Кастингтен өтпесем де, бетім қайтқан жоқ
Әсел САҒАТОВА:
Әселдің кинодағы тартымды ойынын көрген көпшілік қауым оны бірден жылы қабылдады. «Астана – 2010» фестивалінің «Жыл жаңалығы» номинациясының және Тұңғыш Президент қорының лауреаты, танымал актриса, сәнгер Әсел Сағатова – бүгінде еліміздегі ең танымал және сұранысқа ие актрисалардың бірі.
14 жасынан бастап көп жылдар бойы сән агенттігінде жұмыс істеген Әсел сол кезден-ақ конкурстар мен фотосессияларға, жарнама роликтерінің түсіріліміне жиі қатысады. Кейінірек шетелдік сән агенттіктерінің шақыруымен Бангкокта, Гонконгта болып қайтады. Әлі кәмелетке толмаған қызының ұзақ уақытқа елден сырт кетуі, сабақтан қол үзуге мәжбүр болуы ата-анасын қатты алаңдатады. Сөйтіп, олар Әселдің сән бизнесіне араласуына тыйым салады. «Ол кезде өзім де білім алудың маңыздырақ екенін түсіне бастадым және сәнгер болып істеу де жалықтырғандай болды. Содан біртіндеп ол кәсіптен кеттім», – дейді Әселдің өзі. Сол екі аралықта киноға түсуге шақырылады. Алайда актриса кастингтен өтпей қалған кездерінің көп болғанын жасырмайды. Бірақ ол сонда да берілмеген. «Мені алмады» деп көз жасын төгу немесе басқа нәрсемен айналысып кету ойына да кіріп-шықпаған. Керісінше әрбір сәтсіздік сайын киноға түсуге деген құштарлығы арта түскен және күндердің күнінде алғашқы рөлін алған. Яғни 2002 жылы алғаш рет киноға түскен ол «Плач матери Аманкур» фильмінде басты кейіпкердің қызының образын жасап шығады. «Рэкетир» фильміне түскенге дейін бірнеше рөлді еншілеп үлгергенімен, Әсел ол кезде актриса ретінде өзіне әлі толық сенбегендігін айтады. Ол уақытта ешкімнен актерлік шеберлік жөнінде жан-жақты сабақ алатындай да болмағандықтан, бәрін жұмыс барысында, жүре-келе үйренген. Дегенмен «Әлі де тәжірибем аздау. Білетінімнен білмейтінім көп. Әрине, сеніммен тапсырылған рөлді барынша шынайы сомдауға, өзімнен өткізуге тырысамын. Сондықтан әр рөлімде менің де бір бөлшегім бар. Бірақ әр түсірілімнен кейін «бұдан да жақсы ойнауға болатын еді» деп ойлаймын» дейді.
Кішкентай кезінен көркем гимнастикамен шұғылданған Әсел бүгінде фитнеспен, тау шаңғысымен әуестенеді. Мұның сыртында бимен айналысатыны тағы бар. Себебі алдағы уақытта «Звездные танцы» атты жаңа жобаға қатыспақшы. Осы орайда актрисаның өзі: «Бұл ресейлік «Танцы со звездами» жобасының аналогі. Мұнда танымал жұлдыз бен кәсіби бишіден құралған жұптар бал биінен өзара сайысқа түседі. Қазір менің бар уақытым осы би түрін меңгеруге жұмсалуда. Күнде жаттығуға барып жүрмін. Түсірілімдерге дайындалып жатырмыз» деп, күнделікті жұмыс кестесінің тығыз екендігін аңғартты. Әселдің айтуынша, жақында 7 арнада «Они» деп аталатын жаңа реалити-шоу басталатын көрінеді. Онда қазақстандық бақсы-балгерлер арғы жақтағы әлеммен байланыс орнатып, мистикалық құпияларды ашуға тырысады екен. Әсел танымал балгер Жан Әлібеков және актриса Эвелина Бледанспен бірге осы жобаны жүргізбекші. Бұл жөнінде: «Бірінші маусым 10 бөлімнен тұрады. Ол жерде Қазақстан мен ТМД елдерінің 1500 бақсы-балгерлерінің ішінен сытылып шыққан, мықты деген сегіз адам үздіктің үздігі деген атаққа таласатын болады. Техникалық топтың бәрі түсірілім үшін арнайы Мәскеуден шақыртылды. Медиумдардың күшін танымал америкалық продюсер Боб Ван Ронкель, Ресейдің халық әртісі Андрей Соколов және еліміздің еңбек сіңірген әртісі Жанна Қуанышева бағалайды. Тәуелсіз сарапшылардың қатарында актриса Гүлнар Досматова, тележүргізуші Диана Снегина, Игорь Сахар және «Немцы и кино» кабаресінің директоры Эва Бэхер бар», – деп ағынан жарылды. Оның бәрі өз алдына, Әсел болашақта Тұмар ханым образын сомдауды армандайды. Қол жеткен табыспен шектелмеуді басты ұстанымына айналдырған талантты актриса барлық замандастарын әрқашан алған бағыттан таймауға және арманға сенуге үндейді...
