Алаштың киноиндустриясы

Біз шетел киноөндірісінің дамуына қызмет етіп жатқан сияқтымыз
Бауыржан Нөгербек, киносыншы:
Киноөндірісті үлкен бизнес санайтын елдерде ең бірінші кезекте ақша маңызды рөлге ие. Ендеше, ондай ортада бәсекелестік те айрықша болуға тиіс. Бұл заңдылықтардың бәрін сезініп үлгерген әлемдік киноөндіріс өзінің өмір сүрген ортасында әлдеқашан өзінше әділетті әрі өзінше адал бәсекелестік орта қалыптастырып үлгерді. «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев елде өтіп жүрген әр кинофестиваль сайын «Қазақфильмнің» негізгі мақсаты қазақстандық киноөндірісті әлемдік кинонарық­қа шығару екендігін айтады. Аздап болса да, қазір бұл саладағы өндірісте ілгерілеу бар. Оған киностудия мамандарының шетелдің дистрибьютерлік, продюсерлік танымал ком­паниялар, жекелеген топ-менеджерлермен түрлі келісімшарт­тар негізінде жұмыс істей бастауы дәлел. Голливудтың әлемге танымал актерлері мен режиссерлері, кино­сыншылары мен операторларының Қазақстанға жиі ат арылтуы да қазақ киносындағы талпыныстардан хабар береді. Бірақ бұл тікелей бір ұлттың осы салаға артып отырған жүгін толығымен өтей ала ма? Профессор, кино­сын­шы Бауыржан Нө­гер­бектің де осы мәселеге қатысты көзқарасы мен өзіндік ой-пікірін білген едік.

