам келген екен. Көрермен қауым қазақ тілінде дубляж­далған фильмдерді жылы қабыл­даға­ны­мен, олардың кинотеатрларда көр­сетілу жағы мақтанарлықтай емес. Мә­селен, халық ең тығыз орналасқан Алматы қаласында «Қара киімділер-3» фильмінің 215 сеансы болған. Оның тек 29-ы ғана қазақ тілінде. Ол 13 пайызды құрайды. Оның өзінде «Қара киім­ді­лер-3» көруге қолайсыз уақытқа белгі­ленген. Яғни 25-і күні таңертең және күндізгі уақытта көрсетіледі. Тек екеуі ғана прайм-таймға бекітілген. Дәл сол секілді «Батыл жүрек» мультфильмі де Қазақстан бойынша 308 рет көрсетіліпті. Оның 65 сеансы ғана қазақ тілінде және еліміз бойынша тек 10-ы ғана прайм-таймда көрсетілді.
Дубляж тек өзге тілден қазақ тіліне аударып, дыбыстау ғана емес, ол ерін­дік, езулік, жақтың ашылуы, еріннің қоз­ғалысы дыбысталуымен сәйкес келгенде ғана дубляж болып есептеледі. Ал ондай нәтижеге жету оңай емес. Сондықтан шетел немесе отандық фильмдер тек аударылып, дыбыс­талады. Телехикаялар мен фильмдердегі он кейіпкердің бесеуін бір адам­ның дыбыстауы да – қаржы мен маманның жоқтығынан туындаған мәселе. Осы орайда дубляж саласының қыр-сырына жетік маман, жазушы Тұ­рыс­бек Сәукетаев: «Кино аудармасы деген – бөлек өнер, экрандық, ауызекі тіл. Біз ауызекі тілдің мәдениетін дамы­туымыз керек. Біздің көптеген мүйізі қарағайдай жазушыларымыз кино аудар­масына келгенде шорқақтап қалады. Бұл – оның табиғатын білмегендіктен. Сондықтан кино аудармашыларының арнайы мектебі болуы қажет», – дейді. Ол сон­дай-ақ «Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін танымдық, көркем, мульти­пликациялық фильмдердің барлығын қазақ­шалауымыз қажет» деген ойда. Бұл пікірдің жаны бар. Себебі соңғы 10 жыл ішінде кинотеатр көрермендерінің саны 12 есеге өскен. Кинотеатрға келушілердің 80 пайызы 30-ға дейінгі жастар екенін ескерсек, қазақ тілінде дубляждалған фильмдердің жастарды ана тілімізге баулуға таптырмас құрал екені сөзсіз.
Бір айта кетерлігі, дубляж мәселесі кезінде заң жүзінде де қарастырылған. Яғни ҚР «Мәдениет туралы» Заңына толықтырулар енгізіліп, киноға қатысты «Прокаттау мақсатында ҚР аумағына әкелінетін барлық фильмге 2012 жыл­дың 4 қаңтарынан бастап қазақ тілінде дубляж жасалуға тиіс» деп көрсетілген еді. Алайда күні бүгінге дейін тек бес туынды ғана қазақ тіліне дубляждалды.
Әсем ӘЛМҰХАНБЕТ


Тағдырды жеңген тұлға
Ол – тұла бойы қайсарлыққа толы, тағдыр мен адамның талқысына түсіп, зарыққан кездерде де сарыуайымға салынбаған от-жалынды тұлға. Ол – күллі қазақ халқы қадір тұтқан, «Халықтар достығы» ордені мен бірқатар медальдардың иегері, 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен  V Бүкілодақтық кинофестивальде «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай рөлі үшін «Драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  дипломымен марапатталған актер. Ол – Кененбай Молдабекұлы Қожабеков. Бүгінде көзі тірі болғанда ол 85 жылдық мерейтойын тойлар еді.

Мен оны Аэден, Айдар, Ғани, Нартай деп таныдым. Олардың сұлу бейнесі, маңғаз кейпі санамды жаулап алды. Осылайша көрерменді кейіпкеріне ғашық көзбен қаратып, жүрегінде сырлы сезім қалдырған актер жөнінде қаншама естеліктер, мақалалар жазылса да артық емес.
Шығармашылық жолын театрдан бастаған Кененбай Қожабековтің қадамы сәтті болғанына бүгінде көпшілік куә. Алматы театр училищесін бітіргеннен кейін, 1950-1961 жылдары аралығында ол Қазақ балалар мен жасөспірімдер театр сахнасында «Алдар көсе», «Біздің Ғани», «Ыбырай Алтынсарин», «Бүліншілік» т.б.қойылымдарында басты рөлдерді ойнайды.  Тума талантты актердің табиғи болмысы өзі сомдаған ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсарин, жас Нартай мен Аэден, Айдар бейнесінен алшақ емес. Азаматтықты, ерлікті, адами қасиетті жоғары қойған актер, жанрлық және сюжеттік мазмұны жағынан алуан түрлі шығармалардағы кейіпкерлердің  де бойынан рухани байлықты, адалдық пен мәрттікті іздеген сияқты.


Кененбай ағаның кинодағы алғаш­қы рөлі – «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэденнің қасқыр­мен алысқандағы жанкештілігі, ерлігі, «Шабандоз қыздағы» Айдардың нағыз жігітке тән қасиеті, «Біз Жетісуданбыздағы» Нартайдың қайтпас қайсарлығы көрерменді бірден тәнті етті. Мысалы, «Қыз Жібектегі» Сырлыбай мен «Менің атым – Қожадағы»  Рахманов образы Кененбай Қожабековтің табиғатына сәйкес­тендірілген іспетті. Актердің кейіпкерімен өзара үйлесуі, соның образына мейлінше енуі туындының бағын жандырғаны анық. Өнерсүйер қауым мұндай туындыны да, актерді де, кейіпкерін де ұмытпақ емес. Рас, тосыннан бақытсыздыққа ұшыраған кезде өнерден шеттетіледі. Алайда оның еңбек­қорлығын бағалайтын, талантына сенетін достары Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев киностудияға жұмысқа орналасуына көмектеседі. Сүйікті мамандығына қайта оралған актердің экранда дені сау адамның, ал былайғы өмірде ғаріптің күйін кешкені өзіне ғана аян. Десек те, ең жақын адамдарына ғана мұңын шаққаны болмаса, үнемі күлімсіреген кейпіне куә болғандар оның бойынан өрлікті, мәрттікті ғана көргендерін айтады.
Кино өнерінің тарихынан сүбелі орнын алған актерге айрықша дарын қонып, бақ пен даңқ бас игені анық. Ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінің көгіндегі жарық жұлдыз Кененбай Қожабеков болмысының зерттелмей жатқан қыр­лары әлі көп-ақ. Мысалы, актердің өнердегі, өмірдегі жолы, таланты, экрандағы бейнелерді жасау барысындағы шеберлігі жан-жақты зерттеліп, өнертанушы ғалымдардың, докторанттар мен магистранттардың, студенттердің еңбек­теріне тақырып болып жатса, құба-құп.
Мен Кененбай ағаны бақытты деп ойлаймын. Себебі жастайынан сахна төріне шығып, оны бағындырды. Актерлік жолын  алғаш театрдан бастағаны мәлім. Театр сахнасындағы рөлдерінің өзі – бір төбе. Дегенмен  халыққа кино арқылы танымал болды. «Жамбыл», «Қыз Жібек», «Біздің Ғани» сияқты басқа да көптеген үздік кинолардағы басты бейнелерді сомдады. Сұлтан Қожықов ағамыз оны барлық түсірілімдеріне қатыс­тыруға тырысатын. Өнер адамдарының басы қосылған ортада Кененбай аға туралы тек жақсы пікірлер айтылатын еді. Кененбай ағаның өнердегі орны Шәкен Айманов, Әмина Өмірзақова, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты өресі биік тұлғалардың қатарында  деп ойлаймын.
Сол 50-60 жылдары түсірілген кез келген қазақ киносын алар болсақ, Кененбай аға барлығында дерлік негізгі рөлдерді ойнады. Сондықтан ол кісінің қазақ киносының дамуына қосқан үлесі зор. Мысалы, «Біз Жетісуданбыз» – жанры бойынша тарихи фильм. Ол – тек қазақ киносының ғана емес, кеңес киносының тарихында қалатын туынды. Ал «Қыз Жібек» фильмінің алғашқы көрсетілімінен кейін Ресейдің сыншылары, кинотанушылары фильмге және актерлерге жақсы көзқарас­тарын білдіріп пікірлер жазды. Сонымен қатар фильм Қыр­ғызстанның Фрунзе қаласында қойылғанда халық кинозалға сыймай, даладан терезе арқылы тамашалағаны жөнінде де жазылды. Мұның бәрі режиссер мен актерлердің еңбегінің ақталғанын байқатады. Киноның да, қойылымның да аты тарихта, тіпті экранда қалуына тек актерлердің еңбегі себепші. Күні бүгінге дейін көрермені қай жастан болса да табылатын, сүйсіне көретін мұндай фильмдердің өмірі ұзақ болады.

Маман пікірі
Бауыржан НӨГЕРБЕК, киносыншы, профессор:
– Мен Кененбай ағаны екі-үш рет қана көрдім. Кино үйіне баласы арбасына отырғызып алып келетін еді. Алғаш кездестіргенімде оның арбаға таңылғандығын көріп таңғалдым. Ол ойнаған фильмдерді қанша көріп жүрсем де оны ғаріп деп ойламаппын. Мен Кененбай ағаны «кино өнерінің қаһарманы» деп есептеймін.

Роза САТЫБАЛДИЕВА, Астана


Прокат көшін «Жеңіс семсері» бастады
28 ақпанда биылғы жылғы алғашқы отандық фильм – шытырман оқиғалы балалар картинасы «Жеңіс семсері» прокатқа шығады.
Фильмді режиссерлер Ася Сүлеева мен Әнуар Райбаев өздерінің төл сценарийлері бойынша түсірген. Фильмде ойламаған жерден көне жәдігер – семсерді тауып алған Айтуар атты мектеп оқушысының хикаясы баяндалады. Семсердің артынша өткен заманнан бүгінгі күнге оның иесі – батыр да келеді. Мұның сыртында жеңіс символы болып табылатын осы семсерді жоңғарлардың қолға түсіруге тырысып жүргені анықталады. Жоңғарларға семсер ақтық шайқаста жеңіске жету үшін қажет. Жоңғар әміршісі өз бақсысына қандай жолмен болса да семсерді әкеліп беруді бұйырады. Сөйтіп, батырдың қыр соңына түскен бақсы да бүгінгі заманға тап болады. Одан әрі қарай кейіпкерлердің таңғажайып оқиғалары басталады.
Фильмге Азиз Бейшеналиев, Болат Қалымбетов, Жайдарбек Күнғожинов тәрізді экран шеберлері түскен.
Сонымен қоса, «Қазақфильм» кино­студиясы биылғы жылы тағы он шақты картинаны экранға шығаруды жоспарлап отыр. «Жеңіс семсері» фильмінің аяғын ала прокатқа толықметражды тұңғыш отандық анимациялық «Ер Төстік пен айдаһар» фильмі шығарылмақ.


«Коктейль» орысша сөйледі
Алматыда шетелдік фильмнің орыс тіліне толыққанды дубляжы аяқталды. «Коктейль» атты британ-үнді комедиялық мелодрамасы Лондонда 2011 жылы түсірілген, ал қазақстандық прокатқа биылғы жылдың 21 наурызында шығады.
Орыс тіліне толыққанды дубляж елі­мізде тұңғыш рет жүзеге асы­рылып отыр. Мұнымен «Cinema Tone Production» сту­диясы айна­лысты. Ол мұның алдында  «Батыл жүрек», «Көліктер-2» және «Қара киімділер- 3» анимациялық фильмдерін қазақ тіліне аударған. Картинаны дубляж­дау бір айға созылған. Фильмді хинди тілінен орыс тіліне тәржімалаған – Диана Сабазова. Басты рөлдерді дыбыстағандар – театр және кино актерлері
Сергей Никоненко, Анастасия Темкина, Наталья Лунина, Ольга Коржева, Ильяс Туманов және Алексей Кащин. Дубляждың режис­сері Илья Бисеровтің айтуынша, қазақстандық актерлер өздері дыбыстап отырған кейіпкерлерін жан-жақты аша алған.
– «Коктейль» – махаббат пен достық және адами қарым-қатынас­тардағы түсін­бестік жайлы мәнді картина. Фильмнің басты кейіп­керлері – бір-біріне ұқсамай­тын, сан қырлы тұлғалар. Сондық­тан дубляж үшін де біз сондай көрнекті және өзіндік ерекшелігі бар актерлерді іріктеп алуға тырыстық, – дейді режиссер.
«Коктейль» фильмі Үндістанда про­катқа алғаш рет өткен жылдың шілде айында шыққан және прокаттың бірінші күні-ақ 2 миллионға жуық доллар жинаған.

Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста