Айкерім ҚАЛАУБАЕВА, әнші: Екі періштеме бауыр тауып беруге дайынмын

Айкерім ҚАЛАУБАЕВА, әнші: Екі періштеме бауыр тауып беруге дайынмын

– Сіз туралы Ұлықпан Жолдасов: «Мен үшін бұл қыз – Қалаубаева емес, Палаубаева» деп еді. Бүгінгі сұхбатқа қарызыңызды қайтарып, Қалаубаева болып келіп отырсыз ба?
– (Күліп алып). Бұл қарызымнан бұрында құтылып қойғанмын, негізі. Ол кезде «Каспий» тобы болатын. Олар гастрольге пойызбен шығатын болды. Мен палауымды жақсылап басып, шайға тәтті тоқашымды пісіріп, Алматының вокзалынан Мұрат Қожалардан беріп жібердім. Содан арқамнан бір жүк түскендей мәзбін. Гастрольден келген соң Ұлықпан аға: «Палауым қайда?» – деп сұрайды. «Пойызбен кетіп еді ғой», – десем, «Білмеймін, мен дәмін татқан жоқпын», – деп аң-таң. Сөйтсем, Ұлықпан аға ұшақпен кеткен екен. Содан бері Ұлықпан аға мені көрсе: «Қарызыңды қашан қайта¬расың? Өсіп кетті ғой, Палаубаева», – деп қалжыңдайды.
– Би мектебіңіз бар ма? Бар болса, қанша жастағы бүлдіршіндерді қабылдайсыз?
– Би мектебін «Айкерім Қалау¬баеваның би студиясы» деп ашуды биылға жоспарлап отырмын. Бұйыртса, мектепке балаларды 4-5 жастан бастап қабылдаймын. Онда хореография бөлімі ғана емес, фитнес-зал да жұмыс істейтін болады. Инстаграмда болсын, телефоныма болсын хабарласып, «Би мектебін қашан ашасыз?» деп сұраушылар көп. «Баламның аузына түкіртіп алайын» деп Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін ата-аналар да бар. Егер би студиясын ашсам, жұмысы жақсы жүреді деген ойдамын.
– Айкерім Қалаубаеваның сахна¬да жүргені кімнің арқасы? Еңбек-қорлығы ма, әлде тірегі мықты ма?
– Өнер жолында жүргенім еңбекқорлығыма да байланысты әрі маған қолдау көрсеткен жандар да болды. Ең алдымен анамнан бастасам. «Ұят болмасын» бағдарламасына түсіп жүргенімде анам Розыбақиев пен әл-Фараби көшелеріндегі «Қайрат» базарында азық-түлік сататын еді. Сонда түсірілім тобындағылардың біріне ұн, біреуіне қант беретін. Кейде түсірілім болатын күні тоқаш, тамақ пісіріп әкелетін. «Күлшелі бала сүймелі» демекші, мұның бәрін қызыма оң қарасын деп жасайтын. Әйтпесе анамнан ешкім оны сұрамайды да. Қазір ойласам, анам сол кезде мықты демеуші-спонсорым болған екен ғой (күліп).
Бүгінде өнерде жүрген көп қатарластарым үйінде теледидар көріп отырғанда, мен сол теледидар ішінде, сахнада жүрдім десем болады. Баласынбай, «Ұят болмасында» маған көрші қыздың рөлін сеніп тапсырған, талабымды ұштап, экранға шығарған Серік ағаға, бүгінде жан құрбыма айналған сценарист, продюсер Назым Басқымбаеваға да алғысым зор.