– Қазақ киносын бәсекеге қабілетті киноөндіріске жатқызуға бола ма?
– Жоқ, дәл солай дей алмаймын. Оған қазіргі біздің кино саласының ниеті де, қабілеті де жетпейді. Өйткені, біріншіден, оған қомақты қаражат керек. Екіншіден, арнайы заңдар мен олардың іске асуы қа­жет. Мысалы, Ресейде киноөндірісті дамы­татын іскерлерге жеңілдіктер берілген. Бізде ешқандай жеңілдік жоқ, бәрі бірдей. Сосын жеке кино түсіруге ниетті режиссердің дұрыс фильм жасап шы­ғуға ақшасы жетпейді. Ақшасы жетпе­ген­нен кейін, амал жоқ, қазір монополия болып отырған Ш.Айманов атындағы «Қа­зақфильм» киностудиясынан техника алады, сондағы мамандарға жүгінеді. Өйткені киноның ең басты білгірлері сонда шоғырланған. Монтажы болсын, дыбыс жазуы болсын, актерлік құрама болсын сол киностудиядан болғаннан кейін көбіне солармен бірігіп түсіреді.
– Қазір шығып жатқан фильмдерді бәсекеге қабілетті, өндірісте табысты фильмдер деп айта аламыз ба?
– Неге айта алмаймыз, айта аламыз. «Жаужүрек мың бала» шын мәнінде, өзінің көрерменді тарта алатын, тарихи негізі бар, экшн стиліндегі фильм екендігін көрсетті. Ресей мен Американың фильмдерінен еш кем түспейтінін дәлелдеді. Бұл жерде жауыр болған бір мәселе бар. Кино ту­ралы арнайы заң керек. Біз мұны ай­та-айта әбден шаршадық. Бізде бюджет­тен киноға қатысты арнайы бір тақырып бө­лінеді, оған қаржы аударылады. Соны­мен бітті, ол фильм шығады. Ал бірақ оның ары қарай көрерменге жетуі, кинотеатр­лар­да көрсетілуі, телеарналардан берілуі деген нәрселер мүлдем назардан тыс қалады. Мысалы, «Көшпенділер», «Біржан сал» сияқты фильмдер. Осыдан соң қазақ киносы қалай бәсекеге қабілетті болсын? Қазір енді аздап шетелдің тәжірибесі іске аса бастады. Шыққан фильмді кинотеатр­лардан көрсетіп, дискілерін шығарып, таратып дегендей... Ол өте дұрыс тәсіл деп ой­лаймын.
– Киноөндіріс нарық заманына бе­йім­делуі керек, табыс табуы керек де­ген ұстанымды негізге алған қаза­қ­стандық кино өзіндік бет-бейнесін жоғалтып алған сияқты. Әртүрлі стиль­ге, әртүрлі жанрға барғысы келеді. Ұлт ки­носының екі аралықтан табатын жо­лы қандай болуы керек еді?
– Көрермен де қазіргі таңда әртүрлі. Тағы да мысалға осы «Жаужүрек мың баланы» келтірейін. Ол – тарихи аңызға құрылған көркем фильм. Оның формасы бүгінгі жастар қажетсінетін экшн фильмдерінің эстетикасынан алынған. Мұнда бәрібір ұлттық сарын бар, ұлттық келбет бар. Меніңше, осы жол дұрыс. Заман осындай болғаннан кейін біз бұдан енді құтыла алмаймыз. Жастар шетелдің киносын көргеннен кейін біздің кинолардан да сондай динамиканы іздейді. Сондықтан осындай орташа аралықты табу керек. Ал енді мынау соңғы шыққан фильмдердің бірі «Қызғылт қоян туралы аңыз» десек, оған қарап отырып бұлай дей алмайсыз. Жастарды тарту мақсатымен жасалған десек те, ол фильмде ешқандай қазақи иіс жоқ. Оған кез келген студияның маркасын қоя салуға болады. Сондай фильмдерге мен қарсымын. Халықтық кинолар көлең­кеде қалмауы керек.
– «Астана киноөндірістің орталығы­на айналады» деген пікір жақында Астанада өткен экшн фильмдер кино­фестивалінде айтылды. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Ол сөзді айтқан Тимур Бекмамбетов бізге, бәлкім, экшн фильм жасап беретін шығар. Бірақ ол – тек өнім ғана. Экшн фильм қай елде түсірілсе де, оның бір-бірінен аса айырмасы болмайды. Өйткені ол сюжет жағынан болсын, форма, кейіп­кер жағынан болса да бірқалыпты. Мен өзім, жалпы, осы елдегі экшн кинофести­валіне қарсымын. Бұл киноны дәріптеу, кө­рерменге оны соншама ұлықтаудың қажет­ті­лігі жоқ сияқты. Қайта одан да халықтық кино­ны дәріптеп, этнофильмдер фестива­лін жасауымыз керек. Ал америкалық киноға жарнама жасау бізге не үшін керек, мен соны қанша ойласам да түсіне алмай-ақ қойдым. Ол фестиваль және елдегі ең басты-басты ғимараттарды жалға алады. Одан біз не ұтамыз? Меніңше, ештеме. Бас­қаша айтқанда, біз сол шетелдің ки­ноиндус­­триясына қызмет жасап жатқан сияқтымыз. Біздің республикамыз тек со­лар­дың алаңы ғана болып отыр. Ол саяси жағынан болса да, мәдени жағынан болса да біз үшін дұрыс шешім емес деп ойлай­мын.
 – Қазақстан туралы, Астана, Алма­ты туралы фильмдерді шетелдік ре­жиссерлер бізге түсіріп бере бастады. Бұл тәсіл қаншалықты тапқыр шешім?
– Кезінде «Париж, я тебя люблю!» де­ген бір жоба болған. Онда әр мемлекеттен келген режиссерлер Париж туралы фильм түсірген. Бұлар сондай ұстанымды негізге алған шығар. Шын мәнінде, олардың фильмдері біздің ұлттық менталитетті зерттеп, тереңінен ашып көрсете алады деу қиын, оған тіпті сену, біреуді сендіру мүм­кін емес. Бірақ дегенмен ол шетелдік көз­қарас болады. Бұл мәселеге сол тұрғыдан ғана қа­рау­ға болады. Осы тұрғыдан қарағанда мен мұны құптаймын.Бізге өзіміздің елге керек кинофестивальдар қажет. Елдегі кинофес­тивальдарда қазақ кинолары міндетті түрде үшінші, төртінші планда жүреді. Неге олай? Тіпті олар конкурстарға да кірмей қалып жатады. Мысалы, бізде «Құлагер» деген кинема­тогра­фистер ода­ғының арнайы сыйлығы бар. Ол осы отан­дық киносаладағы үздіктерді мара­паттайды. Ол – тек елеусіз ғана 200 адам­ды жинау­мен өтетін шара. Неге соны жо­ғарғы дәре­жедегі кинофес­тивальға айналдырмасқа? Рас, өзіміздің өндірісті дамыту үшін шетел­мен, шетелдік продю­сер­лермен байланыс керек. Мысыр­да, мыса­лы, мемлекет де­рек­ті фильмдер мен балаларға арналған киноларға толықтай көңіл бөледі екен. Сосын оның қайтары­лы­мын сұрамайды және оған арналған өздерінің арнайы фес­тивальда­ры бар екен. Ал көркем фильм жекемен­шік тұлғалардың көмегімен дамитын көрінеді. Бізге енді дәл бұлай да жасауға болмайды. Бірақ дегенмен киноны идеология деген­нен кейін оған да бақы­лау, қамқорлық керек. Осы жағынан қара­сақ, бізде бала­ларға, жастарға арналған фильмдер, деректі кинолар әлі көлеңкеде қалған. Ал ол – үлкен пробле­ма. Өйткені қа­зіргі ба­лалар осы шетелдің киноларын ғана көріп тәрбиеленіп жатыр. Олардың санасы, пси­хологиясы, менталитеті солар арқылы қалып­тасып жатыр. Ал оны беріп қою, менің ойымша, өте қауіпті үрдіс.
– Шетелдің үздік мультфильмдерін жаппай қазақ тіліне аудару белең алып келеді...
– Сол аудармаға бөлінген ақшаны неге қазақ мультфильмдеріне бөлмейді? Сондай фильмдерді жасайтын жастар бізде де бар. Шетелдік 100 фильмді аудар­ғанша, отандық 100 фильмді жасауға ақша бөлейік. Мейлі оны «Қазақфильмге»,  мейлі оны жекеменшік студиялар­ға берейік. Бізге негізі балаларға арналған фильмдер жасайтын жеке студия керек.
Біз киноны түсіруін түсіреміз. Ки­нотеатр­лардың бәрі жекеменшік болған­нан кейін олар тек қана шетелдің фильм­дерін көрсетуге ниетті. Бізде кейде ғана отандық кинотеатрларда «Қазақ кино­лары­ның онкүндігі» сияқты шаралар өтеді. Оның өзі күлкілі. Неге біздің отандық кино­лар өз елінде жүріп, бір Франция, Амери­када онкүндігін өткізіп жүргендей күй кешуі керек? Қазақ өз киносының онкүндігін өз елінде жүріп өткізеді. Бұл ақыл жетпейтін парадокс! Негізі, сол кинотеатрларда күнде қазақ киносы өтіп жатуы керек еді ғой. Есі дұрыс елдердің киносы солай қалыптас­қан. Франция, мысалы, америкалық кино­ларды өз кинотеатрларында көрсет­ке­ні үшін билеттен түскен қаржының 1 пайызын француздық киноларды дамыту қорына аударады. Соның бәрі заңмен бекі­тілген. «Біздің заң керек» деп неше уа­қыттан бері зарлап жүргеніміздің себебі де осыдан ғой.


«Мұз дәуірі 4: Континенттік дрейф»  – көшбасшы
Анимациялық фильм америкалық  қана емес, әлемдік прокатта да алдыңғы орынға шықты.
Бұл мультфильм бір аптаның ішінде 385 миллион доллардан аса табыс әкеліпті. Ресейде алғашқы демалыста 16,4 миллион доллар жинап, 2012 жылдың алғашқы аптасындағы жинаған қаржы бойынша рекорд жасады. «Континенттік дрейф» мультфильмінің үшінші сериясынан асып түспесі анық, ол Солтүстік Америкада – 690 миллион доллар, ал жалпы, 886 миллион доллар табыс әкелген. Бірақ осындай сәтті жоба аталмыш саладағы бәсекелестіктің  дамуына ықпал етеді.
«Немоны іздеу» жалғасатын болды
Эндрю Стэнтонның анимация саласына қайта ора­луы үлкен жаңалық болды. Ақпарат көздері мәлі­ме­тіне сәйкес, режиссер өзінің танымал «Немоны із­деу» («В поисках Немо») мультфильмінің жалғасын түсірмек.
Жоба шамамен 2016 жылы дайын болады деп болжанып отыр. Сюжеті жайында әзірге еш­теңе белгісіз. Естеріңізге салсақ, бірінші туынды 2003 жылы жарыққа шыққан бола­тын. 94 миллион долларлық бюд­жетпен анимациялық фильм прокаттан 867 миллион дол­лар пайда та­уып, әлі күнге де­йін Pixar студия­сының ең үздік дү­ниелерінің бірі саналады. Ал биыл, 2012 жылы, «Немоны із­деу­дің» стерео нұс­қасы эк­ран­ға шығады.


