Алаштануға талаптану
Кеше Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш және имандылық: елдік парасат негіздері» деген тақырыпта кең көлемді ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Осындай ауқымды тақырыпты арқау еткен жиынға Алдан Смайыл, Айгүл Ісмақова, Бекболат Тілеухан, Дихан Қамзабекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай, Қазтай Әбіш, Зиябек Қабылдинов сынды есімдері елге белгілі қаламгерлер, ғалымдар, тіл жанашырлары мен Алаш зерттеушілері және тағы басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.
Маңызды мәселені қаузаған конференция барысында ұлт болашағы үшін күрескен Алаш зиялыларының қазақ ғылымын өркендетуде жанкештілікпен қол жеткізген жетістіктері кеңінен сөз болып, олардың төл мәдениетіміз бен ана тілімізді сақтап қалу жолындағы орасан еңбектері ғылыми талқыға түсіп, жан-жақты сараланды.
Конференцияның үйлестірушісі, тарихшы Дихан Қамзабекұлы: «Ғасырлар тағылымын зердесіне тоқып, ұлттық құндылықтарымызды түрлі салаларда саралап, теориялық негізін қалаған және бүгінгі ұрпаққа аманаттаған – кешегі Алаш зиялылары. Сондықтан да Елбасымыз айтқандай, «Алаш зиялылары Абайдан кейінгі дара тұлғалар» екенін біз әрқашанда есте сақтаймыз», – дегенді айтты.
Конференция аясында сондай-ақ белгілі ғалым, алаштанушы Айгүл Ісмақованың «Асыл сөздің теориясы» және «Алаш әдебиеттануы» ғылыми-танымдық еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға қатысушы зиялы қауым өкілдері өз кезегінде ғалымның бұл еңбектерін алаштануға қосылған сүбелі еңбек деп бағалады.
Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы:
– «Алаш әдебиеттануы» кітабында Алаш зиялыларының шығармалары, Алаштың тарихы мен мәдениеті, парасатты қазақ ұлтының рухани тағылымы топтастырылған. Біз «Репрессияға ұшыраған қазақ ғылымы» бойынша арнайы курс ұйымдастырған едік. Оны Кембридж университетінде оқыған кезде тыңдаушылар репрессияға ұшыраған қазақ ғылымы мен оның жанашырлары туралы естіп, таң қалды. Қазір бұл кітап Лондонның Британ мұражайында да сақталған. Олардың айтуынша, ғылымға деген қиянат, оның ішінде қазақ ғылымына деген қиянат тек Кеңес Одағы кезінде ғана көрсетілген. Бүгінде ағылшын ғалымдары біздің бұл еңбегімізге қызығушылық білдіріп, оның аудармасын жасап беруді өтініп отыр».
Бұл шара, негізінен, Алаш қайраткерлерінің «Оян, қазақ!» тұжырымдамасына 110 жыл және Қазақ білімпаздарының съезіне 85 жыл толуына орай қолға алынып отырған үлкен жұмыстардың бір парасы ғана.