Алаш пен айтысты ажырату мүмкін емес
Қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық өнердің төресі – айтыс десек, Алаш баласы мұны ағаттыққа балай қоймас. Сол айтыс өнері арамыздан сәл алшақтап қалып еді, қазақы рух қалғып бара жатқандай әрі-сәрі күй кешкеніміз анық. Бірақ кеудедегі шыбын жаны үшін тәннің ақырға дейін алысатыны секілді, айтыс үшін Жүрсін Ермандай Алаштың арда азаматы барын беруге даяр. Міне, соның арқасында сөз барымтасы қайта дүр сілкінді, бүршік жарды.
Сонымен, мамырдың 8-9-ы күндері Алматыдағы Студенттер сарайында аламан айтыс болды. Бұл жолы «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген тақырыпты ту ете келген аталмыш айтыстың бұрынғыдан өзгешелігі неде? Біріншіден, көкірегіне толып қалған мұң мен шердің қылын шертетін, солайша бір күлдіріп, бір жылататын айтысы мен айызын қандыра жырлайтын ақындарын сағынып қалғанын Алашы бұл жолы шын сездірді. Бұған біз сарайға ағылған елдің бет алысына қарап көз жеткіздік. Әдетте екі мыңнан аспайтын билет бағасы бұл жолы алты мыңға бір-ақ аспандаса да, қымбатсынбай, билеттерді жапа-тармағай талап кеткенінен-ақ бағамдау қиын емес. Екіншіден, бұл жолы айтысқа қазақтың үш биі арқау болып, сол үш бидің атынан үш темір тұлпар тігілген еді.
Айтысты жүргізетін «сақал» кетіп, орнына желкілдеген «мұрт» келіп тұр
Бұл айтыс, расында да, елең еткізерлік тосынсыйларға толы болды. Біртіндеп санамаласақ, ә дегеннен жиналған жұртты елең еткізгені – айтыс жүргізушісінің ауысқаны. Құлынды биедей қашан болсын, қайда жүрсе де айтысты ісі түгіл, ойынан бір сәт шығармай, бірге ертіп келе жатқан Жүрсін Ерман осы айтыста өз қолымен айтыс тізгінін Арқаның алдына жүйрік салдырмас асау ақыны Аманжол Әлтаевқа тапсырды. Әрине, бұл айтыскерлер үшін де, Алаш үшін де үлкен жаңалық болғаны сөзсіз. Себебі қазақ қашанда айтысты Жүрсін Ермансыз, Жүрсін Ерманды айтыссыз елестете алмайды десек, еш өтірігі жоқ. Алайда Жүкең, яғни айтыстың «әкесі» алысқа кеткен жоқ, тек жүргізуші мінберінен қазылар алқасы тағына ауысып еді. Бұл нәрсе өз кезегінде ақындардың назарынан тыс қалған жоқ, тіпті бірі «айтысты жүргізетін «сақал» кетіп, орнына желкілдеген «мұрт» келіп тұр» деп тайсалмай айтып салды да.
Екінші бір жаңалығы тіпті қызық. Естеріңізде болса, қазақта бұрынырақта «Тел өскен ұлдың оралуы» атты фильм бар-тын. Сонда соғыс кезінде үйінен көз жазып қалған орыс бүлдіршінін қазақ отбасы бауырына басып, өсіріп, кейін елде бейбітшілік орнап, әлгі ұл есейген шақта өзінің туған анасын тауып барушы еді ғой. Сол секілді Ринат Зайытов та біршама уақыт айтыстан қол үзіп қалғанын білеміз. Ол төңіректегі дауға тоқталу турасындағы ойдан аулақпыз, айтайын дегеніміз – сол Ринаттың айтысқа қайтып оралғандығы. «Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді» демекші, қанша тентек болса да, қанша жерден сыпсың сөздер айтылса да, ел Ринат Зайытовтай ұлының айтыстан біржола қол үзіп кетпейтінін сезіп еді. Сол үміт ақталды. Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Жандарбек Бұлғақов сынды кіл мықты деген жиырма шақты ақынның арасынан алғашқы болып айтысты бастау мәртебесі де Ринаттай марқасқа ұлына бұйыра қалғаны. Айтысқа сусап жүрген жұртшылық ә дегеннен-ақ дүр сілкінді. «Шындықты айту болып тұр қылмыс бүгін» деп бастап, қазақтың шымбайына батып жүрген бар мәселені айтып салған ол Нұрлан Есенқұловпен додаға түсіп еді, қарсыласын жеңіп шықты. Тағы бір айта кетерлігі, бұл айтыста бұрынғыдай қазылар ұпай көтермей, дауысқа салу арқылы, «бірі жеңді, екіншісі жеңілді» деген тәртіп салтанат құрды. Ал Жүрсін Ерманмен қатарлас қазылар алқасы орынтағына еліміздің азулы, танымал басылымдарының бас редакторлары жайғасты. Атап айтсақ, олар «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Алматы ақшамынан» – Қали Сәрсенбай, «Алаш айнасынан» – Серік Жанболат, сондай-ақ «Қаламгер-медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан еді.
Үш би, үш қыз, үш көлік...
Әрине, жұп-жұпты тізіп айта берсек, мақалаға сыйдыра алмасымыз анық, сондықтан ең есте қалған жұптардың айтысына тоқталсақ. Үш би арқау болып, үш көлік тігілген бұл айтысқа кәмшат бөркін ғана емес, үмітін де үкілей келген үш қыз болды. Оның бірі – қыз болса да тал бойынан Махамбеттей батырдың өрлігі есетін Ақ Жайықтың аруы Жансая Мусина, екіншісі – Жүрсін ағасы күллі Алашының алдында «Алланың Алаштың маңдайына бітірген бағы» деп бағалаған Сара Тоқтамысова болса, үшіншісі – от ауызды, орақ тілді, отыз төрт көлікті Айнұр Тұрсынбаева. Үш қыз да бұл айтыста асау аттай ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, қарсыластарын сөз семсерімен бірде аямай кескілесе, бірде қызға тән нәзік те ерке қылықтарымен баурап алып отырды. Әсірсе Жансая мен Еркебұланның (Қайназаровтың) айтысында халық қайсысын таңдарын білмей, «екеуін де, екеуін де» деп, екі саусақтарын көкке көтере айғайлады. Сондай-ақ Айнұр Тұрсынбаева мен «айтыстың сүт кенжесі» атанған Сырым Әуесханның айтысы ел-жұртты сондай керемет күйге бөледі. Себебі бірі ене, екіншісі күйеу бала кейпіне еніп, солайша ә дегеннен әзілдері жараса жөнелген еді. Кенженің ерке назына басып Сырым бала Айнұр апасына «Сен Жандарбекке – әтір, тағы біреуге тіпті темір тұлпар да мінгізе салыпсың, ал маған ше?» деп бастап еді, онысына апасы да еш тосылмастан мырзалыққа басып, саусағындағы сақинасын шешіп бере қойды. Осыны Сырым бала тапқырлықпен іліп әкетіп, «осы сақинаңды мен сізге күйеу бала болып, қызыңызға қайтарайын» дегені. Басқаларды қайдам, өзіме дәл осы сәт баяғы Бекарыс Шойбеков пен Әсия Беркенованың айтысын елестеткен еді. Балғынбек Имашевтай байыпты, иманжүзді ақын мен жанған оттай лапылдап тұрған Жандарбек Бұлғақовтың айтысы да ерекше есте қалды. Айтып-айтпай не керек, екі күнге созылған айтыста сөз болмаған мәселе, айтылмаған әзіл қалмады десе де болғандай. Ел мен жер мәселесі, жікшілдік пен жершілдік, дүмшелік пен мәңгүрттік, салт-сана мен тіл мен ділдің өзегіне түскен жегі құрттай мәселелер айтылған сайын, жиналған жұрттың айызы қанып, арқасы қоза түскені сонша, екі күнде де бес сағат бойы тапжылмастан отырып, айтысты аяғына дейін тамашалады.
Алаш барда айтыс та, Атымтайлар да жасай береді
Естеріңізде болса, біз қазақтың бай деген ұғымының мәні мен парасаттылығының басқа халықтардың дәулеттілеріне еш ұқсамайтын бөлек бітімін сөз еткен болатынбыз. Қазақта малға да, жанға да бай ауқаттыларының кезінде қазақ балаларының оқып, білім алып, сол арқылы Алаш арыстары сынды нағыз ұлт элиталарының пайда болуына түрткі болғанын тілге тиек еткеніміз бар. Сондай бай, сондай атымтайлардың жалғасы арамызда әлі барын дәлелдеп келе жатқан бірден-бір сала осы – айтыс өнері. Айтыс десе, жалпы қазақ десе, ішкен асын жерге қоятын сондай жандардың тіпті біршамасы елге танымал да. Мәселен, Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Исламбек Салжанов сынды азаматтар әлі де болса өздерінің сол болмыстарын сақтап, тіпті айтысқа демеу көрсетуді өз міндеттеріне балап алғандай да. Осы жолы да Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш бидің атынан үш көлік мінгізген осы бір азаматтар еді. Сонымен, екі күнге созылған бұл айтыста 10 ақын суырылып алға шығып, соның біразы қалталарына 100 мың теңгеден қаламақы салса, үш жүйрік үш көлік тізгіндеді. Оның бірі қасиетті Қорқыт мәңгі тыныс тапқан Сырдың ақыны Мұхтар Ниязовқа, екіншісі сара сөздің сардарындай Сара Тоқтамысоваға бұйырса, бас жүлдеге Балғынбек Имашев лайық деп танылды.
Жүрсін Ерман:
– Айтыс – қазақтың ұяты, намысы, рухы. Біз, шыны керек, кейде өз ұлтымыздың ұлыларын да ұмытып кетеміз. Айталық, Абылайханның 300 жылдығын ұмыт қалдырғанымыз өтірік емес, Біз оны осыдан екі жыл бұрын 2011 жылы атап өту керек болатынбыз. Осындай атаусыз қалған талай тұлғаларымызды естен шығармай, атаусыз қалдырмай келе жатқан бірден-бір сала болса, ол – осы айтыс. Біз өр Махамбет тойын, Кенесарының тойын да атап өттік, оған өздеріңіз куә, қадірлі көрермен. Мемлекетке қол жайып отырғанымыз жоқ, сіздердің ықыластарыңыз бен, сіздердің көмектеріңіз арқылы өткізіліп келе жатқан айтыс. Бүгін, міне, үш биге атап отырмыз. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз шарт, бұл айтыс әлдеқашан аруаққа айналған үш биге керегі жоқ, бұл айтыс бүгінде көзі тірі қазаққа керек.
Бекболат Тілеухан:
– Айтысты қазақтан ешкім ешқашан ажырата алмайды. Өйткені ол – біздің қанымызға сіңген өнер. Өзінің ішінен шыққан өнер болғандықтан да ол басқа жасанды өнерлер сияқты емес, қазаққа өте жарасып тұрады. Мысалы, басқа бір тележобаларды көресіз ғой, қанша жерден иіп әкеліп тұрса да, біртүрлі қазаққа жараспай тұрады. Өйткені олар өзіміздікі емес, жасанды нәрсе. Ал айтыс өз ішінен шыққан перзент болғандықтан жарасымын тауып, әр қазақтың жүрегінен орын алып тұрады. Сондықтан да қазақтан айтысты ажырату деген бос сандырақ, бос қиял. Айтыс – қазақтың жаны. Әйтпесе кеңестік империя бекерден-бекер Жамбылды алғы шепке қоймаған. Аталған империя өз ойын қазаққа Жамбыл арқылы сіңіруді көздеген.