Теміртас Жүсіпов өзбек боксшысын жүлдесіз қалдырды
Әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов Мажарстанның Дебрецен қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде алғашқы айқасын өткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
48 келіде өнер көрсететін қазақ боксшы бірден ширек финалда жұдырықтасты. Жартылай финалға жолдама үшін жекпе-жекте Теміртас өзбекстандық Дониер Бекмуродовты жеңіп, кемі қола жүлдеге ілігіп отыр.
Айта кетейік, Иштван Бочкай құрметіне арналған турнирге Қазақстан жалпы 13 салмақта боксшы апарды: Теміртас Жүсіпов (48 келі), Дамир Әбдіқадыр (51), Дәулет Молдашев (54), Серік Теміржанов (57), Саматәлі Төлтаев (60), Санатәлі Төлтаев (63,5), Дулат Бекбауов (67), Ермахан Жәкпеков (71), Аятулла Такежанов (75), Нұрбек Оралбай (80), Шаймұрат Құсайынов (86), Айбек Оралбай (92), Дамир Тойбай (92 келіден аса).