Назыммен таныстығымыз тіпті қызық. Ұлымды босанғаннан кейін сахнаға үш жылдан соң оралдым ғой. Сонда тар қапастан жарыққа шыққандай әсерде болдым. Мен үшін сол кездер өте қиын болды. Үш жыл үйде отырғанымда қаншама талантты жас әншілер, топтар шыққан. Олардың тасасында қалып қоймау үшін жанталасып еңбек еттім. Эфирден қайта көрінуім керек болды. Серік аға Назымға «Айкерімді қатыстырыңдар» деп тапсырыпты. Сонымен үш жылғы үзілістен кейін «Дудар-ай» бағдарламасына шықтым. Күлпәш (Берік Тұрсынбеков) бар, басқа әртістер де бар. «Бүгін түсірілім» деген күні мен таңғы тоғыздан боянып, дайындалып сол жерде отырамын. Сондағысы бүкіл бір сахнада «Неге?» деген сөзді ғана айтамын. Соңында тағы «А-а» деймін. Бар болғаны осы (күліп). Бір сөзді айту үшін таңғы тоғызда барғаннан кешкі жетіге дейін күтетінмін. Соның өзінде сценарий барысында ол сөзді Күлпәш айтып қоятын. Сол күйі «негені» айтпай, әйтеуір, түрім эфирден көрінсе болды деп түсірілімге қатыса беретінмін. Сол кездегі шыдамдылығыма әлі таңғаламын.
Келінім Мөлдір Әзімханқызы, Әсел Тұрсынғазина, Ринат Кертаевтарға да ризамын. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» демекші, өнерде кішкентай болсын Айкерім Қалаубаева деген есімімнің шығуына атсалысқан олар – мен үшін қымбат жандар. Сондай-ақ Ұлықпан ағаға, Ермек Елгезековке алғысым шексіз. Бір тиынсыз келген мені қолдады, кеңестерін берді. Ұлықпан аға жалғандықты, өтірік өнерді жек көреді. Кейде мені: «Ей, жаман қыз, өзіңді күшті әншімін деп ойлама, бірақ сен орныққан әншісің», – деп басып отырады.
Білесің бе, өнерге қайта оралғанда алғашқы сахналық көйлегімді небәрі 2500 теңгеге барахолкадан алған едім. Сол сары көйлек ол кезде мен үшін көйлектің ең әдемісі болатын. Макияж жасатуға да жағдайым келмейтін. Шашты өзім сәндеп, өзім бояна салатынмын. Сол кездері жарнама болсын деп тегін тойларға да көп баратынмын. Қазір тегін тойларға мүлде бармайтын болдым.
– Өзіңіз өнер көрсеткен «Сун-Екеш» тобын жұрт «күйеуге шығатын фабрика» дейді. «Сун-Екештің» қыздарының бәрі шынымен тұрмыста ма?
– Иә, ол рас. Айнұр, өзің тұрмыстасың ба?
– Жоқ.
– Ендеше, саған «Сун-Екешке» келу керек еді (күліп). «Сун-Екешке» келген қыздардың бәрі «өтімді». Топ құрылғанда төрт қыз болатынбыз, ең бірінші болып Сандуғаш тұрмысқа шықты. Содан кейін Мақпал кетті, сосын мен. Шәмшінаһар жалғыз қалған соң, қасына Айнұр деген қызды алған еді, ол да күйеуге шығып кетті. Содан соңғы патрон Шәмшінаһар болды ғой.
– Ақша күнде-күнде гүлге кетеді,
Сөйтіп, чики-чики өмір өтеді.
Жұлдыз керек десем, іздеп кетесің,
Алдауыма тағы түсесің, – деп әндетесіз. Өмірлік серігіңізді де осылай анда-санда алдап тұрасыз ба?

– Жоқ, әрине. Бұл – тек орын¬дауымдағы әннің мәтіні ғана. Негізі, мен отбасым туралы тақырыптың мүлде қозғалғанын қаламаймын. Ол күйеуімнің қызметіне тікелей байланысты. Жолдасым – әскери қызметкер. Бір ғана айтарым, Аллаға шүкір, маған әйел бақытын, ана бақытын сыйлаған ер-азаматыммен бақыттымын. Ол – «отбасы, ошақ қасынан ұзама» деп маған шектеу қоймай, өнерімді дамытуыма еркіндік берген жан.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қазір өзіме демалыс жарияладым. Былтыр «Жылайды жапырақтың» ремиксіне бейнебаян түсіріп қойдым, соның монтажын жасатып, айналымға жіберуім керек. Жазылуды күтіп тұрған жаңа әндерім де баршылық. Соңғы кездері Нұрлан Әлімжанмен, Нұрхан Қадырбаевпен бірге той да жүргізіп жүрмін. Оның үстіне бала тәрбиесі де оңай емес. Ұлым Айсұлтан 2-сыныпта оқиды. Мектеп бағдарламасының қандай қиын екенін өзің де білесің, оған көбірек көңіл бөлу керек. Балабақшаға баратын қызым Айданаға да тақпақ жаттап кел дейді, т.б. тапсырмалары бар. Соның бәріне уақыт бөлуің керек.
Жалпы, мен бала тәрбиесіне қаталмын. Балаларым бір айтқанымды екі қайталатпайды. Қайталасам не болатынын өздері жақсы біледі. Егер айтқан тілді алмаса, «Ваннада кездесеміз» деймін. Бізде тәрбиелейтін жер – ванна, екеуі сонда тоқпақ алады (күліп). Кейбір балалар қонаққа барғанда «дастарханға отырып тамақ ішем» деп қыңырлыққа салынып не жерге аунап жатып алады ғой. Көпшілік ортада ботақандарым мені ұялтқан емес. Сабақтарын жақсы оқиды, киімдерін өздері ұқыптап жинайды. Таңертең кетіп бара жатып, өздерінше маған тапсырма беріп кетеді. Бал тілдерімен былдырлап: «Мені балабақшадан алып кетесіз бе?», «Маған мынандай тамақ пісіріп беріңізші» дейді.
Ұлым төрт жарым жасына дейін үйдегі еркеміз де, серкеміз де жалғыз өзі болғандықтан, өзімшілдеу болып өсті. Ал Айдана қызым не алса да, «Айсұлтанға да алайық» дейді. Алмай қалсаң, «үшінші дүниежүзілік соғыс» жасап береді (күліп). Бірақ ұлым сырт жаққа шықса, қарындасына қорған. Ешкімді қарындасының қасына жақындатпайды, қолынан ұстап жүреді. Қазір саған балаларым туралы айтып отырып, оларды сағынып кеттім ғой (күліп).
Бір жыл бойы концерт, гастроль деп жүрдім. Қайта отбасымда бәрі өнеріме түсіністікпен қарайды. Балаларыңның таңғы асын дайындау, тырнағын тексеру, сабағын қадағалау, жуындырып ұйықтату – оның бәрі үлкен жұмыс. Әйел баласының үйдегі тірлігі бітпейді деген рас екен. Гас¬трольден қайтқанда бұлай шаршамаппын (күліп). Бірақ жан дүнием тыныш, майда-шүйде шаруалардың бәрі бақыт сыйлайды.
– Ұлыңыз үшке толғаннан кейін сахнаға оралыпсыз. Ал қызыңыздың 7 айлық кезінен гас¬трольге шыққан екенсіз. Оларды қалдырып кеткенде жүрегіңіз ауырмайтын ба еді?
– Әрине, жүрегім ауыратын. Бірақ оларды аса қатты уайымдамайтынмын. Өйткені өз анам оларға бас-көз болып қалатын. Ешқандай бала күтуші жалдаған жоқпыз, балаларымды туғаннан бас¬тап анам бағып берді, тіпті әлі күнге дейін тәрбиелеп отыр. «Тегін «няня» жерде жатқан жоқ» деп анда-санда қалжыңдап қояды.
