Айгүл Иманбаева жайлы білгіңіз келсе...
Өнер әлемінде қазақтың дарынды қыздары аз емес. «Өзін өнерден тапқан, өнерден өмір тапқан» Айгүл Иманбаева да театр саласында өзінің сан қырлы образдарымен халықтың айрықша ықыласына ие болған талантты актрисалардың бірегейі. Өнерді бір-бірінен бөлуді білмейтін дарын иесі әсем дауысы мен ән әлемінде де өзінше қалықтауда. Тәулігіне 20 сағат талмай еңбектеніп, өмірін өнермен өрнектеген Айгүл Иманбаевамен сырласудың сәті түскен еді.
- Балалықтың сарғайған парақтарын ақтарғанда есіңізе әуелі не оралады?
- Балалық бал дәуренім Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Кенен Әзірбай ауылында өтті. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда кез келген адам үшін, ең бақытты да қамсыз шағы әрине, қайталанбас балалық дәурені ғой. Анамның айтуынша былдырлап тілім шыққаннан ән айтуға деген әуестігім соншалық, қолыма түскен затты микрафон ғып, күнімді айна алдында өзімше әндетумен батырады екенмін. Мектеп құшағында «Баян» класында оқыдым. Балалық арман адамды алдамайды, адастырмайды да. Әнші болу үшін қаққан қанатым 1994 жылы мені Алматыға алып келді. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, актерлік бөлімін бітірдім. 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде теле-радио бөлімін тәмамдадым.
- Өнер әлімінде сан қырыңыздан көрініп, өзінше өрнек өріп келесіз. Жалпы, бұл талант сізге кімнен дарыған?
- «1 пайыз талант, 99 еңбек» демекші, еңбектің жеңбейтіні жоқ. Асыл тасты ерінбей қырлай берсең, гауһарға айналатыны сияқты бойыңдағы тарыдай талантты талмай ұштауың керек. Негізінде, өз жұртым да өнерден құржаяу емес, барлығы дерлік өнер жанашырлары. Сондай-ақ, Жетісудің желмаясы атанған Кенен Әзірбаевтың немере жиенімін. Мұның бәрі мені әр уақыт өнердің өріне жетелейді.
- Әуелі сіз анасыз. Балаңызды шексіз аналық мейірімге бөлей алдыңыз ба?
- Мынау бес күндік жалғанда жер басып жүрген жұмырбасты пендеге перзентінен артық не бар?! Барым да нарым да бір ұлым, оны қалай аналық махаббаттан кенде қылайын. Қанша жерден қарбалас болсам да, ана екенімді есімнен шығарып, бала тәрбиесін ұмытқан емеспін. Өз анамның маған үйреткен қасиеттерін ұлымның санасына сіңіруге талпындым. Баламды кішкентайынан «Құдайын таныса, жүрегі ислам нұрымен сусындаса» деген ниетпен жазғы демалыстарында Алматы маңындағы Абай медресесіне оқуға бердім. Қаншама жыл қатарынан киелі шаңырақтан ілім жинады, санасына ислам нұрын сеуіп өсті. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адамдық пен ізгілікті айыра білетін, тіптен, менің ақылшым мен сырласыма да айналды. Сол үшін де Аллаға мыңда бір шүкірлік етемін. Егер санасына бермесе, қасынан шықпай, басынан тоқпақтап отырғаннан не пайда? Қазіргі компьютер мен қол телефонға кісенделген заманда, қанша жерден балаңды көзіңнен таса қылмасаң да, оның көзі мен құлағына, қиялына шектеу келтіре алмайсың. Сол үшін де Алла санасына берсін деймін. Ұлымның келешегінен күтер үмітім зор. Алдына қойған мақсаты айқын, ұлтжанды азамат болып ержетіп келеді. Болашақта оператор, режиссер болмақшы. Өз кәсібінің білікті маманы атануы үшін алдымен тіл білуі керек. Сол үшін де соңғы жылдары демалысында Лондон, Венгрия, Малайзия қатарлы алпауыт елдерден білім алуда.
- Барлық тапқан табысыңызды өзіңіз құрған «А. И» театрына саласыз. Ал сізге «А. И» не береді?
- Менің бір актерім: «Айгүл сен өте ақылды адамсың немесе мүлде ақымақсың» дегені бар еді. Мені «өзімнен кейін артымда не қалады?» деген сұрақ қатты мазалайды. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демекші, артыма халқым үшін жасаған игілікті ісім қалса деймін. «А. И» театрын ашудағы мақсатым осы еді. Яғни, болашақ үшін қызмет жасауымыз керек. Жүрегім өнерге адал қызмет жасасаң, одан саған келер қайырдың көптігін сезеді.
- «А. И» театры алқашқы қадамынан-ақ, халықаралық байқаулардан бас жүлдесіз қайтқан емес. Мұның сыры неде?
- «А. И» театры шымылдығын алғаш әлемдік деңгейдегі классикалық шығарма Жан Ануйдың «Медея» спектаклімен ашты. Сол уақытта театр мамандарының көкейінде аяғын әлі баспаған театр төңірегінде көптеген сұрақтар тұрды. Мұның бәріне театр ұжымы өз қабілеттерімен жауап қатты.
Біз театр ашылған уақыттан бастап-ақ, мақсатымыз халықаралық театр байқауларына қатысу болған. Театр құрылғаннан кейін көп өтпей Украинаның Керчь қаласында өткен «Босфор бәсекесі» атты XIV халықаралық театрлар фестивалінде бас жүлдемен оралдық. Ал Сербияның Белград қаласындағы «Славия» байқауында «Медея» спектаклімен Сербияда Үлкен Донкихотты жеңіп алған Ресейдің Перьм қаласының «У моста» театрымен тайталасып бас жүлдеге таластық. Перьм театрының құрылғанына 25 жыл және олар осы уақытқа дейін 125 байқауға қатысыпты. Ал біздің тәжірибеміз өте аз. Соған қарамастан, қаншама театрдың ішінен бірінші орын, яғни Кіші Донкихот жүлдесіне ие болдық. Қазылар алқасы біздің актерлеріміздің сахнадан ескен эмоциясына ерекше таңғалды. Өткен жылы Македония елінің Скопье қаласында өткен «Стоби» халқаралық театр фестивалінде бас жүлдемен оралдық.
Театрда әртіс тірі энергетиканы жұмсау арқылы көрерменді өзіне тартады. Көрермен әртіспен бірге мұңдасып, бірге жылауы, күлуі керек. Ал біздің ұжымның әртістерінің әрқайсысы осындай дарынға ие. Жалқаулықты білмейді, арда өнер үшін жанын беруге де даяр жандар.
- Театрға көрермен неге ағылмайды?
- Расымен де, елімізде театрсүйер көрермен аз. Алайда, Ресеймен салыстыруға мүлде келмейді. Мәселен, бір Мәскеудің өзінде 18 миллион халық тұрса, онда күніне дүниенің түкпірінен 6 миллион қонақ келеді. Енді әрі қарай, өзіңіз есептей беріңіз. Сондай-ақ, оларда сонау Данченко, Станиславскийдің кезінен театр мәдениеті дамып кеткен. Бізде, мұндай театр мәдениеті қалыптаспаған деуден аулақпын. Қазақ театр өнерінің, қазақ әртістерінің эмоциясындай эмоция бірде-бір халықта жоқ. Бірақ, бізде насихат өте аз. Театр өнеріне басшылықтан бастап ревалюция керек, жаңа толқын, жаңа леб керек. Еліміздің әр түкпірінде тас жаратын таланттылар жетерлік. Тек мемлекет тарапынан бұлақтың көзін ашатын қолдау, қуаттау керек.
- Кино актрисасы ретінде де өзіңізді мойындата білдіңіз. Тағы қандай рөлді сомдағыңыз келеді?
- Томерис, Тұмар патша сияқты тарихи тұлғалардың рөлін сомдағым келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақфильмнен Әбілқайыр ханның бәйбішесінің рөлін сомдауға шақырту алдым. Құдай бұйыртып бұл сынақтан өтіп кетсем, менен бақытты адам жоқ шығар. Өйткені, тарихи дүние еш уақытта өз құндылығын жоғалтпайды. Кино - мәңгілік өнер. Эстрада жанрындағыдай, ізіңді басқан жас, ертең сені жағаға шығарып тастамайды. Ондай тарихи кейіпкерді сомдау үшін мен біраз нәрсені сызар едім және рөлім үшін жанымды беріп жұмыс жасар едім.
- Мұндай мүмкіндік туса театрды да сызасыз ба?
- Жоқ, әрине. Театр - менің өмірім. Бірақ, біраз уақытқа сабақтастыра тұруға болады.
- Әнші ретінде кімнің әнінен қуат аласыз?
- Әншілерді әнші, орындаушы деп екіге бөлемін. Мен үшін әнші Ақбота Керімбекова мен Мейрамбек Беспаев. Мені екеуінің әні жылатады, жұбатады, ойландырады. Тіптен, тұңғиыққа батырып-ап, қайта көк аспанға қалықтатады. Жаныммен сырласады, мұңдасады.
- Фонограммаға қаншалықты тәуелдісіз?
- Эстрада - микрафонға тәуелді жанр. Дәстүрлі әншіге аппараттың да, микрафонның да керегі шамалы. Еркін дала дауыс. Ал, эстрада әншілеріне жанды дауыспен ән салу үшін әңгімені дыбыс режиссерінен бастау керек. Музыкалық апараттағы 125 нүктенің тілін білетін маман керек. Оның құлағы алтын болу керек. Ал бізде мұндай мамандар жоқтың қасы. Өз басым Валентин, Синельников деген еврей ұлтының азаматтарын ғана білемін. Қалғаны концерт пен тойларда аппарат басында отырып, дыбыс берумен шектелгендер ғана. Әр әншінің өз микрафоны болу керек. Бұл турасында шешімін таппаған сұрақ жетерлік. Бірақ, елімізде жанды дауыспен ән салатын эстрада әншілері де бар. Мен де, халық алдында «Достар» ансамблімен табиғи дауысымен концертімді бердім.
- Атақ үшін қызмет жасайсыз ба?
- Менің еш атағым жоқ. Маған атақтан халықтың ықыласы мың артық. Әйтпесе, басшылықтан, әкімшіліктен «Айгүл қазақ өнеріне біркісідей үлес қосып келесің. Құжаттарыңды өткіз» деген өтініштер жиі түседі. Сенсеңіз, уақытында құжаттарымды өткізуді ұмытып кетемін. Егер биыл тағы сұратып жатса, құнттылықпен құжаттарымды тапсырмақпын.
- Сіз үшін бақыт деген не?
- Мен үшін бақыт деген - жүректің тыныштығы. Егер жаның беймаза күй кешсе, барлық ауруды да содан табасың. Сөйтіп, өмірің өз-өзіңмен арпалысумен өтпей ме?!
- Арманыңыз не?
- Абай атамыз айтқан ғой, артыңда із қалғанда ғана мәңгілік өлмейтін адамға айналасың деп. Сол сияқты мен де сол жолда еңбектенемін. Бар күшімді тарих үшін жұмыс жасауға саламын. Талмай еңбек етсең, ол саған жемісін, жеңісін бермей қоймайды.
- Әлеуметтік желіде қаншалықты отырасыз?
- Бүгінгі ақпарат ғасырында әлеуметтік желінің маңызы өте зор. Әңгіме тек оны қандай мақсатта пайдалануыңызға байланысты. Мен тек ақпарат көзі ретінде жиі пайдаланамын, таңнан кешке дейін байланып отыратын уақытым да жоқ.
- Пендешілікке қаншалыққа жол бересіз?
- Әрине періште емеспіз. Алайда, барынша рухани дүниеңді тазалап, қоректендіріп отырсаң, жаман қасиеттерден жаның жиіркенеді, өзіңді бұлардан алыс ұстауға тырысасың. Пенде бола тұра, пендешіліктен адамын дегеннің өзі пендешілік болмай ма?!
Baq.kz