Айтақын БҰЛҒАҚОВ: Бойымда қасиет бар, болжамым анық келеді…
– Сізді, аға, өмірде де, өнерде де «бақсы» деп азіл-шыны аралас айтып жатады. Ал енді өзіңіз Асанәлі Әшімов ағамыздың «Қозы көрпеш – Баян сұлу» фильміне осы бақсының рөлін сомдауға арнайы шақырту алдыңыз ба, әлде…
– Бұл рөлге мені 80 адамның ішінен таңдап алды. Көптеген әртістер кастингке түсті. Олардың ішінде Тұңғышбайларға дейін болды. Асанәлі ағамыз мені сол айтыстан көрген. Сахнадағы отырысым, киімім, келбетім іздеген образға ұқсаған болуы керек, сөйтіп мені шақырып, ақыры бақсының рөлі маған бұйырды. Жалпы, менің бойымда да бір қасиет бар, мен бір болжам айтсам, сол шынымен болып жатады. Немесе, өмірде кейбір жағдайларды алдын ала сеземін, не жақсы болатынын, не жаман болатынын. Негізі кез-келген адамның ойында бір қасиет болады ғой. Бірақ оның көзін аша білу адамның өзіне байланысты. Мұндай қасиет Жандарбекте де бар.
– Сонда Жандарбектің атақты айтыс ақыны болатынын іштей сездіңіз бе?
– Иә, алдын-ала сездім. Себебі екі ұлыма алғаш домбыра үйреткенде Жандарбек бірден қағып алып, тез үйреніп кетті. Үлкен ұлым да үйренді, бірақ Жандарбекке ілесе алмады. Үлкен ұлым да әдебиеттен алыс емес негізі. Сөйлеген сөзінен, ойынан байқалып жатады. Бірақ мамандығы – заңгер.
– Осы ақынмен айтыспадым-ау деп, арманда кеткен айтыстағы қарсыластарыңыз бар ма?
– Әрине бар. Оның бірі Мэлс Қосымбаев, сосын Мұхамеджан Тазабеков. Мұхамеджан айтыстан ерте кетті, кейін Мэлс те кетті. Сөйтіп кезең-кезеңімен кетіп жатты ғой. Кейде ойлаймын, мүмкін осы екеуімен айтысқанымда түйінді бір нәрсе айтар ма едім, жақсы бір айтыс болар ма еді деп.
– Біздің білуімізше сіз Жәмила жеңгемізбен мектеп жасынан таныс болған екенсіздер. Балалық кезден даналық кезге дейін қол ұстасып келе жатырсыздар. Бәрі қалай басталған еді? Сонау жастық шақтарыңызды, мөлдір күндеріңізді еске ала отырсаңыз?
– Біздің махаббатымыз 8-сыныптан басталды. Менің анам сауыншы болды. Жәмила әпкесімен біздің малды ауылға келіп тұратын. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізбен тіл табыстық. Содан бала кезден басталған тұнық сезіміміз, қарым-қатынасымыз сол тұнық күйінде келе жатыр. Бір жерге іссапарға кетіп, бір-бірімізді бір апта көрмей қалсақ, кәдімгідей сағынып қаламыз. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, әрине. Бірақ, әрі кетсе бір сағаттан аспайды, бір-бірімізге деген ренішіміз сейіліп, ашуымыз тез тарқап кетеді. Мұңымыз да, сырымыз да бір болып, осылай тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
– Аға, бір сұхбатыңызда «Қыздарға өлең арнаудан Есенқұлдан кем соқпадым» деп айтыпсыз…
– Кем соқпадым. Шынымды айтайын, мен тіпті, қыздардың суретіне қарап отырып та өлең арнайтынмын. Оны жеңгең оқып, қызғанып жататын кездері де болған. Бірақ кейін бәрін түсініп, түсіністікпен қарайтын болды. Жасым 54-ке келді, әлі күнге дейін ауыз-басым жыбырлап, кейде қонақта елдің арасында отырсам да, іштей өлең оқып отырамын. Кейде әйелім ұрсады, осындайыңды тым құрыса үйге қонақ келгенде қойсаңшы деп. Енді көпшіліктің арасында кейбір адамдар түсінбей қалуы да мүмкін, мынау не істеп отыр деп. Бірақ өзімнің жақын араласатын достарым жақсы түсінеді, бақсының жыны келіп отыр деп әзілдеп те жатады. Жалпы, мен өлеңді көбінесе түнде, сосын көктем мезгілінде жазғанды ұнатамын.
– Сіздей серіге сезімін жасырмай айтқан қыздар да болған шығар?
– Әрине, сезімін жасырмай айтқандар да болған. Сіздің әйліңізді көруге бола ма деп, жеңгеңмен танысқандары да болған. Сосын қыздардың көбі айтатын, сіз өте қалжыңбас адамсыз, әйеліңіздің езуі жиылмай отыратын шығар деп. Мен айтамын, жоқ, әйелім өте тұйық адам ғой деп. Сондай қызықтар болған кезінде.
– Айтақын аға, сіздің әсіресе Айнұр Тұрсынбаева әпкемізбен жасаған айтыстарыңыз халықтың есінде ерекше қалған. Әзіл-қалжыңға толы, тартымды айтыс көрсеткендеріңізбен қоса тоқал алу мәселесін де біршама жерге көтеріп, көрерменді қыран-топан күлкіге қалдырасыздар. Әзілдің де астында зіл жатпай ма, жалпы, тоқал алу жағы ойыңызда бар ма?
– Жоқ! Құдай бетін ары қылсын! Бай болсам, мүмкін ойланар ма едім. Бірақ бұл күнде бір әйел, екі баланы асырай алсақ та жетеді. Елдің бәрі ойлауы мүмкін, бұлар бай ғой, баласы жүлдеден жүлде алып жатыр деп. Бірақ оның да артында не тұрғанын ешкім білмейді ғой. Әр нәрсенің өзінің жолы бар, орны бар дегендей. Жандарбекке Астанадан үй алып бердік. Астанадағы үйдің бағасын өзің жақсы білесің. Сондықтан тоқал алу менің ойымда жоқ. Қазақ айтады ғой, немен ағарсаң, сонымен қарай деп. Осы екі балам мен бір әйелімнің амандығын тілесем де жетеді. Тіпті осы, айтыста әзілдегенім болмаса, шын өмірде тоқал алу деген ойыма да келмепті. Және тоқал алу туралы айтыстағы әзілдерімді әйелім де ешқашан көңіліне алып көрген жоқ. Бәрін жақсы түсінеді.
– Сіз өзгелермен салыстырғанда болмысы бөлек адамсыз. Жалпы, мінез-құлқыңыз, жүріс тұрысыңыз кімге тартқан?
– Менің әкем ерте дүние салды. Көп адам айтады әкеңе тартқансың деп. Негізі менің өзіме байқалмайды бірақ, жұрт айтып жатады, сен сөйлегенде дауысың қатты шығады деп. Үйде жолдасым да кейде ренжиді, дауысыңды қатты шығарып сөйлейсің деп. Сосын ойымды бүкпей, тік айтамын. Ұнамайтын нәрсені ұнамайды деп, ренжісем, ренішімді де жасырмаймын. Ал өнер маған нағашы атамнан дарыған. Әкем де өлеңге жақын, шешем де қара өлеңді қатты айтқан, той-томалақтарда айтысқан адамдар.
– Аға, айтыс пен поэзияда өшпес із қалдырып кеткен ақын Есенқұл ағамызбен қандай шығармашылық байланыста болдыңыз?
– Есенқұлдар бізден біршама үлкен кісілер болғанымен, жалпы, біздің заманымызда ақындар жас-кәрі деп бөлінбей, бәріміз бір ортада жүретінбіз. Сол кездері Әселхандардан бастап, Есенқұл бар, Шорабек бар, Серік Қалиев бар, Жамбыл облысынан Аңсар деген жігіт болды, бәріміз бір ақын жүлде алса, соның үйіне барып, жиналып өлең оқып, өлеңді талдап, кімнің өлеңі қандай, кімде қандай өзгеріс байқалады деп, кәдімгідей поэзияға мән беретінбіз. Қазіргі айтыс ақындарының көбі поэзияға аса мән бермейді. Ал Есенқұлмен жақсы араласып тұрдық. Ол Талдықорғанға келген сайын, не болмаса мен Жамбыл ауданына бара қалсам, екеуіміз отырып, «Әй, өлең оқиықшы осы», деп отырып алып өлең оқитын едік.
– Аймақтардағы ақындардың көбі Астанаға қоныс аударып жатыр. Сізде ондай ой жоқ па?
– Негізі мені кіші ұлым қайта-қайта шақырған Астанаға. Жолдасым екеуіміз барып бір-екі апта тұрып та көрдік. Бірақ Астана маған да, жолдасыма да жақпады. Әзірге Талдықорғанда қала береміз, енді әрі қарайғысын бір Алла біледі ғой.
– Газет басқарып отырсыз. Редакторлықтың өзі – ұстаздық қой. Сонда жұмыста қандай басшысыз?
– Мен өте қатты айтамын. Кейде тіпті жұмыста қатты ұрсып жіберетін кезім де болады. Бірақ өмірі кек сақтамаймын. Кек сақтағанды иттің етінен жек көремін. Ұрсып алып, 5-10 минуттан кейін қайтадан емен-жарқын сөйлесіп кете беремін. Өзімнің қателігімді түсінсем, дереу кешірім сұрай қоямын. Кейде ұжымдағылар айтып жатады, «аға, сіз кетсеңіз, біз де кетеміз деп»…
– Адам бойындағы қандай қасиетті ұнатпайсыз?
– Екіжүзділік. Өмірде осы екіжүзділіктен көп теперіш көрдім. Айтқан сөзіңнің тонын теріс айналдырып, басқаға жеткізетін, екі адамның ортасына от салатын адамдар бар. Ондайлар тіпті қаламгерлердің арасында да болады. Кейде саяси мәселеге келгенде өтірік айтуға тура келеді, бірақ сондай сәттерде «жүрегім айнып кетеді». Бір дөкей ағамның айтқаны бар еді, «Осы сен аузыңды бағып, тыныш қана отыратын жерің басқа еді ғой», деп. Сонда мен ол кісіге: «Мен сізден қашан кресло сұрадым?» деп айтқанмын.
– Әлеуметтік желілерді қолданасыз ба?
– Жоқ. Мен жалпы, компьютерде көп отырмайтын адаммын. Мақаланы жазып, сақтауды ғана білемін. Әрі қарайғысын жұмыстағы қыздарға тапсырамын. Тек агентте анда-санда ғана отыратыным бар. Себебі, мен қосымша «Заң» газетінде да жұмыс істегендіктен, олардың берген тапсырмасы бар, өз жұмыстарым бар дегендей, үнемі қарбаласта жүремін.
Сұхбаттасқан Ажар ЕРБОЛҒАН, Астана қаласы.