Қанат ИСЛАМ: Музыкаға жақын болған сайын адам сонша әлсіз болады

Қанат ИСЛАМ: Музыкаға жақын болған сайын адам сонша әлсіз болады

«Мен туралы «Өз қазағың өзекке тепті» дегенді айтатындар бар. Мен бірақ бақыттымын. Ең үлкен орындалған арманым – Қазақстанға келгенім. Тә­уелсіз елім болмаса, мен қайда барар едім?..» деп ақтарыла сырын айтқан, спортта жұлдызы жанған Қанатпен кездесу бізге оңай болмады. Өйткені ол спорттық бабын ұстап тұру үшін үздіксіз жаттығады, ал қолы босай қалса елінің ертеңі болар балаларының қасына асығады. Бірақ сөйте жүріп бізге де уақыт тапты. Дидарласып, сұхбаттастық. Ұсақ тірлікпен айналыспай, ірі сөйлеп, өрлікті, биіктікті жақсы көретін өр Алтайдың ұланының расымен де болмысы нәзік, жұдырығы жойқын жан екеніне тағы да көз жеткізгендей болдық.
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы, ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі.
Қанаттың жаратылысын, табиғатын, бітім-болмысын Есенқұл Жақыпбектің осы бір өлең жолдары дөп басатындай-ақ. Бір сөзбен айтқанда, Ол – өзге жұрт айтқандай-ақ намыс пен ардың чемпионы!

– Қанат аға, жұдырығыңыздың жойқындығын бұқара халық мойындап қойды. Шынайылығыңызбен де көптің көңілін баурап алдыңыз. Мені де сіздің шешен сөйлей білуіңіз, әрдайым қарапайымдылықтың қара шапанын жамылып отыратыныңыз тәнті етеді. Өзіңізді үнемі тәрбиелеу үстінде жүресіз бе? Әлде бұл тектіліктің белгісі ме?
– Әке балаға тәрбиеші ғой, біздің ер мінезді, бір сөзді болып қалыптасуымызда әкемнің үлесі зор. Ол кісі тәрбиенің қайнар бұлағы болатын. Өзімнің берекелі, ақ жолдан айнымаған отбасында дүние­ге келіп, тәрбиеленгеніме Құдайға тәубе деймін. Жалпы, менің өскен ортам, алған тəрбием өте қазақи болды. Қазақи тəрбие деген – үлкенді құрметтеу, жолдан бір қарияны көріп қалсаң, жүгіріп барып сəлем беру, өзіңнен бір жас үлкенді аға деп сыйлау емес пе?! Қазақтың атам заманнан келе жатқан осы тектес тəрбиесін кішкентайымнан бо­йыма сіңіріп өстім. Той-томалақ, топырақты өлім-жітім сияқты жиындарда кім болсаң, ол бол отын жарып, су құйып қызмет етесің. Көрші-қолаңға қонақ келсе, барып шаруасын істейсің. Қазір де ауылға барсам, білек сыбанып кірісіп кете беремін. Жаңа қарапайымдылық деп отырсыз ғой, бұрынғы дос­тарым, ауылдастарым мені көрсе, «Өй, Қанат, әлі сол қалпың, түк өзгермепсің ғой» дейді. «Мен басқаша қандай болуым керек?» деп күлемін.
Спортшы болған соң есіл еңбек, төккен тер, темірдей төзім керек. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, спортшыны тек маңдай тері мен еңбегі ғана алдамайды. Қалғанының бәрі бос әңгіме, сылдыр сылтау! Ал спорт сылтау­ды сүймейді. Айтар болсаң, сылтаудың мыңы табылады. Мысалы, мен ең алғаш 1998 жылы, 12-13 жасымда үлкен спортта əділетсіздікті көрдім. Финалда ұйғыр жігітпен шығып, білек күшім мығым болса да жеңіс оған берілді. Сол кезде ағам: «Менің Қанатым жеңілген жоқ. Төрешілердің бұра тартуы кесірінен әділетсіздік болды!» – деп күйініп шу шығарды. Сонда жарыстың бас төрешісі ағамды қасына шақырып: «Ерлан, Қанат чемпион ба? Чемпион болса, бұл жарыс па оған тəйірі? Жарыс емес қой. Чемпион болса, алдағы күндерде өзін дəлелдесін. Олимпиадаларға, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыссын» деді. Алғашында мен де жыларман халде тұрғанмын. Бірақ ана сөзден кейін ол ойым­нан өзім ұялып кеттім. Бала болсам да «Қап, осыдан көр де тұр. Әлі-ақ дəлелдеп көрсетемін!» деген ішімде мұз қалды.
– Намысыңызды жаныған ең өткір сөз сол ма?
– Иә. Əлі күнге қиыншылықтар кездессе, сол сөзді есіме түсіремін. «Қанат, саған босаңсуға болмайды» деп өзімді қамшылаймын, жігерленемін. Шынымды айтсам, соңғы сегіз айда менде жарыс болмады, Америкада құр жаттым. Ол өте бір қиын күндер болды. Тіпті бокстан кету туралы да ой келді…
– Кәсіпқой бокстан?
– Иə, иə. Бірақ соның бəрін мен əлгі сөз арқылы жеңіп келемін. Чемпион бол-болма, сол рингтің ішінде, сол ортада жүргеннен кейін орныңда табан тіреп тұруыңның өзі артықшылық деп санаймын. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Қазақ «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» дейді. Ал енді өмірде біреу мақтайды, біреу даттайды. Жақсы деп мақтағанға аспанға ұшып кетсең, ал біреу қаралады деп дүние­ден баз кешіп, жылап-еңіреп, бас көтере алмай жатсаң, онда қай жерің ер-азамат?! Халық болғаннан кейін бәріне бірдей жақпайсың. Сен біреу үшін өмір сүрмейсің. Ең əлсіз адам біреудің көзінде өмір сүреді. Біздің қоғамда жаным ашитыны да сол – анау мақтаса екен, бес адамның алдында абырой жинап алсам дейтін адамдар көп. Адам өзіне қалай ыңғайлы, солай өмір сүруі керек.
– «Бойында нағыз қазақтың сар­қыт қаны бар, халқына күйініп жылайтын Қанат енді тек саясаттың қолшоқпары болып кетпесе жарар еді!» деп жанкүйерлеріңіз тілектестік білдіреді. Күні ертең саясаттың сойылын соғып кетіп жүрмейсіз бе?
– Соңғы кезде өзім де бой тартатын болдым. Өйткені мен не айтсам да таза жүрекпен ашынғаннан, күйінгеннен айтамын. Азамат ретінде айтатын кезінде айтпасаң, сөздің атасы өледі. Ол жерде қытайды не қазақты жамандағаннан маған келер пайда жоқ. Әрбір азаматтың борышы – өзінің ұлтын сүю, ұлты жайлы тебірене сөз айту. Өз елімізде өмір сүріп жатқан оны сіз айтпасаңыз, мен айтпасам, кім айтады?! Мен қара басымның қамын ойласам, жатар ем, маған не бар?! Өз жұмысым өзіме жетеді. Бірақ өз ұлтыңның өте ұсақталып, мен деген жігіттердің қара бастың қамын күйттеп, ішкен-жегенінен аспай қалғанын көргенде түңіліп кетесің. Ал өресі одан аспаған адам қайтіп ұлттың жайын ойлайды?! Қайтіп қаракөздердің, қара баласының қамын жасайды?! Сондай тұрақсыз, табансыз адамдарды көргенде ашынамын. Ал енді халықтың жайын үлкен дәрежеде ойлайтын, ұлт үшін шыр-пыры шығып жүрген ағаларды көргенде сүйсінемін.
Ер жігіт болған соң «мынау менің елім, жұмысты мен істемесем, кім істейді?» деп әр іске жауапкершілікпен қарау керек. Шетелде жүргеннен кейін «ой, қойшы, менікі не осы?!» деп мен де қолымды бір сілтеп кетіп қалуыма әбден болады. Бірақ мен «Туды өзім көтере алмасам да, көтеретін адамның қасында жүрейін. Генадай бола алмасам да, соған ұқсауға тырысып, қасында «О, Гена, жарайсың!» деп қолпаштап жүрсем деймін.
Біреулер мені саясатқа тартар, өзінің қолшоқпары еткісі келер, бірақ мен спортшымын ба, өз саламда еңбек етемін. Саясаттан алыс жүргім келеді. Соның жілігін шағып, майын ішіп, күні-түні ұйықтамай, соны ойлап шашы ағарып, қан қысымы өрлеп ауырып жүрген адамдар жетеді. Ал мен ұлтыма азғантай болса да өзімнің осы кәсібіммен үлесімді қоссам деймін. Әрі қарай спортшы жастарды тартып, оларға жол көрсетуді мұрат тұтамын.
