Алаш арыстарын бейнелеп жүрген жалғыз суретші
«Үйімізде, төрімізде
Портретте тұрған кім?
Бұл – Ленин бабамыз,
Бұл – Ленин данамыз!»
Бастауыш cыныпта жатталып, өмір бойы естен кетпей қойған осы жолдар кеңестік дәуірдің шындығы еді. Ленинді төріне ілмейтін үй некен-саяқ-тын. Ленин бейнесі ізім-ғайым болғалы қашан? Ал енді ол көсемнің орнын Ахмет, Әлихан, Міржақып сынды Алаш тұлғалары басатын кез келді емес пе? Бірақ ұлттың рухани жетекшілері атанған ардақтыларды ұлықтап тануға құлшыныс аз болып тұр.
Нұрғиса Елеубеков (фото)
Бұған алматылық суретші Берік Жанкеевтің көзі әбден жеткен. Ол – алты жылдан бері тек қана Алаш қайраткерлерінің портретін салумен айналысып келе жатқан жалғыз қылқалам шебері. Бұл салада бәсекелесі болмағандықтан, табысты күреп тауып жүр деп ойлап қалмаңыз. Суретшінің туындыларына керек десеңіз сұраныс та болмайтын көрінеді.
«Алматыдағы жоғары оқу орындарының дені өткен ғасыр басында жарқырай шыққан Алаш зиялыларының атында. Бірақ бұл оқу орындарынан сол кісілердің сапалы салынған көрікті портреттерін көре алмайсыз. Сол себепті олардың біразына өзім салған портреттерді ұсынып едім, ешқандай қызығушылық танытпады», – дейді Берік Жанкеев. Айта кетейік, қылқалам шебері әр портретке шамамен жеті-сегіз мың теңге шығын жұмсайды. Мазмұнына қарай туындылардың әрқайсысы 50 мыңға бағаланады. Портретшінің айтуынша, бұл «Арбатқа», басқа да көрмедегі картиналарға қарағанда арзан. Бірақ көпшілік рухани көсемдер бейнелерін сатып алғаннан гөрі, өздері керемет деп санайтын жеңіл-желпі дүниелерге көп ақша жұмсауға бар. Бұл жерде төріне әлемдік шедевр – Леонардо да Винчи мен Боттичеллиді іліп жатса, әңгіме басқа.
«Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университеті Алаш көсемдерінің портретін алудан бас тартты. Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 15 портрет алмақшы болып, кейін жалпы көлемі 300 мың теңгеге шығып кеткен кезде, басшылары «бұл қаржыға портрет алғанша, неге үш дәретхана салмаймыз?» – деп әзілдеді... «Бесжылдық» аталатын ықшамаудандағы мектептердің бірі Алаш қайраткерлерінің портреттерінен бірден бас тартты. Есесіне Пугачева мен Киркоровты қабырғаға іліп қойыпты...» – дейді Б.Жанкеев.
Алаш қайраткерлерін насихаттаймын деп жүріп, суретші кезіккен ыңғайсыз жағдайлар осылай кете береді. Дегенмен Алаш идеясын құрметтейтін, ақтаңдақ тарихтың ардақты өкілдерін қастерлейтін азаматтар да бар. Мысалы, Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмшә Беркімбаева Жанкеев еңбектерін жоғары бағалап, оларды оқу орны қабырғасына жарқырата іліп қойған. «Портреттерімнің сапасына күмән келтіреді дей алмаймын. Тарихи тұлғаларды жан бітіре бейнелейтінімді көпшілік біледі. Жетпей тұрғаны – осы азаматтарды төрге ілсек деген ниет қана», – дейді суретші.
Жанкеев салған портреттердің санында есеп жоқ. Ал оның шығармашылығына арқау болған тұлғаларға келсек, ұлы дана Абайдан бастап, көрнекті мәдениет қайраткері Сұлтанбек Қожановқа дейінгі 20 шақты адам бар. Әзірше. Келешекте Нәзір Төреқұлов, Жұмақан Күдерин, Ермұхан Бекмаханов және басқалар қосылады. Жанкеев қайраткерлердің жұртқа танымал портреттерін қайта көшірумен айналыспайды. Ол әдейілеп мұрағат аралап жүріп, зиялылардың бұрын-соңды жарияланбаған құнды суреттерін насихаттауды көздейді. Солай жасап та жүр. Таяу уақытта ол ХХ ғасыр басында буырқанып, тасыған ұлттық идея өкілдерінің бәрі бірдей көрініс табатын үлкен картина жасауға кіріспекші.