Сырлы Созақ жерінде тарихтан сыр шертетін сан алуан жәдігерлер жетерлік. Тіпті сонау ғасырлардың сорабынан аман өтіп, бүгінгіге жеткен құнды тарихымызды құрметтей алмай отырғанымыз бармақ шайнатады. Бір қазақ жеріне ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр болған сол көненің көзі – Созақ ауданының Ақсүмбе ауылындағы Ақбикеш мұнарасы тиісті органдар тарапынан қамқорлық күтеді. Алайда оған тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей отыр.
Тамыз айында «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясының ОҚО филиалының ұйымдастыруымен әйгілі мұнараға арнайы экспедиция ұйымдастырылған еді. Құрамында партия жетекшілері, елге есімі белгілі азаматтармен бірге БАҚ өкілдері де мұнараның бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан еді. Бұл да болса, тарихи мұраларымызға сәл де болса назар аудартудың амалы болатын. Арада біраз уақыт өткеніне қарамастан, сол кезде айтылған мәселелер сол күйі қалды. Әлі де кеш емес. Алдағы уақытта осы мәселеге назар аударылып, қамқорлыққа алынар деген үміт те шуда жіптей үзілер емес.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ақбикеш мұнарасы тұрған жер кезінде әйгілі қала болған көрінеді. Нағыз қазақы атауы бар Ақсүмбе ауылы тарихи ескерткіштерімен де аты мәлім. Мұнда Қаратаудың сілемдерін жағалай орналасқан биік төбенің басында ХІІ ғасырда салынған Ақбикеш мұнарасы бар. Әйгілі мұнара туралы аңыздардың бірнеше нұсқасы айтылады.
Төрт бұрышында қарауыл мұнаралардың орны байқалады. Мұнара мен iшкi баспалдақтары жартылай бұзылған. Осы уақытқа дейін құламай жеткен мұнараның сырын ауылдықтар былайша түсіндіреді: топырақты сүтке илеп, арасына ту биенің құйрығын салып илеген көрінеді. Алыстан көзге шалынатын бұл биік мұнараны жауды бақылау үшін тұрғызылған қарауылхана деген болжам айтылады. Көне тарихқа көз жүгірткен жан бұл мұнараның Ақбикешпен қатар, кейде «Ақсүмбе» деп те аталатынына таңданыс білдіруі мүмкін. Бірінші нұсқаға ойыссақ, Ақсүмбе аталатын себебі қазақ найзаның ұшын «сүме» деп атағаны белгілі. Сондай-ақ үй боғатына біткен мұз қиыршықтарды сүмбе деп те атайды. Алыстан көкке шаншылып, сүйірленіп тұрған соң солай атауы да мүмкін. Ал екінші нұсқаға мән берсек, мұнараның Ақбикеш атануы туралы сан салалы аңыз көп. Қайсысына құлақ түрсең де, шындыққа жанасымды сықылды. Ақсүмбе деген батыр қалмақтың Ақбикеш деген сұлуын шапқыншылық кезінде еліне олжалап алып келіп, өзіне еріксіз жар етіпті-міс. Қатты қапаланған қыз құсадан қайтыс болғанға ұқсайды. Ақбикеш арудың ақтық сөзі «елімді сағынып, құсадан қайғырдым. Сүйегімді сонау биіктегі мұнараға жерле. Рухым қарауылхананың тесігінен туған еліме қарап жатсын» болған екен-міс. Батыр сұлуын сонда жерлеген екен дейді. Содан Ақбикеш атанып кетсе керек...
Ауыл адамдарының айтуынша, тағы бір аңызда ертеректе осы өңiрде Ақбикеш есiмдi ержүрек әрi көрiпкелдiк қасиетi бар бiр қыз өмiр сүрген деседi. Ол қарауылханаға шығып, көз жетер жердің бәрін барлап, жаудың қай жақтан тап беретінін алдын ала бiлiп отырыпты. Осындай бір жаугершілік шақта ел шетiне жау тиiп, Ақбикеш дұшпанмен шайқасып, мерт болады. «Батыр қызды елі ардақтап, мұнараға жерлептi» деседi. Ендi бiр нұсқада көрiпкелдiк қасиетi бар қыз жау қолынан мерт болған соң, оны жерлеген жерге осы мұнараны салыпты деп те айтады. Бұл екi нұсқаның негiзi бiр секiлдi. ХIII ғасырда армян патшасы Гетум І моңғол қағаны Мөңкеге бара жатып, жолай Ақсүмбеге түнеген екен, сонда ол қарауылхананы көрiп таңғалыпты деседі бір аңызда. Азияны дүр сiлкiндiрген Әмiр Темiрдiң өзi Ақбикешке келiп түнеп, Құран бағыштағандығын тарихшы Шараф ад-дин Йаздидiң «Зафарнамасында» жазылған. Ол осы арадан Ақ орданың соңғы ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанған...
Тарих бедерінде ойып тұрып орын алатын құнды дүниемізді қалай да сақтап қалуымыз қажет-ақ, әрине. Бәрін де қаражатқа әкеп тіреп қоюға да болмас. Өткеннің өнегесі бүгінгіге сабақ болуы тиіс. Тарихымызды бүтіндеуге көмек қолын созатын ақ жүректі азаматтардан да көмек күтеді ақсүмбеліктер. Дештi Қыпшақ даласының тарихында Ақбикеш мұнарасының алар орны ерекше екені белгілі. Иісі қазақ жерінде мұндай тарихи жәдiгерлер жоқтың қасы деуге де болады. Сондықтан да сақтап қала алмасақ, бүгінгі ұрпаққа сын болары сөзсіз.
Бір дерек
Тарихи деректерде Ақбикеш мұнарасы Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорықтарында Дешті қыпшақ даласын бақылап отыру үшін қарауыл мұнарасы ретінде пайдаланылған делінеді. Көнекөздердің айтуынша, кезінде мұнараның көлемі бойынша – ені 14 метр, биіктігі 25 метр болған көрінеді. Жел мен жаңбырға мүжіліп, бүгінде оның ені – 7 метр, биіктігі 11 метрге жетер-жетпес халде. Сан ғасырлар сорабынан мүжілмей бүгінге жеткен мұнараның сыртқы кейпі толық сақталғанымен, мамандардың айтуынша, архитектуралық талаптарға сәйкес, реставрация жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Қала орнын 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан басқарған Оңтүстiк Қазақстан археологиялық экспедициясы, ал 1947 жылы археологтар Е.Агеева, Г.Пацевичтер зерттеген.