– Шаршы алаңда енді қашан және кіммен қолғап түйістіресіз?
– Жекпе-жек 26 желтоқсанда болуы керек еді. Бірақ аяқ асты болмайтын болды. Кәсіпқой боксқа келгенім күні кеше ғана (2012 жылдан бастап) болғандықтан, оның қыр-сырын енді үйреніп жатырмын. Өте қиын, күрделі екен. Келесі кездесу ақпан айының 15-20-ына деп жоспарлағанбыз, бір-екі күнде бәрі шешіледі. Виза құжат мәселелерін реттеп, келер айдың басында Америкаға қайта жолға шықсам деп отырмын.
– «Батырдың көз жасында» «Ақша үшін қаракөз келіншектің тағдыры саудаға түскенін естігенде мүлде түңілдім» деп қарызын қайтара алмаған қазақтың әйелін қара қытайға бергені туралы көзге жас ала отырып айтып едіңіз.
Қара қасқа қытайға қатын болған,
Қарындасты көргенде күрсінемін.
Мың-миллион құмырсқа құрсағына,
Илеу салып жатқандай түршігемін, – деп Балғынбек аға айтпақшы, қытайға шығып жатқан қазақ қыздары көп пе?

– Шынын айтқанда, ол да бір саясат. Қытай – қытай ұлтының отбасы болса, Қазақстан – мысалы, менің семьям. Өз отбасын көтеру, көркейту үшін неше түрлі амал-айлаға баратыны белгілі. Шынын айтайын, бұларды айтудың дауасы жоқ екен. Айтсаң, оны ертең «Қанат осылай деп айтыпты» деп үлкен бір проблемаға айналдырып жібереді. Мен қазір көп сөйлегім келмейді. Осындай сұрақтардан мейлінше қашамын. Қазір екі елдің саясаты, достығы күннен-күнге жақсы. Екі елдің достығының арқасында қандас бауырларымыз атажұртқа оралды, сонда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқаны қаншама?! Бір түсінгенім, одан да екі елдің татулығы, тыныштығы үшін келелі сөз сөйлеу керек екен.
Әрі-беріден соң Қытайдағы қазақ қыздарын қойып, осы Қазақстанда жүріп басқа ұлт өкілдеріне шығып жатқандар да бар ғой. Оларға не дейсіз? Менің айтарым, алдымен өз үйімізді жөндеп алайық. Сырттағыларға қандай қауқар жасай аламыз? Ол жақтағылар есі болса, елін табады. Менің кетуімнің өзі оларға үлгі, жол көрсету деп ойлаймын.
– Жарайды, саясатқа айналдырмай-ақ қояйықшы, өзіңіз айналаңызда жүрген қыздарға айтасыз ба?
– Әрине. Өзімнің де қарындасым, өсіріп отырған қызым бар. Қазақтың қызы өзге бір ұлттың құшағында кетіп бара жатса намысың келеді, ішің қан жылайды. Барып айтқым-ақ келеді. Бірақ сөзді кім айтпай жатыр?! Қазір құрғақ сөзбен ауыз сүртер кез емес, іспен дәлелдейтін шақ. Қазақсың ба, өз қазағыңмен бас қос, отбасыңды әрі қарай гүлдендір. Осылай әркім өз отбасын басқаруда өзгелерге үлгі болуы керек. Бала-шаға тәрбиесінде, кәсібінде өнегелі болса, соған қарап айналасындағылар ойланады, ой түйеді.
– Үлгі болу демекші, қазір әнші болуға ұмтылатындар көп. Мүмкін, жас буынның әншілікке құмартуы көк жәшіктен ойын-сазды бағдарламаларды, ән кештерін үзбей көрсетуімізден де шығар? Сіздіңше, бұл күнде қазақ жігіттеріне үлгі бола алатындай кім бар?
– Кезінде өзім қатарлы қазақтың көптеген қара баласының жүрегіне «боксшы боламын» деген арман отын жаққан ­Ермахан, Мұхтархан, Бекзат Саттарханов ағаларымыз болды. Ке­йінгі толқын досым Бақтияр Артаевтар еді. Қазір де чемпиондар шығып жатыр. Сондай-ақ жастарға үлгі боларлықтай азамат деп өзім Бауыржан Оспанов ағаны айтар едім. Ең алғаш елге келген кезде сол кісінің үйінде тұрдым. Сонда балаларына берген тәрбиесін көріп таңғалдым. Ол кісіге қалай жүріп-тұрса да жарасады ғой, дегенмен ұлттық тәрбиеден тамыры ажырамаған нағыз азамат. Жазда отбасымен жайлаудағы қойшылардың үйіне барады. Жақында жылқышылар үйіне кетті. Бауыржан ағаның жылқышылармен арқа-жарқа болып әңгімелескенін көрсеңіз! Жылқышының үйінде не күй болсын, дәулетті тұрмыс кешіп жатқан Бауыржан ағамдар күйелеш кеседен, шеті кесілген дастарханнан арамсынбай дәм татқанын көргенде риза боласың. Ондай ортаны көрген бала да ертең қазақтың күйін күйттейтін болады. Баласы қазір Америкада оқып жатыр, сол жақта кездескенімізде «Ауылға кеткім кеп жүр. Америка адам байласа тұрмайтын жер ғой» дейді. Ал басқа байдың балалары қандай, ойлаңызшы?! Шалқып-тасып, қымбат көлік мінсе болды. Ал тәрбие көрген бала «қашан елге келіп, мылтығымды алып, тау асып кетем?» деп ойлайды. Міне, қазақи тәрбие. Мен ол кісіні қатты үлгі тұтамын. Маған кезінде көмектесіп еді, жағымпазданайын деген ойым жоқ. Сол кісіге қарап кемшін тұсымды жетілдірдім, өмірлік сабақ алдым.
– Қазір білек күші мығым, жүрек күші жоқ жігіттерді қалай намысқой етіп тәрбиелеу керек?
– Әрбір қазақ жігітінің бойында намысы бар, құдайға шүкір. Жауға шауып, ту көтерген батыр бабалардың бойындағы қанның бір грамы болсын біздің өн бойымызда да тулап жатыр деп ойлаймын. Кейбір жандар батырлық дегенді бәрін бұзып-жару, құлату деп түсінеді. Өзіңе, отбасыңа ие болсаң, оның өзі үлкен батырлық! Кәсібіңде өзіңнің кім екеніңді көрсете алсаң, оның өзі ерлік! Батырлық деген ұғымды бүгінде өзге бір нәрседен іздемеуіміз керек.
– Ал жігіттердің ұсақтығын қайтеміз?
– Оны сөз қылып қайтесіз?! Қоғамда көп адам музыка тыңдайды. Музыкаға жақын болған сайын адам сонша әлсіз болады. Өз басым ұсақталып кетуді тәрбиенің болмағандығынан деп түсінемін. Жігіттің өзіне қояр талабы күшті болуы керек. Мен егер осы көшеге сыпырушы болып келсем (сұхбатымыз Гагарин мен Өтепов көшелерінің қиылысында өтіп жатыр еді – А.Е.), бір жылдан кейін сыпырушыларға жауапты басшы боп көтерілуім мүмкін. Шындап кіріссем, күнде таңертең ерте келер ем, тілмен жалағандай таза қылып қояр едім. Міне, сол жұмысымның жемісімен бір жылда өсе алатыныма сенімім мол. Адам еңбекқорлығымен қай жерді болсын тесіп шығады. Жігіттің мықтылығы табандылығында.
– «Өзім оралман аталып келсем де, менің ұрпақтарым қазақ болады» деген сөзіңіз көкейімде тұр. «Оралман қазақ» деген сөз сіздің де қитығыңызға тие ме?
– Жоқ, мен қазір еш сөзге ашуланбайтын болдым. «Оралман» дей ме, маған десе «қытай» десін. Мен өзімнің кім екенімді жақсы білемін және де нағыз қазақтар да біледі деп ойлаймын. «Ит үреді, көш жүреді» дейді ғой қазақ. Қазір ол сөзді тыңдайтын да, оған жауап беретін де уақыт емес. Сол үшін ондай сөздерден ыршып секіріп аттап кете бергім келеді.

ҰЛТ ҮШІН БІР СӨЗ АЙТЫП, АРТЫНША БҰҒАТЫН ЖАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНАН ЕМЕСПІН
– «Сөйлегенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң сөзіңе сөзің қожа» дегендей, әр сөзіңізге абай болып отырсыз. Неге? Әлде ­«Батырдың көз жасында» сөзді сү­йектен өткізіп, жүрекке жеткізіп айтқаныңыз үшін де ренжігендер, қандай да бір ескертулер болды ма?
– «Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл» деген Бөлтірік шешеннің сөзін әрдайым жадымда ұстаймын. Әр нәрсенің орны бар. Егер де айтатын кез болса жасқанбай-ақ айтамын. Кеудемнен итеріп, «е, қой» деп жатқан ешкім жоқ. Ұлт үшін бір сөз айтып, артынша бұғатын жандардың қатарынан емеспін. Керек, айтып бер десеңіз, қазір тағы да қайталайын. Бірақ сөздің қадірін қашырып қайта-қайта айта бергеннен не шығады?! «Е, мынау қып-қызыл жынды екен ғой» дейді. Қазақ – сөздің астарын білетін халық. Бұл жерде «Неге бүйтесіз?» деп сұрақ қоюдың өзі орынсыз, оны өзіңіз де біліп тұрсыз. Орны келсе әлі де айтамыз. Қазір бізге сөзден гөрі іс маңыз­ды. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды» деген сөзін басшылыққа алып, әркім өз ісін сапалы істеуі керек. Егер сөзіңді түсінбесе, ісіңді түсінбесе, ондай адаммен ары қарай сөз өрбіткеннен пайда жоқ. Бір-бірімізді сөзбен қамшылап, қайрап жүруіміз керек. Негізі, іші тұнып тұрған мен секілді жігіттер көп, бірақ іштегі қыжылын айтуға тілі қысқа болған шығар. Біреудің менен артық күші бар, бірақ айтуға орайы келмейді дегендей ғой. Әйтпесе мен секілді қазақтың миллионы бар ғой.
– Жақында ғана ауыр атлетшілерімізді «допинг қабылдады» деген сөз шықты. Олимпиадаға алты ай қалғанда бұл да аяқтан шалудың бірі ме?
– Өй, қызықпыз осы! Сәл бірдеңе болса, дереу бізді қысты деп байбалам саламыз. Сырт көз болғандықтан, ол саланың ішкі мәселелері қандай екенін білмей жатып айтуға болмайды. Онда Олимпиаданың заңы, жүйесі қайда қалады?! «Ойбай, қазақты өйтті-бүйтті» деп жоқ жерден өзімізге жау іздеп қажеті қанша?! Бұл мәселенің ақ-қарасын сол салаға жауапты мамандар айырып береді. Бірден байбалам салып шолақ ойлау асығыстық.
– Промоутеріңіз Нельсонның «Гена, дайындал, біз саған келе­міз» деген сөзін сан-саққа жүгірт­кендер болды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк ­сиыры» демекші, бұл пікірдің тұтануына не себеп?
– Осы сұраққа қатысты мың рет жауап бердім ғой деймін.
– Мың бірінші рет те тағы да айтсаңыз?
– Бір кісі промоутеріме «Қанат пен Гена шықса қайтеді?» деп жазыпты. «Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» дегендей, ол «Гена мықты, Қанат жеңіліп қалады» деп айтпайды ғой. «Гена кім, Қанат алып ұрады» деді. Болды, басқа сөз жоқ. Ал енді оны әртүрлі етіп шулатқан тағы да сіздің әріптестеріңіз. Америкада менің салмағымда мың спортшы болса, сол мыңның бәрі де «шығам, жеңем» деп айта береді.
Әуесқой бокста Генамен қолғап түйістіріп көрмедім. Кәсіпқой бокста да кездеспейтініміз хақ. Гена да, мен де Қазақ елінің намысын қорғап жүрміз. Ал бізді бір-бірімізге айдап салу, қарсы қою ағайынды Кличколарды бір-бірімен төбелестіргенмен бірдей-ақ. Сондықтан бізді салыстырып, қайсысы мықты деп жаға жыртысып, талқылаудың қажеті жоқ. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», ең бастысы, екеуміз де қазақтың абыройын түсірмей, туын желбіретіп жүрсек болды.
– Кезінде «Бір арманым – кәсіпқой боксқа кету» деп ойыңызбен бөлісіп едіңіз. Қазір соның бел ортасында жүрсіз. Көңіліңіз тоқ па?
– Әрине. Қазақ «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейді ғой, қай жерде жүрейін, өз кәсібімді адал алып жүрсем болды. Кәсіби бокстың бел ортасында бел шешіп кірісіп жұмыс істеп жатырмын. Қолдайтын халқымның барына тәубе!

Сұхбаттасқан Ай-нұры ЕРМАХАНОВА 

arhar.kz

(Түпнұсқадағы тақырып: CӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕЙТІН КЕЗ ЖЕТТІ!)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста