Танымал тележүргізуші, кәсіпкер Жанат Бақыт айналасы 2-3 күннің ішінде үш жақынынан айырылып қалды. Әуелі вирусқа сенбей жүр едім, жазасын алдым деп көкірегі шерге толған Жанат енді басқаларға көмектесіп, бір тамшыдай болса да пайдам тисе екен дейді. Кәсіпкер қазір әлеуметтік желілері арқылы өкпені жасанды желдету аппаратына ақша жинап жатқан көрінеді. Stan.kz тілшісі тележүргізушінің өзімен тілдесіп көрді.
Туған ағасынан айырылып, қара жамылып отырған Жанат әлі есін жия алмай жатқанын айтады. Балалық шағымнан бағып-қағып өсірген ағамнан қапияда айырылып, қадіріне тірісінде жете алмадым деп егіледі. Ағасының қазасы жанына батқан журналист менің қателігімді басқалар қайталамаса дейді және басқа да ауырып жатқан науқастардың аяғынан тұрып кетуге тамшыдай болса да үлесімді қосамын дейді.
"Біз отбасында төрт баламыз. Ең кенжесі - мен. Ең үлкен ағам Алмат 1973 жылы туылған. Расында тірі кезінде адамның қадірін білмейді екенсің. Ағам мені кішкентайымнан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Сүйтіп жүргенде бауырым үйленбей қалды. Биыл үйленем деп жүр еді. Ағамыздан қапияда айырылып қаламыз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Өзі де ойламады. Ауырып жүрді. Қарапайым тұмау деп ойладық. Дәрі қабылдап, ем-дом жасап жүрді. Басында бәріміз вирус дегенге сенбей жүрдік қой. Тәртіп қатты болып, блок-бекеттер тұрған кезде ауырған адамдар өте аз болды. Кейінгі үш аптада бүкіл халық бірдей құлады. Сол сәтте менің ағам да ауырып жүрді. Бірақ жұмысына барып, тіршілігін жасады. Соңғы кездері тыныс алуы нашарлап ауа жетпеген соң, жедел жәрдемге хабарластық. Түскі сағат үште шақырған жәрдем кешкі сағат онда әрең келді. Ауруханалар алмайды, есіктері тарс жабық. Он көлік қатар тұр. Ішінде жағдайы өте нашар адамдар жатыр. Соңында бір ауруханаға телеарна шақырамыз деп жүріп әрең кіргіздік. Жансақтау бөліміне жатқыздық, кейін тек мәйітін алып шықтық", - деп егілді журналист.
Ауруханадағы жағдайды көзімен көрген Жанат Бақыт ішінде жатқан науқастың жағдайы қалай, не болып жатыр білу мүмкін емес дейді. Сырттағы күзет қолыңдағы затыңды ғана алады екен, ары қарай кіруге рұқсат жоқ. Үш күн ауырып,төртінші күні дәрігерлердің айтқан қаралы хабары төбемізден жәй түсіргендей болды дейді ол.
"Жансақтау бөліміндегілердің әрең дегенде нөмерін тауып хабарлассақ, "Ағаңыздың жағдайы ауыр, дайындала бер, өліп қалуы мүмкін, өліп қалса хабарласамыз, аппаратқа салатын шығармыз" деп әлі отыр екен. Осы қоңыраудан кейін таңғы төртте ағам кетіп қалды. Сонда ауруханада жатқан төрт күн бойы ешқандай аппаратқа салмаған, бізде аппарат жоқ деген сөз. Біздің үйде емдегіміз келді. Бірақ дәрі жоқ, қарапайым шприц жоқ. Дәл осы себептен қаншама адам кетіп жатыр. Кеше дәрісі бар қоймаларды желілерде көрсетіп жатыр. Не үшін мұндай дәрі тапшылығын жасап отыр? Менің миым жетпейді, шыны керек. Нақты істің мән-жайын білмей біреуді кінәлауға да аузым бармай отыр. Дәл қазір бізде ойланып отыруға уақыт жоқ. Бір адамда артық дәрі болса екінші адамға тегін таратып жатырмыз. Үш-төрт күннен бергі жасап жатқан амалымыз, жақсылығымыз - осы. Ең болмағанда сіздің үйдегі артық дәрі бір адамның болсын өмірін алып қалсыншы деген ниет", - деген ол ағасының денесін мәйітханадан алып кетудің өзі мұң болғанын айтты.
"Ағамның қайтқанын хабарлағаннан кейін "мәйітханадан барып іздерсің" деген жауап алдық. Мәйітхана алдында сандалып жүрген адамды көрсеңіз базар сияқты. Әр мәйітхана алдында кем дегенде 50 адам тұр. Барлығы тізімде аты аталған адамдар ішінде танысы бар ма, жоқ па деп қарап тұр. Осындай бассыздық болып жатқанда қандай карантин шаралары сақталады, айтыңызшы. 3-4 күн бұрын өлген тусының мүрдесін ала алмай жүргендер бар. Ал оның ақшасы бір бөлек әңгіме. Мәйтханаға 25 мың, денені таситын машинаны жалдау - 85 мың, ал Кеңсайға жерлеу - 350 мың тұрады. Айналып келгенде барлығы қып-қызыл ақша. Оның бәрін төлеуге менің ақшам болды делік, ал ақшасы жоқтар не істейді?! Жағдайы жоқ адам көмусіз қала ма сонда?!" - деп ашуға булықты журналист. Ағасы қайтқан күні отшашуды көріп, анама ненің құрметіне болып жатқанын түсіндіре алмай дал болдым дейді.
"Туған ағам, жақын туыстарым қайтыс болды. Олардың қайтқандарын өз ағайындарына естірте алмай отырмыз, өйткені оларда ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Оларды жерге көмгенімізді әлі ет жақындары білмейді. Осындай жағдайда кеше отшашу атып жатты..." - деп тамағына өкісік тығылған Жанат көзіне жас алып қалды.
"Ағам анаммен бірге тұратын. Отшашудың не үшін атып жатқанын анама түсіндіре алмадым. Біздегі жағдай осы. Енді қолымдағы барымды салып, халықтан жинап, аппарат алып жатырмын. Мен ағамды алып қала алмадым. Ең болмағанда басқа өмірді құтқарып қалайық. Бүгін Қайрат Жолдыбаймен сөйлестім, тағы да он аппартақа ақша жинаса, апарып береміз деп отыр", - деген Жанат Бақыт қазір "вирус бар-жоқ" деп таласып отыратын уақыт емес дейді.
Оның пайымыншағ адамдар бір-біріне деген сүйіспеншілікті ұмытып, адами қасиетін жоғалтып алды. Құдай сол үшін осындай сынақ деп жатқан шығар деген пікірде.
"Дәрі тапшылығы қолдан жасалып отыр деген сынды пікірлер бар. Бірақ біз Құдайымызды ұмытып кеткен сияқтымыз. Өйткені, материалдық құндылықтың артынан кеттік. Жақсы киіну, жақсы көлік міну, зәулім сарай салу дегеннің соңынан жүгіріп, адами құндылықты, рухани байлықты ұмыттық. Мысалы, мен ағамды жылына бір-екі рет ғана көретінмін. Туысқандарымызбен бар ма, бар, аман ба, аман деген қарым-қатынас болып кетті. Аптасына төрт рет той, анаған не кием, мына тойға не кием деген ойдан ары аса алмай қалдық. Мүмкін, Құдай тәубемізге түсіріп, сол үшін жазалап жатқан шығар. Ағайын-туыстың, бала-шағаның бірінші орында тұратынын, материалды құндылықтың рухани байлық қасында артта қалатынын, сен өлгенде артыңнан соқыр тиын да ала кетпейтініңді түсіндіру үшін осындай болып жатқан шығар. Туған-туыстардың арасы суып кеткенін ағам қайтыс болғанда бір-ақ түсіндім. Бір-бірімізге жылы сөз айтып, қамқор болуды қазір қайта үйреніп жатырмыз. Бірақ осыны түсіну үшін біз жақынымыздан айырылу керек болды", - дейді Жанат Бақыт.
Айналасы бір аптаның ішінде орын алған жағдайлардан соң әлі есімді жия алмай отырмын деген Жанат өкпені желдететін аппаратқа ақша жинап жатқанын жеткізді.
"Біреуді кінәлап, үкіметті қаралап отыратын қазір уақыт жоқ. Өйткені мен қанша адамның өліп жатқанын көрдім. Жедел жәрдем көлігінде өліп жатқан адамдар бар. Жансақтау бөліміне тепсе темір үзетін алты жігіттің кіріп, барлығының өлігі шыққанын көрдім. Жансақтау бөліміне адамдар тірі қалу үшін барады ғой. Ал қазір керісінше өлу үшін кіргізетін сияқты болып қалдық. Ол жақта жағдайдың қалай болып жатқан білмейсің. Расында халық тынысы тарылып, аппаратқа жете алмай қырылуда. Сондықтан мен халықпен бірігіп, өз дүкенімнен түскен қаражатты түгелдей салып жатырмын", - деп қайырымды іске белек сыбана кіріскен Жанат халқынан қолдау сұрайды.
Stan.kz редакциясы жаны жомарт, қолы ашық жандар үшін реквизиттерді ұсынады:
Kaspi-gold
№: 5169 4931 2111 3149
ИИН: 840418400747
Бакитова Жанат Жолдыгалиевна
Халық банк
№: 4405 6397 4548 9334
ИИН: 840418400747
Бакитова Жанат Жолдыгалиевна
Сбербанк
№ 4578 3200 0894 0880
ИИН: 840418400747
Бакитова Жанат Жолдыгалиевна