1892 жылы Радлов зерттеген бір бітіктасты әлі күнге таппай жүрмін
– Нәпіл аға, өзіңіз бүгінде көне түрік тарихи ескерткіштерінің картасын жасаумен шұғылданып жатыр екенсіз. Бұл өзі қай уақытта бастау алған жұмыс, қазір ол толығымен дайын болған ба болмаса қандай ескерткіштермен толығу үстінде?
– XVII-XVIII ғасырларда Ресей патшалығы тарапынан көптеген саяхатшылар Сібірді, қазіргі Қазақстан мен Моңғолияны зерттеген. Сол кезде олар осы аймақтардағы әрбір ескерткіштің топографиялық белгілерін қағаз бетіне түсірген. Көне түрік ескерткіштерінің тіркелуі мен картаға түсірілуі, міне, сол заманнан басталады. Бірақ сол карталардың көбінде ол ескерткіштер жайлы нақты дерек жазылмаған. Кейін кеңес заманында орыстың Дмитрий Дмитриевич Васильев деген ғалымы, Перле атты моңғол ғалымы – солар шағын карта жасауды бастады. Түріктану ғылымында көне түрік бітіктану деген сала бар, яғни көне түрік ескерткіштерін зерттейтін сала. Бітік деген – көне түрік тілінде жазу деген сөз. Бұл туралы Махмұд Қашғаридің еңбектерінде бар. Біз осыны бүгін көне түрік руна жазуы деп жүрміз, негізі, руна емес, бітік жазуы. «Бітік» сөзі хақас, тува секілді түрік халықтарының біразында сақталған, тек қазақтар ұмыт қалдырған. Міне, осы бітіктастағы жазулар, жартастардағы жазулар бар, содан соң тұтынатын бұйымдардағы жазуларды тіркегенде, 2009 жылғы есеп бойынша, шамамен 530 ескерткіш тіркеліп отыр. Мұның барлығы Шығыс Моңғолиядан Қара теңізге дейінгі аралықта Еуразия кеңістігін алып жатыр. Түрік империясының кезінде жауынгер бабаларымыздың ат тұяғы жеткен жері осынша ұлан-ғайыр аумақты қамтитынын осыдан-ақ байқай беріңіз. Бір шеті тіпті Украина, Дон өзендеріне дейін жетеді. Еділ-Дон бойындағы Хазар хандығы кезіндегі жазулар. Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Моңғолия, Шығыс Түркістан барлығын қамтығанда 530 ескерткіш тіркелген.
– Осы 530 көне түрік ескерткіштерінің қаншасы қай жерде екенін таратып айтсаңыз...
– Оның 180-дейі – хақас, туваларда, 80 шақтысы – Моңғолияда, 30-40-қа жуығы – Талас өзені бойында, яғни Қырғызстан аумағында, небәрі он шақтысы ғана – Қазақстанда. Кавказдағы Еділ-Дон бойындағыларды Шығыс Еуропадағы көне түрік жазулары дейміз, оның саны 100-ге жетерлік. Бұлардың түрлі түріктанушы ғалымдар тарапынан зерттеліп келе жатқанына 200 жылдай уақыт болды. Мысалы, біздің осы Орталық мұражайда екі көне жазу ескерткіші бар, олар жақсы сақталған. Оның бірі Тараздан табылған, «Атлах» деген сөз жазылған. Атлах ортағасырлық қала болған. Тағы бірі – Ақтөбе жерінен табылған қола айна. Енді бұдан былай ондай жазулардың біздің жеріміздің әр аумағынан табылатыны сөзсіз.
– Моңғолия жеріндегі бітік жазулардың көбірек сақталуына не себеп?
– Себебі ол жер түрік империясының орталығы болды ғой. Онда тіпті әлі күнге қаған, тегіндерге арналған қорықтық кешендер бар. Бірақ қазір олардың жай-күйі өте аянышты халде. Мысалы, Моңғолияда археологиялық мұражай тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан. Ал жертөле дегенді өзіңіз білесіз, сыз, егер су кетсе ше? Біздің мұраларымыздың біразы сонда сақтаулы ғой. Біріншіден, соншалықты ескерткішті сақтауға Моңғолияның шамасы жетпей жатыр. Негізінен, ол жазулар тек моңғолдардікі емес, күллі түрік жұртына ортақ құндылық қой. Сондықтан Қазақстан болсын, басқа да түрік елдері болсын көмектесуі керек. Түркия тарапынан біраз қаржылай көмек жасалды, олар мұражай орнатып, далада тұрған Күлтегін ескерткішін сонда енгізді, яғни жауын мен қардан енді сәл де болса жақсы сақталатын болды. Жалпы, түрік ескерткіштеріне түгел түрік ұрпағының қамқорлығы аса қажет.
– Картаға түскен ескерткіштердің барлығы сақталған ба?
– Жоғалғандары, қолды болғандары қаншама... Моңғолияның берген соңғы мәліметтері бойынша, 5000-ға жуық жәдігер жоғалған екен. Мысалы, мен 1892 жылы Радлов зерттеп, өз жазбаларында жазып кеткен бір жазуды әлі күнге таппай жүрмін. Ол тасты іздеп, Хақасия, Тува – бәріне бардым, жоқ.
– Сонда ол тастар қайда кетуі мүмкін?
– Көбі контрабандалық жолмен шекара асырылған және ондай жәдігер ұрлығы әлі күнге жалғасып келеді. Бір жағынан, оған Моңғолия халқының қазіргі әлеуметтік жағдайының төмендігі де әсер етуде. Ел өз еркімен қорықтық кешенді қазып, тасын шетелдік туристерге сатып жатса керек. Көбіне франциялық, германиялық туристер көне түрік жазуларына көп қызығады екен. Себебі керемет құнды тарихи жәдігер екенін олар біледі. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңында финн, орыс ғалымдары зерттеген кейбір тастар қазір – Финляндияда, Ресейде, Хақасияда. Германияда қыпшақ бәдіздері бар. Оларды онда ғалымдар алып кеткен ғой зерттеуге. Мысалы, Кунсткамерада түріктер, өзіміздің қазақтарға қатысты қаншама сол дүниелер жатыр. Оның бәрі осындай жолмен барған. Тіпті қытайлар кезінде Шыңғыс ханның тұсындағы небір құнды кітаптарды түйелерге артып алып кетіп, өртеп жіберген деген де деректер бар. Көрдіңіз бе, халықты тамырынан үзу, тарихынан ажырату саясатының терең сыры қайда жатыр? Ал біздің тарихымыздың бәрі сол тасқа қашалып жазылған ғой. Сол себепті де ол жаңағыдай өртеу, шапқын зауалдарынан аман қалған. Қазір соны түгендей алмай жатырмыз. Ал енді кеңес заманында бітіктастарды еріккен әскерлердің тіпті нысана қылғаны рас. Олай дейтін себебім, Тоныкөк жазуының жанында Кеңес Одағының әскери базасы болған. Сонда атысатын жау жоқ, әбден іші пысқан әскерилер әлгіндей тастарды көздеп тұрып атып, ермек еткен. Одан қалғанын моңғол малшылары мал қораға да пайдаланған. Дегенмен моңғол халқы жәдігерге барынша құрметпен қарайды. Атамұраға деген олардың көңілі ерекше. Олар буддист қой, сондықтан әлгіндей тастарды тіпті олар лама секілді киіндіріп, соған табынады. Ал енді Хақасия мен Туваның жағдайына келер болсақ, мұражай ашып, олар да барынша қамқорлық танытып отыр. Бұл, бір жағынан, дұрыс, жақсы сақталады, бірақ екінші жағынан олар өзінің табиғи ортасынан ажырап кетті. Ал Моңғолияда бітіктастар алғаш орнатылған қалпында, сол күйі сақталған. Алайда ол жақта да түрік жазба ескерткіштерін сақтауда бірқатар проблемалар баршылық.
– «Мәдени мұра» бағдарламасының игілігінің арқасында біз Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерінің көшірмесін елге алып келдік. Тарихымыз үшін бұл – ерекше оқиға. Алайда осы тастардың өзін алып келе алмаймыз ба? Жалпы, солай ету керек пе?
– Олай етудің қажеті жоқ. Себебі, біріншіден, аталған ескерткіштер өзінің тарихи орнында тұрғандығымен құнды. Моңғолия – бізге жат ел емес, ата-бабамыздың жері. Сондықтан әлгі жазбалардың көшірмесін әкелгеннің өзі жеткілікті. Нағыз түпнұсқа өз тарихи отанында жатуға тиісті. Оны тарихи мекенінен ажырату тіпті ыңғайсыз іс болады.
– Ал енді алыс шетелдердегі, мәселен, Еуропадағы жәдігерлерді ше?
– Олар өздеріндегі құнды жәдігерді ешкімге бермейді. Негізінен, біз еуропалықтарға жәдігерлерімізді сақтап, осы күнге аман жеткізгеніне алғыс айтуымыз керек. Екінші жағынан, бізде мәдени мұраны сақтаудың заңнамалық жағы тура емес. Қисынға келмейтін тұстары көп.
– Ал әңгіме соңында қайтадан қолыңыздағы көне түркі ескерткіштерінің картасына келсек, ол толық жасалып біткен жоқ дедіңіз. Олай болса, қазір қандай толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Бұл картаны жасауға біз 1999 жылдан бастап кірістік. Содан бері әлі толықтырылу үстінде. Картаның маңызы қандай? Ол – біздің қай мұрамыздың қай жерде жатқандығын біліп, түгендеу үшін аса қажет құрал. Біз жаңа айтып кеткендей, тек қана жазба ескерткіштеріміздің санының өзі – 530, ал енді көне түрік мәдени кешендерінің құрамдас бөліктері өте көп. Тек қана Моңғолияның өзінде Ордабалық, Тайбалық деген секілді 200-ден астам көне тарихи қалалардың орны бар. Оның бәрін картаға түсірер болсақ, онда тіпті картамыз ұзақ уақытқа созылады. Бұл – бір жағынан, мәдени мұраны тіркеу, екінші жағынан, сақтау.
– Әңгімеңізге рақмет!
Көне түркі ескерткіштерінің орналасу картасынан фрагмент