«Адамдық – борышың, халқыңа еңбек қыл»
Өлең, жырды жатқа білу әрі өнер, әрі өнеге болмақ-дүр. Жай өлең емес, Абай, Шәкәрім секілді данышпандарымыздың сырлы сөздері болса, бек қуаныш емес пе?! Астанада мектеп оқушылары арасында Шәкәрім мұраларын жатқа айтушылардың байқауы өтті. Байқаудың мұнда алғаш өткізіліп отырғанына қарамастан, тек бір қаланың өзінен 50 оқушы қатысты. «Адамдық – борышың» деп аталатын бұл шараны «Ынсап» қоғамдық қоры Мәдениет және ақпарат министрлігімен, Астана қалалық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған екен.
ҚУАНЫШТЫСЫ
Бізді еріксіз қуантқаны – қатысушылардың Шәкәрім мұраларына деген шын ынтызарлығы. Оларды жатқа білетін жырларынан жаңылдыру оңайға соққан жоқ. Сондықтан да түс әлетінде басталған байқау ымырт үйірілген шақта мәресіне әзер жетті. Дәл осындай байқау сәуір айында Алматыда өткізілген екен. Бұдан да бұрынырақ Семей қаласында да ұйымдастырылған. Осы үш өткізілімде де қатысушылардың көп болғаны және Шәкәрім мұралары мен оның өміріне қатысты деректерді жақсы білетіндігі шараны дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізу артықтық етпейтінін көрсеткендей...
ӨКІНІШТІСІ
Ал ренжіткені – Шәкәрімдей алыбымызды ардақтайтын әрі ұрпақ бойына ұлттық қасиеттерді дарытар игі шарада бірде-бір жоғары лауазым иесінің төбе көрсетпегені. Ұйымдастырушылар таратқан баспасөз хабарламасында көрсетілген мәртебелі меймандардың ішінде Парламент депутаттары да, министрлер де, әкімқаралар да бар. Бірі болмаса, бірі келер деп күткен болар, байқау межелі уақыттан жарты сағатқа кешеуілдеп басталды. Техника ғылымының докторы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі Саят Ыбыраев та бұған өзінің ренішін жасырып қала алмады: «Сіздерге бір өтініш айтайын деп тұрмын. Бұл шараны қатардағы жай нәрсе деп ойламаңыздар, мемлекеттік деңгейдегі шара деп қарасаңыздар екен. Парламентте, мүмкін, бір министрлікте үлкен мемлекеттік маңызы бар шаралар атқарып, қарап отырған кейбір ағаларымыздың ісінен, бәлкім, маңыздырақ та шығар. Себебі бұл – біздің ұлттық танымымыз туралы әңгіме. Себебі бұл – біздің келешегіміз туралы әңгіме», – деді ол өзіне сөз тиген сәтте.
ЕҢ КІШКЕНТАЙ ҚАТЫСУШЫНЫҢ БАҒЫ ЖАНДЫ
Байқау үш кезең бойынша өтті. «Талап» атты алғашқы кезеңде қатысушылар Шәкәрім өлеңдерін жатқа айту бойынша бақ сынасты. Талап қатал. Қатысушылардың біріне жүргізуші Шәкәрімнің бір өлеңін атап, жатқа айтуды ұсынады. Жеткілікті біліп тұрса, кез келген жерден оны тоқтатып, екінші бір қатысушының жалғастыруын талап етеді. Осылай айнала береді. Екі рет мүдірсе, шаруа бітті дей беріңіз. Осылайша, он шақты рет кезек тиіп, мүдірмегендер де аз болған жоқ. Бұл кезеңнен қатысушылардың тең жартысы ғана жарысты жалғастыру бақытына ие болды.
Екінші кезеңде балалардың білім-біліктілігі сынға алынды. Электрондық тақташадағы ұяшықтарда жасырылған сұрақтарға жауап беруі керек. Сұрақтар әсте жеңіл емес. Оны қазылар алқасында отырған профессор, филология ғылымының докторы, «Отырар кітапханасы» мәдени орталығының директоры Тұрсын Жұртбай да ескертіп қалды. Ол: «Сұрақтар ауырлау екен. Мәселен, Шәкәрімді күйшілікке баулып, домбыра үйреткен Біткенбай күйші дегенді үлкен оқыған кісілердің өзі анық біле бермейді», – десе, Саят Ыбыраев: «Шәкәрім домбыраны бір кісіден ғана үйренумен шектелді деген қисынға келе бермейді», – деп санайтынын білдіріп жатты. Бұл кезеңнен 10 қатысушы ғана өткізілді.
Соңғы кезеңде оқушылардың өзі дайындап келген Шәкәрім өлеңін мәнерлеп жатқа оқып шығып, мән-мағынасы мен астарын түсіндіріп беру керек болды. Қазылар алқасы оларды балдық жүйемен бағалайды.
Бір қызығы, байқаудың ең кішкентай қатысушысы Наркес Иманғазықызы байқаудың басынан аяғына дейін алдына ешкімді салмай, бас жүлдені иеленді. Ол небары 5-сыныпта оқиды екен. Үш кезең бойынша да ол сөзсіз жеңімпаз екенін көрсетті. Талабыңа нұр жаусын, кішкентай Наркес!
Оқушылар арасындағы «Адамдық – борышың» атты Шәкәрім мұраларын жатқа айтушылар байқауының жеңімпаздары:
Бас жүлде – Наркес Иманғазықызы, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі
І орын – Қанат Бердібаев, №56 мектеп-лицейі
ІІ орын (екеу) – Айнұр Әбді, №55 орта мектебі; Балнұр Әкімова, №58 мектеп-лицейі
ІІІ орын (үшеу) – Гүлпадиша Ыбраимтегі, Райымбек батыр ат. №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі; Елдана Тоқбай, №52 мектеп-гимназиясы, Жаңагүл Шәмші, №51 орта мектебі.