Қазір балаларымның есі кірді ғой, жұмыс кестеме үйреніп қалды. Студияға кетіп бара жатсам, «Аман-есен барып келіңіз, жолыңыз болсын» деп қалады. Үйде жүрген кезімде балаларым «Бүгін үйде боласыз ба? Ешқайда кетпейсіз бе? Мені құшақтап ұйықтаңызшы» дегенде ет жүрегім елжіреп кетеді.
– Бір сұхбатыңызда «Бұрынғы «Сун-Екеш» тобындағы қыздармен бала санынан жарысып жатырмыз» деген екенсіз. Үшінші перзент жоспарыңызда бар ма?
– «Сун-Екеш» қыздарының бәрінің бауырында сәбилері бар. Міне, үшінші айналымды Мақпалымыз бастап берді, әрі қарай марафонды жалғастыру – бізге міндет (күліп). Екі періштеме бауыр тауып беруге, Алла жазса, мен қашанда дайынмын.
– Не дегенмен оңтүстіктің қызысыз ғой, анда-санда «шымкентский вариант» жасайтын кезіңіз бола ма?
– Кейде біреулер «Ой, ваши чимкентские варианты» деп өздерінше мұрнын шүйіреді. Ал мен оларға: «У нас хоть есть варианты, а у вас?» – деп жауап беремін. «Шымкентский вариант» па, әлде табиғатымнан біткен мінез бе, өзгелермен жұмсақ сөйлесіп, тіл табысуға тырысатыным рас. Таныстарымның көбі Шымкенттің қызы екенімді білмейді екен. «Айкерім, сен Шымкенттенсің бе?» деп тосырқай қарайды. «Иә, Шымкент – менің Отаным!» – деп әрқашан мақтанышпен айтамын.
– 1 айда 12 келі салмақ тастаған екенсіз, нәтижеге қалай қол жеткіздіңіз?
– Бұл 25 жасымда жасаған «ерлігім» ғой (күліп). Бір күні өзім түскен бір бағдарламаны қарап отырсам, экранда томпа-а-ақ бір қыз тұр. Өзінше билеп тұрмын деп ойлайды, бірақ басынан өзге дене мүшесі қимыл¬дамайды да. Экрандағы Айкерімге 10 жас+20 келі қосылып тұр. Сол күнге дейін маған қатты толып кеткенімді ешкім айтпаған ғой. Бәрі «толысқан саған жарасады» деп мені алдапты. Ал мен сол пікірлерге құлақ асып, мәз болып жүре беріппін. Экраннан өзімді көргеннен кейін қатты намыстанып кеттім. Арықтаймын деп алдыма мақсат қойып, сәл қолым босаса, жаттығулар жасап жүрдім. Сөйтіп, бір айда 12 келі салмақ тастап, бұрынғы қалпыма түстім. Шынымды айтсам, маған салмақ қуу аса қиын емес. Сегіз жыл балет мектебін оқыған соң, дене бітімім кез келген іс-қимылға, жаттығуға дайын.
– Отбасы мен кәсіптің тепе-теңдігін ұстап отырған нәзікжандылардың бірісіз. Жалпы, шаңырақтың шайқалмауы неге байланысты?
– Жолдасыммен отасқанымызға тоғыз жыл болды. Меніңше, аз уақыт емес. Жастықпен ұрыс-керіс те, кетем деген қиғылық та болды. Мен отбасын құрудағы қиындықтардың бәрінен өттім деп ойлаймын. «Ақылды әйел күйеуіне айтар сөзіне шекер қосып, күйеуінің айтқан сөзінің тұзын алып тастайды» деген қағиданы ұстанамын. Бір түйгенім, қашанда жолдасының тілін тауып, өз қалауын екінші орынға қоя білген әйел ешқашан жерде қалмайды. Отбасы болған соң комедиясы да, трагедиясы да болады. Тек «ужасы» болмай-ақ қойсын, лайым.

Сұхбаттасқан Ай-нұры ЕРМАХАНОВА,
("Жұлдыздар отбасы", №7, 2015 жыл)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста