Өскеменде Абай мен Пушкиннің шығармашылығына арналған конкурс өз мәресіне жетті. Бұл байқаудың өтуіне ұлы ақындардың мүсіндері себепкер болды. Жақында Абай Құнанбаевтың биіктігі 7 метр мүсіні мен Александр Пушкиннің бюсті қалалықтардың назарына ұсынылады. Осы салтанатты шара қарсаңында қоғамдық ұйымдар бірлесіп, өскемендіктерді өнер сайысына шақырды. Тұрғындар қос ақын жайлы жырларын, әңгімелерін, тіпті қолдан жасаған бұйымдарын не болмаса салған суреттерін ұсынулары шарт. Олардың жұмыстарын өнер адамдарынан, әдебиетшілерден құралған қазылар алқасы сарапқа салады. Жазғы демалыс уақыты аяқталмаса да шығармашылық додаға қаладағы 26 мектептің оқушылары жаппай қатысыпты.
Гүлфариза РАМАЗАНОВА, Өскемен қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметкері:
– Байқау басталғалы бері қазылар алқасының алдына 300-ге жуық жұмыс келіп түсті. Соның ішінен 80 шығарма іріктеліп, сол 80-нен 40 жұмыс таңдалды. Енді ең жауапты кезең, осы 40-тың ішінен ең үздіктерін анықтау. Ол үздіктердің есімі 30 тамыз күні қос ақынның ескерткіштері ресми түрде ашылған сәтте жарияланады.