Алдағы уақытта «Қазақфильм» киностудиясы өз көрермендерінің назарына режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовтың «Ағайындылар» атты туындысын ұсынбақшы.
Фильм бірі – қалада, шешесінің қолында, енді бірі – ауылда, ата-әжесінің тәрбиесінде өскен Серік және Берік есімді ағайындылар жайында. Аталған кейіпкерлерді егіз актерлер Сәбит пен Ғабит Мұстафалар кейіптейді. Режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетов сценариймен бұрыннан таныс екенін айтады. Тек жұмысқа кірісудің сәті түспеген. Сюжет бойынша, 20 жылдан кейін кездескен егіздердің ой-санасы, өмірлік ұстанымдары бір-біріне қайшы екендігі байқалады. Берік байсалды әрі ақылды. Ал Серік – Еуропада білім алған, өмірге жеңіл көзқараспен қарайтын адам. Ақырында, қалада келеңсіз жағдайға ұрынған Серік ауылдағы бауыры Берікті паналауға мәжбүр болады. Барлығы тынышталған соң, Берік інісіне еріп қалаға келеді. Бірі ауылдың, енді бірі қаланың тіршілігіне үйренбеген кейіпкерлер күлкілі жағдайларға тап болады. Фильмнің бұл реттегі мақсаты қала мен ауыл арасындағы алшақтықты көрсетуге саяды.
– Фильмнің жанры – экшн элементтері бар трагикомедия. Мұнда аздаған атыс-шабыс та бар. Трагикомедия жанрын таңдаған себебім, өзіне-өзі күле алатын ұлттың болашағы бар деп ойлаймын, – дейді Асқар-Мұхит Нарымбетов.
Бұл – қоюшы-режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовтың алғашқы күрделі жұмысы. Фильмдегі рөлдерді Гүлнара Досматова, Аша Матай және Әсел Сәдуақасовалар ойнайды. Шығармашылық топ түсіру жұмыстарын бір айда аяқтап, ары қарай монтаж жұмыстарына кіріспекші. Сөйтіп, фильмді көрерменге келесі жылы ұсынбақ ниетте.
«Ағайындылармен» келесі жылы жүздесеміз
Последние статьи автора