50 мың сөзді қамтитын сөздік шықпақ

50 мың сөзді қамтитын сөздік шықпақ

Бүгінде қазақ тарихына, тіліне қызығушылық танытып, біздің ана тіліміздің қыр-сырын зерттеуге ниет білдіріп жүрген шетелдік ғалымдардың қатары көбеюде. Осындай ғалымдардың бір тобы қазіргі таңда кең ауқымды қазақ-ағылшын сөздігін құрастыруда. Жобаны жүзеге асыруға тырысып жүрген топтың жетекшісі, америкалық ғалым Кристофер Бейкер таяу арада жарық көретін сөздік жайлы ой бөлісу мақсатында қазақ ғалымдарымен және БАҚ өкілдерімен кездесті.
Кристофер Бейкер – қазақ әдебиетінің тарихы туралы докторлық диссертация жазып жүрген ғалым. Ол қазақ әдебиетінің кеңестік замандағы кезеңін, нақтырақ айтқанда 1960-70 жылдардағы әдебиетті, оның ішінде Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин секілді жазушылардың еңбектерін ерекше назарға алып зерттеуде. Америка­лық ғалымның айтуынша, Қазақ елі өзге елдің ықпалынан шыға алмаған кеңес за­ма­нының өзінде өзінің тарихын, ұлттық идеясын өзінің әдебиетінде жақсы көрсете білген. Бірнеше тіл білетін, басқа да түркі елдерінің әдебиетін зерттеп жүрген ғалым қазақ әдебиетіндегі көптеген шығармалар­дың әлемдік бестселер бола алатынын тілге тиек етті.
Осы уақытқа дейін бірнеше қазақ-ағылшын сөздіктері жарық көрген болатын. Алайда сөздіктерде кемшіліктер көп кездеседі әрі қамтитын сөздік қорларының ауқымы да аса кең емес. Ал кең ауқымды қазақ-ағылшын сөздігін жасау туралы идея­ны алғаш Моңғолияның қазағы Нұртілеу Бақыт деген азамат ұсынған екен. Кейіннен бұл идея көптеген шетелдік ғалымдардың тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, сөздік жа­сауға кіріскен топ аталмыш жоба туралы Қазақ тіл білімі институтының ғалымы Көбей Құсайыновқа айтады. Сонда К.Құса­йынов жобаны қолдайтынын білдіріп, сөздік жасау туралы бір хикаямен бөліскен екен. Ғалымның хикаясы бойынша, бая­ғыда испандық бір ақсүйек біреумен дуэльге шығып, өлтіріп алған екен. Сонда оған жаза ретінде испан тілінің сөздігін жасау немесе өзін-өзі өлтіру бұйырылған. Сонымен әлгі ақсүйек өмірінің көбін испан тілі­нің сөздігін жасауға арнап, алайда бәрібір аяқтай алмай өмірден өткен екен. Демек, осыдан-ақ сөздік жасаудың қиын­дығы аңғарылса керек. Сөздік жасау маша­қаты көп, өте күрделі жұмыс екенін тіл білімі саласының ғалымдары жақсы біледі. Әсіресе кең ауқымды сөздік шығару мықты мамандардың қыруар ізденісін қажет етеді әрі шығыны да көп. Шетелдік ғалымдар қолға алған аталмыш сөздік алғашында бір жылда аяқталады деп жоспарланған екен. Алайда қаржылық тапшылық, жұмыс барысында мамандар­дың жобадан бас тартуы секілді себептер сөздіктің жасалу уақытының ұзаруына әсер етті. Ендігі уақытта 1300 беттен тұратын, елу мыңға жуық сөзді қамтитын қазақ-ағылшын сөздігі үстіміздегі жылдың жазында аяқ­талып, күзге қарай жарық көреді деп жоспарлануда. Сөздікте қазақ тілінде жиі кездесетін сөз тіркестері мысалдарымен бірге түгел дерлік қамтылмақ.
Бүгінде Кристофер Бейкер жетекшілік ететін топта жобаны жүзеге асыру мақса­тында бірнеше адам жұмыс істеуде. Олар­дың бірі – Н.Назарбаев атындағы халық­аралық университеттің профессоры Гэб­риел Маклайн. Ол Тараз маңындағы Қыр­төбе деген ауылда бір жыл тұрып, қазақ тілін үй­реніп, біршама еңбектенген екен. Сон­дай-ақ қазақ-ағылшын сөздігін жасау­ға Индиана университетінің студенттері де атсалысуда. Ал жобаға қолдау білдіру­ші­лердің бірі – Қазақстанда тіл сая­сатын зерттеп жүрген ғалым Уиллиям Фиермуан. Ал қазақ ғалымдарының арасында Көбей Құсайынов шетелдік ғалым­дардың бастамасын құп көріп, жобаға қол ұшын беруде.
Кристофер Бейкер, шығыстанушы, түркітанушы ғалым:
– Мен осы уақытқа дейін түркі тілде­рінің арасында қазақ тілін, әзірбайжан, түрікмен тілін, ескі шағатай тілін үйрен­дім. Түркі тарихын зерттеуде мені ерекше қызықтырған қазақ тілі мен әдебиеті болды. Алайда қазақ тарихын зерттеуде шетелдік ғалымдарға аса қиындық тудыратыны – қазақ тіліндегі материалдардың тапшылығы. Бүгінде қазақстандық сту­денттердің арасында ағылшын тілін өте жақсы білетіндері бар. Алайда олар қазақ тілін жетік білмейді, көбі орысша сөйлейді. Шетелдік ғалымдар да Қазақ­стан туралы материалдардың барлығын дерлік орыс тілінде алады. Алғашында маған Индиана университетінен осы қазақ-ағылшын сөздігін жасауға атсалысу туралы ұсыныс түскенде мен сөздік жасау­дың қиындығын ұғына қоймаған екенмін. Кейін жұмыс барысында небір қиындықтар, кедергілер кездескенде, тіпті осы жобаны ортасынан тастай сал­ғым да келді. Бірақ бастаған істі тастауға болмайды. Сондықтан бүгінде баршаға пайдалы, сөздер өте кең қамтылған сөз­дік жасауға тырысып бағудамыз. Біздің осы жобамызға қаржылай көмек көр­сеткен Н.Назарбаев университетіне, жанашыр ғалымдарға алғысымыз шексіз.

Әрине, К.Бейкер мырзаның сөздік жасаудың қиындығын айтып қын­жы­латын жөні бар. Өйткені сөзге бай қазақ тілін қазақ ғалымдарындай білу, меңгеру оңай ма? Ал ертең дайын сөз­дік шыққанда ондағы қателерді тізіп, түгендеп сын айтушылардың көбейе­тіні сөзсіз. Осыны ескерген ғалым кездесу кезінде қазақ-ағылшын сөздігін сауатты етіп жасауға жанашырлық танытатын қазақ ғалымдарын іздейтінін жеткізді. Бүгінгі жаһандану заманында тілімізге көптеген неологизм сөздер, жаңа терминдер енгені белгілі. Міне, дәл осындай сөздерді қазақ тілінің қай­мағын бұзбай, мағынасына нұқсан келтірмей аудару терең білімді қажет етеді. Сондықтан өз тілімізді өзгеге зерттетіп, төл тарихымызды қашан шетелдік ғалымдар қазақ тілінде жазып береді деп отыра бермей, өз ға­лым­дарымызға да еңбектенетін уақыт жеткен сияқты. Өйтпесек, ертең қазақ-ағылшын тіліндегі сөздік ала-құла болып, қатеге тұнып тұрса, шетелдіктерге емес, өзімізге сын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста