15 жылдан бері ұлттық жәдігерлерді жинаумен айналысатын Бахаргүл Төлегенқызы жуырда Алматы қаласынан «Әдемі-ай» өнер үйін ашты.
Әуелде кішігірім салон ретінде ғана ашылған өнер үйінің бүгінде әр облыста бөлімшелері бар. Тек қазақ халқының ғана емес, Орта Азия ұлттарының, әсіресе түркімен, өзбек, тәжік, орыс, украин халықтарының да ескі бұйымдары – осында. Адам баласы тұрмыста қолданатын заттар мен әшекей бұйымдардың ең ескісі XVIII ғасырға жатады.
Бахаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-ай» өнер мұражайының президенті:
– Өнерге деген құштарлығыммен көрмедегі заттарды жинап отырдым. Көбін сатып алдым. Қиын-қыстау кезеңде қайсыбірінен айырылып қалған кезіміз де болды. 2002 жылы «Әдемі-ай» өнер салонын ашып, жинаған заттарымды бір бұрышына қоя бастадым. Халық жәдігер жинаушы ретінде танып, қолындағы көне бұйымдарын тапсырып жатты. Еліміздің әр аймағынан алып келген заттарым да бар. Кейін Қазақстанның барлық сөрелерінде тұруға тиісті елдігімізді танытатын кәдесый топтамалары жұмысын қолға алдым. Қазақстанның әр облысындағы ескерткіш монументтерінің кішірейген макетін кәдесый ретінде жасадық. Тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген ескерткіштерді, тарих, этнографиямызға қатысты дәстүрлі өнер туындыларын жасап жатырмыз. Ата-баба өнерін дәріптеп, насихаттауды борышым деп білген соң, қазақы бұйымдарды дәріптеп жүрген жайым бар.
Елімізде ұлттық болмысымызды көрсететін мұражайлар саусақпен санарлық. Мұражайының көптігі және сапасы жағынан бірінші орында тұрған – Париж. Францияның бір ғана қаласында ұлттық мұражай саны – 14, суретші, өзге өнер адамдарының мұражайларын бұл тізімге қоспағанда. Мәдениеттің жоғары үлгісі ретінде танылған Еуропа елдерінде мұражайға барудың өзі – өнер. Сол ұлттың классикалық музыкасына деген сүйіспеншілігі сынды өнер үйлерін аралауды да еуропалықтар адамдықтың жоғары санаты деп білген. Ұлттық мұражаймен терезесі тең тұрған «Әдемі-ай» өнер үйі сынды өзге де мұражайлар ашылып жатса, қазақылығымызды әлем жұртшылығына барынша паш етер едік. 100 адамды жұмыспен қамтып отырған өнер үйі сияқты, жұмыссыздардың да екі қолына бір күрек табылар еді.
«Әдемі-ай» мұражайы ашылды
Последние статьи автора