Ләйлімнің махаббат үшін күресе алатын батылдығына қызықтым

Аша МАТАЙ, әнші, актриса:
Досхан Жолжақсыновтың «Біржан салы» қазақ киносына ұлттық нәр бергендей әсерде қалдырды. Өзінің табиғатына жақын, болмысына үндес туындыны қай-қайсымыздың болса да іздейтініміз анық. «Заманы басқа, заңы бөлек» деген уәжге жүгінетіндерге Досхан Жолжақсынов озық үлгі көрсетіп, тыңнан түрен түріп бергендей. Тарих тереңіне тасталған сал-серілердің заманын қайта сахнаға шығарған фильм ұлттық бояуымен ұлық, кез келген көрерменге өз табиғатын ұсынған тапқырлығымен шынайы. Біржан кейпіндегі Досхан Жолжақсыновтай танымал әртіс пен қазақы ұяңдығы мен ибалығы үндескен Ләйлім – Аша Матайдың әдемі ойындары арқылы да бұл фильм көрермен жүрегіне жол, көрермен көңіліне кілт тапты. Қиындығы мен қызығы бөлек әртістік жолының алғашқы қадамы осындай міндеті ауыр тарихи бейнеден басталғаны жас әнші Аша Матайға үлкен сынақ болыпты. Оның ұяңдығы, қазақы келбеті мен тәжірибесіз актрисалығынан туындаған шынайы Ләйлімі фильмге сын тағушылар алдында жас қызды бәрібір ақтап шықты. Шынайы өмірдегі бүгінгінің Ләйлімі қазақ әйелінің әдемі үлгісі бола білген, әнші Біржанның махаббаты, ажарлы Ләйлім жайлы былай әңгімелейді:

Біржанның сезімі серілік емес
– Он алтыға жаңа толған жас арудың бейнесін сомдау мен үшін үлкен сынақ болды. Осы фильмге түсетінімді білгеннен кейін өз бетімше іздене бастадым. Біржан әлемін барынша түсінуге, оны зерттеуге ұмтылдым. Біраз кітаптарды ақтарып, ұлттық негізде сахналанған қойылымдар мен фильмдерді қайта қарап шықтым. Үлкендермен ақылдасып, өзімше ой қорыттым. Ләйлім бейнесі маған осылай сіңе бастады. Бірінші, Ләйлімді сіңірген соң, сал Біржанды да өз түсінігіммен өз әлемімде жасап шықтым. Ақырында «Мен оны сүйемін. Біржансыз өмір сүре алмаймын» дегенге өзімді сендірдім. Сондықтан мен үшін Біржанның сезімі серілік емес, нағыз махаббат, ғашықтық болды. Біржанның махаббаты – махаббаттың озық үлгісі.

Олардың жас айырмашылықтарындағы махаббатқа сену қиын болды
– Мұны қабылдау маған өте қиын болды. Әуел баста қатты қиналдым. Оның үстіне, бұл – менің алғашқы түскен фильмім. Бастапқыда Біржан мен Ләйлімнің се­зім­дерінің шынайылығына өзім де сенбедім, тіпті сенгім де келмеді. «Уыл­жыған жас қыздың өзінен 45 жас үлкен адамға ғашық болуы мүмкін бе? Бұл шы­найы махаббат па? Мүмкін, Ләйлім Біржанның өнеріне ғана ғашық болар?..» де­ген сан қилы сұрақты санамда саралап ұзақ жүрдім. Бірақ мені ре­жис­сер сен­дірді, түрлі ақыл-кеңесімен рөлді абыроймен алып шығуыма кө­мек­тесті. Дос­хан Жолжақсынов аға маған: «Аша, сен мені жақсы көресің. Екеу­міз құр­дас­пыз», – деді. Мен алғашында қатты ұялдым. Содан кейін көз алдыма әдемі, ақылды әрі жас жігітті елестеттім де, ойнап кеттім. Менің ойнауымдағы Ләйлім бейнесі осылай ашылды. Ал бірақ шынайы өмірде мұндай махаббатқа сенуге болатынын білсем де, сене алмаймын. Өмірде ондай қадамға бара алмас­пын. Менің жігітім өзімнен ары кетсе 8-10 жас үлкен болуы мүмкін деп ойлай­мын.

Екі ғасыр арулары ұяңдығымен ұқсас
– Ләйлім – XIX ғасырда ғұмыр кешсе, біз XXI ғасырда өмір сүрудеміз. Ол заманның арулары мен қазіргі қыздар бойындағы ұқсастықтар мен айырма­шылық­тарды салыстырсам, көп айырма көремін. Ол заманның қыздары ешқа­шан жігіттің көзіне тіке қарамаған, бүкіл өкпе-назын, қуанышын, толқуын көз қиы­ғымен сездірген. Ерлерден көп саты төмен тұратынын үнемі жадынан шығар­маған. Сондай-ақ өз ойын ашық білдіре алмаған, ата-ана сөзінен аспай, кімге атастырса соған кете барған. Ал қазіргі қыздарда еркіндік басым, көкейіміздегіні қай кезде де ашық айта аламыз. Алайда бір ұқсастық бар. Ол табиғаттан тән қасиет – нәзіктік. Мен тарихты ақтарып жүріп, өзіме өмірлік азық болар көп қазына таптым деп ойлаймын. Менің қабылдауымдағы Ләйлім – өте батыл қыз. Жас болса да, ақылы кемел ару. Ләйлім басқаға айттырылып тұрса да, Біржанға: «Басыңа ауыр көрмесең, мен сенімен қашамын, ағамның ашуы басылған соң қайта келеміз», – дейді. Оның батылдығына, махаббаты үшін күресе білетін қайсарлығына қызықтым, халықтық жөн-жоралғыны бұзғаны үшін ауыр жазаларды көтеруден қорықпаған ерлігіне тамсандым. Алайда артынан фильмді қарап отырып, өз рөлімді толық аша алмадым деген ойға келдім. «Басқаша ойнауға да болатын ба еді?» деп жиі ойланамын. Көрермен бағасын беріп жатыр. Алайда өзімнің көңілім онша толмайды.

Әкемнің қамқорлығы ерекше
– Елдер менің әкемнің арқасында өнерде, әншілікте жүргенімді көп сөз қылатын көрінеді. Мұны мен теріске шығарғым келмейді. Керісінше, әкем – менің мақтанышым. Кей қыздардың соңынан «ол жеңіл мінезді немесе қалталы жігітінің көмегімен шығып жүр» дегендей қауесет ереді. Ал менің демеушім, сүйенішім – әкем. Мені алғаш сахнаға шығарған да, қаржысын бөліп, екі әніме бейнеклип түсіріп берген де – әкем. Бірақ бар қиындықты әкемнің мойнына артып жүрген жоқпын, шығармашылық жұмыстарымның ауыртпалығын өзім көтеріп келемін. «Біржан салдан» соң бірнеше киноға түстім. «Жалаңтөс Баһадүр», «Қара майор», «Борат – менің ағам» секілді фильмдерде ойнадым. Жақында бір махаббат туралы әніме бейнебаян түсірдім. Мұнда мен мүлде басқа образда көрінемін, ел алдына үнемі күліп жүретін кішкентай Аша емес, махаббаттың құдіретін сезіне алатын есейген Ашаның кейпінде шығамын.


