Астанада бокстан Қазақстан ұлттық федерациясы кубогының финалдық жекпе-жектері өтіп, бесінші рет ұйымдастырылған командалық сында Жамбыл облысының жігіттері жеңімпаз атанды, деп жазады "Алаш айнасы".
Дәстүрлі кубок өздерінің ең үздік боксшыларына сенім артқан әр аймақ үшін өте маңызды сын болды. Әрі биылғы командалық сын өте тартысты өткендей. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі "Биылғы финалдық айқастар шектен тыс шиеленісті өтті", – деп мәлімдеді.
Осы ретте жартылай финалдық кездесулердің де мейілінше тартысты өтіп, финалға екі облыстың да қосымша жекпе-жектер арқылы шыққандығы көлденең тартылады.
Бұған дейін жазғанымыздай, жартылай финалдық кездесулердің екеуінде де жалпы есеп 5:5 болып, тең аяқталған. Содан қосымша һәм шешуші жеккпе-жектер өткізіліп, финалға жамбылдықтарды Сағадат Рахманқұлов (69 келі), ал ақмолалықтарды Жандос Хайрулллаев (75 келі) алып шыққан болатын.
Финалдық кездесу де қызықты өтті. Бір қызығы, Жамбыл облысы 49 және 60 келі салмақтарда шаршы алаңға ешкімді шығармай, Ақмола облысын екі мәрте алға шығарды. Ал Ақмола облысының ең ауыр салмақта сенім артар ешкімі болмай, жартылай финалда да, финалда да, жалпы есептегі жеңісті "қолдан" беруге мәжбүр болды...
Ал қалған салмақтарда рингке шыққан боксшылар аянып қалған жоқ. Жамбыл облысының жігіттері 52, 56, 69, 75 келі салмақтарда жеңіске жетсе, Ақмола облысының боксшылары 64, 81, 91 келі салмақтарда үстем түсті.
Сөйтіп, жалпы есеп тең аяқталды (5:5). Ал финалдық кездесудің тағдырын шешуі тиіс қосымша жекпе-жек 49 келі салмақтағы боксшылар арасында өтуі керек болатын. Осы жерде Жамбыл облысы бапкерлерінің "тазы болып шалғандығы" белгілі болды.
Басында 49 келіге ешкімді шығармай, Ақмола облысына бір жеңісті "қолдан берген" жамбылдықтар шаршы алаңға Азамат Исағұловты шығарған. "Ал ақмолалықтар оған қарсы қоятын боксшы таппады", – деп жазады Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Осылай, 6:5 есебімен Жамбыл облысы жеңіске жетіп, ел кубогы мен 25 миллион теңге сыйақыға қол жеткізді. Енді финалдық жекпе-жектердің нәтижелеріне көз жүгіртіңіздер:
Жамбыл облысы – Ақмола облысы – 6:5
49 келі:
Теміртас Жүсіпов (Ақмола обл.) – WO
52 келі:
Олжас Сәттібаев (Жамбыл обл.) – Әнуар Батырханов (Ақмола обл.) – 3:0
56 келі:
Алмас Жақыпов (Жамбыл обл.) – Нұрсұлтан Көшеғұлов (Ақмола обл.) – 2:1
60 келі:
Жандос Момынов (Ақмола обл.) – WO
64 келі:
Ғани Жайлауов (Жамбыл обл.) – Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл.) – TKO R3
69 келі:
Асланбек Шымбергенов (Жамбыл обл.) – Тимур Мақсұтов (ОҚО) – 3:0
75 келі:
Нұрсұлтан Жаңабаев (Жамбыл обл.) – Жандос Хайруллаев (Ақмола обл.) – 3:0
81 келі:
Бекжан Бәкіров (Жамбыл обл.) – Нұрдәулет Жарманов (Ақмола обл.) – TKO R2
91 келі:
Мұрат Құралбаев (Жамбыл обл.) – Алмат Серімов (Ақмола обл.) – 0:3
+91 келі:
Евгений Егембердиев (Жамбыл обл.) – WO
Қосымша, шешуші жекпе-жек:
49 келі: Азамат Исағұлов (Жамбыл обл.) – WO