Сәруар САҒЫМ
Қарақшылар отандық фильмдерге ерекше шүйлігуде
Алматыдағы Әділет департаменті контрафактілі DVD-дискілердің рейтингін анықтады. Нәтижесінде жергілікті қарақшылардың Голливуд блокбастерлерін емес, бәрінен бұрын қазақстандық өнімдерді қолдан жасап, сата қоюға ерекше ынталы екендігі белгілі болды.
Бұл орайда Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» қарақшылардың жүрегіне алабөтен жол тауыпты. Осы көктемде ғана экранға шығып, бір апталық көрсетілімінің өзінен 1 миллионға жуық табыс түсірген бұл фильмнен контрафакт сатушылардың қанша пайда тапқанын есептеуге тіпті Әділет департаменті мамандарының өзі тәуекел ете алмай отырған көрінеді. Қалалық әділет басқармасының интеллектуалдық меншік құқығы бөлімінің бас маманы Әділ Алтаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері Алматыда DVD-дискілердің қарақшылық жолмен таратылмақ болған және жалпы құны 24 млн теңгені құрайтын 80 мыңға жуық көшірмесі тәркіленген. Ең көп көшірілетіндері «Жаужүрек мың бала» мен Тимур Бекмамбетовтің жаңажылдық «Елки» комедиясы екен. Одан кейінгі кезекте Голливуд блокбастерлері тұр.
Бір қызығы, «Жаужүрек мың баланың» «Меломан» музыкалық дүкендер желісіндегі ресми рейтингі де жоғары болып отыр. Кинопрокат маманы Нариман Абиевтің айтуынша, тек маусым мен тамыз аралығында ғана 4600-ден астам диск сатылған. «Ол ол ма, бұл картина сатып алушылар үшін аса қат дүниеге айналып отыр, түскен бойда дереу өтіп кетеді, – дейді Н.Абиев. – Екінші орынды «Балалық шағымның аспаны» иеленуде, бірақ одан небәрі 698 диск қана сатылды. Айырмашылығы бірден көзге ұрып тұр. Сондықтан қарақшылардың не себепті «Жаужүрек мың балаға» шүйліккенін түсіну қиын емес». Мұны естіген Ақан Сатаев: «Бұл фильм арқылы «Қазақфильм» емес, жолдан қосылған қарақшылардың пайда тауып отырғаны өкінішті», – деген қынжылысын жасырған жоқ.
Ал Әділет департаментіндегілер «фильмнің нағыз иегерлері табысқа кенелер күн де келеді» деп тыныштандыруда. Өткен жұмада ғана контрафактілі дискілердің 30 мыңы тәркіленіп, өртелді. Оның ішінде қолдан жасалған «Жаужүрек мың бала» да бар. Демек оңтүстік астанада қарақшылық дискілер азая түсті деген үміт зор.
Ер Төстіктің айдаһармен айқасы алдағы айларда ұсынылады
3D форматындағы қазақстандық алғашқы мультфильмнің тұсаукесері қараша айына жоспарланып отыр.
Жәкен Дәненовтің режиссерлігімен түсірілген «Ер Төстік және айдаһар» анимациялық ертегісін түсіру жұмыстары үш жылға созылған болатын. Мультфильмге әнді композитор Руслан Қара жазған, жалпы, ертегімен 15 адамнан тұратын шығармашылық топ жұмыс істеген.
Үш бөлімді анимация технологиясы көлемді нысандардың қолмен салынған кескіндемесін, сонымен бірге қимыл-қозғалысты ұстап қалудың motion capture әдісін де қамтиды. Бір атап өтерлігі, «Тинтиннің басынан кешкен оқиғалары» және «Аватар» сияқты Голливуд фильмдерінің қаһармандары да осындай әдіспен кейіптелген көрінеді.
Аталған мультфильмнің сюжеті қазақ ертегілерінің желісіне негізделген. «Біз соның ішінен анимацияда қолдануға болатын және балалар аудиториясына лайықты нәрселерді екшеп алдық. Бұл орайда біз оны жанрға және толық метражды мультфильмдердің бүгінгі кейпіне сәйкес етіп жасауға тырыстық», – дейді Жәкен Дәненов. Сюжетіне келсек, онда алып күш иесі Ер Төстіктің айдаһарға айналған жер астының зұлым күштеріне қарсы күресі баяндалады.
Рөлдердің барлығын қазақ актерлері дыбыстады. Мысалы, бас кейіпкер көрерменге «Біржан сал» фильмі және «Сыныптастар», «Құрбылар» сериалдары арқылы таныс Дулыға Ақмолданың дауысымен сөйлесе, желаяқты – Азамат Қанапияев, таусоғарды – Бейбіт Мүсілімов, көлтауысарды Ержан Түсіпов дыбыстаған. Сонымен қатар жобаға Ерлан Төлеутай Елдар Отарбаев, Мерей Әжібеков, Кәдірбек Демесін және Лидия Кәден де қатысқан.
«Қара киімділер-3» жаңа форматта таралды
Кешегі күннен бастап «Қара киімділер-3» фильмі DVD және Blu-ray форматтарында таратыла бастады.
Қазақ тілі Columbia Pictures киностудиясында түсірілген «Қара киімділер-3» фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемнің 7-тілі болмақ. Columbia Pictures компаниясы дискілерінің «Тілдер» бөлімінде алғаш рет қазақ тілі пайда болды. Аударманың дәлдігін қамтамасыз ету үшін фильм мәтіні қазақ тіліне ағылшын тілінен тікелей аударылды. Дубляж халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Жобаны қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін жаңа фильм деп те айтуға болады.
Дыбыстау жұмыстары Алматы қаласындағы Cinema Tone Production студиясында өткізілді. Ақырғы монтаж жұмыстары Лондон қаласындағы Shepperton студиясында жасалды. Фильмнің қазақ тілді нұсқасын шығару үшін АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан елдерінің мамандары қызмет етті. Биылғы күзде сонымен қатар «Батыл жүрек» және «Жаңа өрмекші адам» фильмдерінің мемлекеттік тілге дубляжданған түрі де DVD және Blu-ray дискілерінде шығады.
Мадрид қазақ киносына қол соғуда
Мадрид қаласында осыдан бірнеше күн бұрын «Қазақстан мен кино: 1970-2001» атты циклдің ашылуы өтті.
Цикл аясында қазіргі қазақстандық режиссерлердің фильмдері көрсетілуде. Олардың арасында «Тюльпан», «Қыз Жібек», «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары», «Балалық шағымның аспаны» және басқа да көркем фильмдер бар. 30 қыркүйекке дейін өтетін аталмыш цикл испан киноәуесқойлары тарапынан өте жылы қабылдануда.
Өнер үшін жаралған жан еді...
«Бикен Еңлік үшін туған. Бикенге кездескен Еңлік бақытты», – деген екен кезінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Айтса-айтқандай, қазақ сахнасындағы алғашқы қадамын «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлімен бастаған Бикен Римова тек Еңліктің ғана емес, ұлттық кино мен театр өнеріндегі талай бірегей образдардың бағын ашты. Ойын бүкпесіз ашық айта білетін, ерекше батыл мінезді Бикен апайды әріптестері «Қобыланды батырдың қарындасы» деп те қалжыңдайтын.
Біртуар тұлғаның өнердегі және өмірдегі болмысы, адами бейнесі жөнінде актрисаның ұлы, тілші-ғалым Көбей Құсайынов былайша әңгімелеген болатын...
Шығармалары өз қолынан шыққанына куәмін
– Анам жастайынан көп қиыншылық көрген. Әкесі дәулетті әулеттің өкілі ретінде 1928-1929 жылдардағы тәркілеудің тұсында екі рет түрмеге жабылған. Қамаудан босаған бойда ауырып қайтыс болған. Әкесінен жеті жасында жетім қалған анам училищеде оқып жүрген кезінде, 17 жасында анасынан айырылған. Қиындықты көп көргенінен болар, баланы көп еркелете бермейтін. Перзенттеріне деген көңіл түкпіріндегі терең махаббатын мейірімді жанарынан-ақ сезетінбіз. Көп ұрыспағанымен, тәртіп бұза қалсақ, кейіп, кейде сабайтын да. Әсіресе қарындасыма қатал қарайтын. Бірақ ашуы тез тарқайтын. Үйде әкеміздің анасы – әжеміз Мүслима болды. Анам үй шаруасына да, әжемізді күтуге де, жұмысына да үлгеретін. Тамақты ерекше дәмді дайындайтын. Қол қусырып отырғанды жақтырмайтын. Пьесасын жазып болған соң, алдымен әкемізге оқып беретін. Сол кездері «Пьесаларын Бикен өзі жазған жоқ, Шахаң жазған» деген әңгімелер айтылмай қалмады. Әрине, әкем өз ой-пікірлерін білдіретін, алайда анамның шығармалары өз қолынан шыққанына куәмін. Сосын әдемі дауысы болатын. Домбыра тартып, ән айтатын. Үйге белгілі өнер және әдебиет майталмандары жиі келетін. Сондайда анам Күләш Байсейітоваға, Ришат және Мүсілім Абдуллиндерге пародия жасайтын. Өзі бір жағынан бала мінезді болатын. Азық-түлікті өзі алғанды жақсы көретін. Мен үнемі қасында сөмкелерін көтерісіп жүретінмін. Үйге ылғи да трамваймен қайтатынбыз. Таксимен қайтуға қанша үгіттесем де көнбейтін. Ол сараң емес еді, бірақ кішкентайынан аштық пен кедейшілікті көріп өскендіктен, ақшаны босқа жұмсағанды ұнатпайтын. Трамвай ішінде келе жатқанымызда оған ешкім назар аудармай қойса, өзіне тән дауыспен: «Көбей, ертең сен немен айналысасың?» – дейтін. Сонда барлық адам анама жалт бұрылып қарайтын.
Бәрін қажырлы еңбегімен жеңді
7-8-сыныптарда оқып жүрген кезім еді. Бір күні анам қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Сонда да кешкісін спектакльге баратынын айтты. Әкем «Қызуың әлі түскен жоқ, не денсаулық, не театр!» деді қатқыл дауыспен. Олай сөйлегенін ешқашан көрмеп едім. Анам үндеместен киіне бастады. Райынан қайтара алмасын білген әкем маңдайынан сүйді де: «Көбей, анаңды театрдан ажырату мүмкін емес. Барсын. Сен қасында бол», – деді. Жол бойы ентіге дем алумен болған анам гримерлік бөлмеге кірген соң-ақ өзгеріп сала берді. Ал сахнадағы шебер ойынын көріп, анамды тіпті танымай қалдым. Үйге келген соң қайтадан қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Сонда әкем «Сенің анаң осындай, әртістер – ерекше халық» деген-ді.
Әкемнен 49 жасында жесір қалған анам: «Қиыншылық кездессе, мұңайма, бәрін шыдамдылықпен көтер, бірінші – денсаулық, екінші еңбектің арқасында жеңіп шығасың», – дейтін. 1975 жылы інім Хасан қайтыс болды. Бұл жайт та анама қатты ауыр тиді. Анам осының бәрін қажырлы еңбегі арқылы жеңді. 2000 жылы 6 қаңтарда қайтыс болды. Ауруханаға барғанымызда өзінің ауырып жатқанына қарамастан, біздің жағдайымызды сұрап бәйек болатын. Отбасылық дәстүр ретінде 1 қаңтарда үйде бас қосып, әрі Жаңа жылды, әрі анамыздың туған күнін тойлайтынбыз. Ауырып жатып: «Ауруханадан шыққан соң, туған күнімді тойлаймыз», – деген еді. Ақырғы сөздерінің бірі сол болды. Содан кейін тілге келе алмады...
«Өлсек, сахнада өлейік» дейтін
Соңғы жылдары «Жалғыз ғана арманым – сендерге масыл болмай, қиыншылық келтірмей, дүниеден кетсем» деген сөзді жиі айтатын. Айтқанындай, ауруханада он-ақ күн жатып қайтыс болды. Соңғы рөлі – «Естайдың Қорланындағы» Қорлан. 60 жылдай дос болып, сахнада бірге жүрген Хабиба Елебекова апай сол қойылымды қоятын кезде «Түнімен ауырып, ұйықтай алмадым. Театрға хабарласайын, екінші кезектегі басқа актер ойнасын» дегенде, қашанда жігерлілікті жақсы көретін анам: «Бұл жарамайды, жүр, театрға барамыз. Менің де аяғым ауырады, ентігіп қаламын, жасы келген сайын адам жасармайды. Аз қалды ғой, шыда. Екеуміз жақсылап ойнайық. Өлсек, сахнада өлейік. Әртіске сол – нағыз өлім» деген еді. Анам сабырлы, сирек күлетін, қаталдау жан еді, мен де сондаймын. Бірақ анам сияқты еңбекқормын дей алмаймын. Қарындасым да анама тартқан, ер мінезді. Әншілігі, ақындығы бар. Әсіресе дауысы қатты ұқсайды.
Студент кезімде «Там, где цветут эдельвейсы» деген фильмде ойнағанмын. Алайда анам: «Орташа әртіс болғаннан болмаған жақсы», – деді.
Мен лингвистика теориясы бойынша білім алдым. 20 жылдай Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институтын басқарып, зейнеткерлікке шықтым. Жарым Ғалиямен бір мектепте оқығанмын. Анам шөбереге жете алмай кетті. Менен – екі, қарындасым Меруертсағидан – екі, Хасаннан бір немере сүйді...
Құралай ҚОҢЫР