Қажымұқан туралы фильм түсіріледі

«Қазақфильм» АҚ прокат және дистрибу­ция орталығының басшысы Ай­дархан Әділ­баев аталмыш киностудияның тарихи тақырыптарға қарай бет бұра бас­тағанын, бұдан былай қазақ жасы өзінің тари­хын, сол тарих жолындағы ата-баба­сының ерлігін, батырлығы мен бағалануға тиіс  ерекше қасиеттерін мақтан тұтып өсе­тінін айтады. Алдағы уақытта Шәкен Ай­ман­ов атындағы «Қазақфильм» киносту­диясы Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы көркем фильм түсірмек. 
Қазір бұл фильмнің дайындық жұмыстарының бастапқы сатысы қолға алынып, сценарийі жазылып жатыр. Қазақтың ұлы балуаны – ел мақтанышы. Оның ауыздан-ауызға тараған әйгілі бал­уандық белдесулері мен ел мақтанышына  айналған әлемнің алып балуандарын тізе бүктіруі, оның ақындығы мен азаматтығы – бір фильмге жүк боларлық тақырып. Дүлей қара күш пен зор тұлғаның иесі болса да, өнерді сүйген, нәзік жүректі, бала мінезді балуанның өмір жолы әділетсіздік пен аярлық, теңсіздік пен  қиыншылық заманмен тұспа-тұс келді. Қиналғанға жәрдемші, жығылғанға демеуші, сүрін­генге сүйеу бола білген балуан өмірінің құпиялы да көлеңкелі тұстарына қатысты ел тарихшыларының арасында күні бүгінге дейін бітіспес дау бар. Балуан өмірін жан-жақты сөз ететін «Қажымұқан Мұңайт­пасов» картинасының ерекшелігі де осын­да. 


Соғыс тақырыбы – қазақ киносында

«Жаужүрек мың бала» фильмінің отандық киноөндірісте бағы жанғаннан  режиссер Ақан Сатаев көрерменге қажет делініп отырған тақы­рыптарды қозғауға бекігендей. Режиссердің алдағы үлкен жұмысы Ұлы Отан соғысы туралы фильм түсіру екен. Қазақ үшін қасіреті ерекше жылдар шындығы, расымен де, әлі күнге дейін ашылмай, ақиқаты айтылмай келеді. Екі үйдің бірінің боздағын жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс шындығын айту, сол соғыстағы қазақ халқының қай­сарлығы мен ерен ерлігін ұрпаққа үлгі ету бүгінгі буын парызы болатын. Ен­деше, аталмыш тақырыпқа камерасын бұруға ниетті  тұрған режиссердің еңбегі елеуге тұрарлық. 
«Біз Ұлы Отан соғысы туралы кино түсіруді ойластырып жүрміз. Қазір осы мәселе төңірегінде жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне қосқан үлесі зор. Біз оны ұмыт қалдырмай, бағалауымыз керек. Қаншама адам майданға аттанды. Соның қаншасы ғана елге оралды, қанша­сы мүгедектік қамытын киді, қаншамасы белгісіз кетті. Ал бүгінде арамызда аман-есен көзі тірі жүрген  ардагерлердің өзі ше, олардың өзі де саусақпен санарлық», – деді Сатаев.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақ өкіл­дері фильм арқылы өздеріне көп ақпарат алады. Сондықтан кино арқылы Ұлы Жеңіске қосқан қазақстандықтардың үле­сін паш ету қажет.

Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста