Алматыда орналасқан республикалық маңызы бар жеті театр Алматы әкімдігіне қарсы шықты. Айтуынша, қалалық Мәдениет және архивтер басқармасы шаһардағы барлық театрларды Алматы қаласының меншігіне өткізу туралы шешім шығарған. Асанәлі Әшімов бастаған Қазақстан театрлары ассоциациясының мүшелері мен театр директорлары мұндай "орынсыз шешім" шығарған қала басшылығын сынға алды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Қалалық мәдениет басқармасы еліміздің мәдени құндылығына айналған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер академиялық театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Н.Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер Мемлекеттік академиялық орыс театры т.б. театрларды Алматы қаласының меншігіне өткізу туралы бұйрық шығарған.
Еліміздегі жетекші театрлар бұл "сорақылық" туралы шаһар басшысы Бауыржан Бәйбек естімеген болуы керек деп үміттенеді.
Олардың бұл шешімін орынсыз деп атаған Халық әртісі Асанәлі Әшімов бүгінгі өткен баспасөз конференциясында мәлімдеме жасады.
"Әуезов театры - бүкіл өнердің қара шаңырағы. Оны Алматының театры деп алу ешқандай қисынға келмейді. Альма-матер, бүкіл өнердің орталығы... Бұл бір түсінбейтін, білмейтін адамның тіршілігі деп ойлаймын. Соны бірінші басшылар білмейді ме деп те ойлаймын. Өйткені кеше маған әкім орынбасары звондады. "Бұл біздің ісіміз емес, бастама бізден шығып жатқан жоқ", - деп айтып отыр. Соған қарағанда архивтің адамдары ма, тағы да сондай провокаторлар болады өзі, солар ма деймін...
Мәдениет басқармасы дейді, оны Байбек білмейді.. Сондықтан біз өнерді өсірудің орнына, өшіріп жатырмыз. Тіпті президентке жеке барып айтатын шығармын. Әртістерге халықтық атақты қайтару туралы айту керек. Облыстық театрлар облыстық театр, ал енді көпұлтты театрлар, Алматыдағы республикалық театрлар, қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, кәріс театрлары, орыс және қазақ жасөспірімдер театрлары - бұл ұлттың негізі. Бұл жеті театр - академиялық театрлар. Бұл республикалық театрларды қаланың шеңберінде қалдыруға болмайды. Олар - бүкіл республиканың құндылығы. Олардың дәрежесін көтерудің орнына төмендетіп әлек" - деп ашуланды Халық әртісі.
Алматы қалалық мәдениет және архивтер басқармасы аталған жеті театрдан бүгін сағат 15:00-ге дейін мекемелердің қаржылық мәліметтерін сұратқан. Алайда ашуға булыққан театр директорлары мұны жайдан жай қалдырмаймыз деп отыр. Себебі, республикалық маңызы бар театрлардың қала дәрежесінде ғана қызмет етуін олар дұрыс емес деп санайды.
"Алматы әкімдігіне біздің театрларды қаржыландырып, босқа ақша шығындағанша, одан да сол кеткен ақшаға жаңа театр ашып, соның сапалы қызмет етуіне назар аударсын деген ұсыныс айтқымыз келеді. 37 жылдан бері естіген ең сорақы жаңалық осы болды", - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Олег Ли.
Әріптестерінің айтқан уәждерімен еліміздегі жетекші театрларының директорлары да келісіп отыр.
Жиында "Қазақстан театрлары ассоциациясының" вице-президенті, М. Әуезов Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров театрлардың қала әкімдігінің меншігіне өтуін қисынға келмейтін жайт екенін атап өтті. Айтуынша, әлемдегі әйгілі театрлардың барлығы бір белгілі бір қалада орналасқанымен, қаланың емес, бүкіл ұлттың, республиканың мүддесі үшін қызмет жасауда.
"Аты аталған жеті театрдың барлығы да бір елдің намысын қорғайтын, беделін көтеретін, қанша жылдық тарихы бар ұлттық, мемлекеттік құндылық болып саналады. Егер біз Алматы қаласының қарамағына қарасақ, онда шетелге барғанда кімнің атынан барамыз? Алматы қаласының ба? Онда мемлекеттің атынан кім барады? Біз онсыза да барған жерімізде Алматы қаласынан келдік дейміз, алайда дәрежеміз республикалық. Бұл өте маңызды. Республикалық театрлар бір емес, бесеу. Мен дәрежеміздің бұлайша төмендеуін елестете алмай отырмын", - деді М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев.