ҚАНАТ ИСЛАМ: КІММЕН БОЛСА ДА ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҒУҒА ДАЙЫНМЫН

Кезекті жеңісінен кейін Қанат Ислам елге келді. Боксшыны əуежайдан бастап алақанына салған елдің ықыласы ерекше. Қанат бауырымызбен Алматының ең еңселі ғимараты – Esentay Mаll-дың Kinopark залында журналистермен жəне қонақтармен еркін кездесу өтті. Осы кездесуді өткізуге мұрындық болған журналист Берік Сұлтан «саясаттан бөлек кез келген сұрақ қоюға рұқсат» деген соң, əңгіме басталып-ақ кетті…

– Əңгімеміздің басын соңғы жекпе-жегіңізден бастасақ. Хуан Де Анхельмен жекпе-жекпе шықпас бұрын біраз қиындықтар болыпты. Басқалар сияқты оны неліктен бастапқы раундтарда сұлата алмадыңыз?

Қ.Ислам: Əр жекпе-жек мен үшін оңай емес. Осы жолғы жекпе-жектің де қиындығы болды. Американың компаниясымен келісім-шартқа отырдым ғой, бұл кездесу сол компанияға мені алу-алмау үшін болған сынақтың бірі еді. Қарсыласымның мексикалық жаттықтырушысы бір жыл бұрын менің менеджерлеріммен дос болды. Мені жаттықтырғысы келді. Онымен бір жылдай бірге жаттықтым. Жиырмасыншы кездесуімнен кейін елге кеттім.

21-кездесуге барғанымда менің қарсыласымды дайындап жүргенін естідім. Бірақ ол жаттықтырып жүрген боксшының менің қарсыласым болатынын білмеймін. Оның үстіне, қарсыласым менен бір ай бұрын дайындыққа кірісіп кеткен. Ал мен хабарсызбын. Қарсыласың бір мексикандық деген, кейін «шықпайтын болды» деді. Одан американдық деді, «ол да бас тартты» деді. Жұрт сенен қашып жатса, өзіңді мықты екенмін деп қаласың ғой (күлді). Сөйтсем бокстың да неше түрлі қитұрқы саясаты болады екен. Сол кезде мен əлгі мексикалық жаттықтырушыға қатты ренжідім. Адам ақша үшін мұндай əрекетке барады деп ойламаппын. Бірақ, Құдайға шүкір, елдің дұға-тілегі, Құдайдың берген күш-қуатының арқасында ол жекпе-жекте жеңіске жеттік. Артымда қалың қазақтың отырғанын, олардың тек жеңісті тілеп отырғанын жан-жүрегіммен сезіне алдым.
Олимпиада ең биік шың емес

– Көптің көкейінде жүрген сұрақ: келесі жекпе-жегіңіз қашан жəне кіммен өтеді?

Қ.Ислам: Төрт тұжырым бойынша ондықтағы боксшылардың чемпиондыққа таласуға мүмкіндігі бар. WBA тұжырымында 5-орындамын. Менің салмағымда Канело Альварес чемпион. Лара бар, Котто бар. Олардың бəріне ұсыныс болған. Альварестің жекпе-жегінде мені спаррингке шақырған. Жаттықтырушым «керек емес, өзімізді құпия ұстағанымыз дұрыс» деп шешті. Себебі, ол алдын ала сені байқап алады. Бірнеше чемпионға ұсыныс жіберіп жатырмыз. Мықтылармен шығуға тырысып жатырмын. Босаңсуға болмайды, əр сəт мен үшін маңызды. Дайындықты үзбеймін. Кіммен болса да шығуға дайынмын.

– Қытайдың бокс мектебін көрдіңіз. Одан кейін елде де болдыңыз. Қазір Америкадасыз. Айырмашылықтарды, кемшіліктерді айтыңызшы…

Қ.Ислам: Қытайда туғаныммен, ол жақтағы ұстаздарымның бəрі қазақ. Алғашқы ұстазым – Дамир Буданбеков. Кейін Нұрғали Сафиуллин, Ғалым Кенжебеков сияқты ең мықты ұстаздардан тəлім алғаныма мақтанамын. Бақыттымын деп есептеймін. Өзіңде талант болғанымен, еңбекке баулитын ұстаз болу керек. Осы ұстаздарға кезікпегенде қарапайым адамдардың бірі боп қалар едім.

Құдайға шүкір, бізде спорт дамып жатыр. Бірақ Америка үшін олимпиада кəсіпқой бокстың алдындағы дайындық, мектеп қана. Ал біздікілер олимпиададан асқан шың жоқ деп есептейді. Біздің жігіттер олимпиаданың чемпионы болғаннан кейін өзін жоғалтып алады. Бұл – тəрбиенің дұрыс берілмеуінен. Тəуелсіздікті кеше ғана алдық. Дұрыс бапкерлер болмады. Бокстағы мықты тəрбиеге жол ашылды деп айта алмаймын.
Олимпиаданы мен де армандадым. Майк Тайсон, Мұхаммед Əлидей болғымыз келетін. Олардың адам екеніне сенбейтінмін. Біздің ертегілердегі дию секілді көрінетін. Кейін ол кісілерді де көрдік. Көргеніңе сенбейсің. Ешқандай дию емес екен, кəдімгі ауылдағы ағаларымыз сияқты. Соны көргеннен кейін арманға жетуге болады екен ғой деп ойлайсың.
Біздегі олимпиада чемпионы болған жігіттер кəсіпқой боксқа барғанда қазір үлкен жетістікке жетер еді-ау деп ойлаймын. Себебі, олимпиадада солардың қарсыласы болғандар қазір əлемнің ең үлкен чемпиондары болып отыр. Сол үшін тартынбау керек. Генаның өзі бізге үлкен жол ашып берді. «Генаның жекпе-жегін эфирден көрсетіп жатыр, Қанаттың кездесулерін неге көрсетпейді?» деген əңгімелер шықты ғой. Генаның кəсіпқой бокста жүргеніне 10 жыл болды. Ал маған 3-ақ жыл. Бұл биікке жету үшін Гена да 7-8 жылдай тер төкті. Оған рахмет! Біздің осындай батырларымыз аман болсын деп тілеймін!
– Бізде 35 жасқа келгенде спортты қою керек, жаттықтырушы болу керек деген бір қызық түсінік бар. Бұйырса, сіз 32-ге толасыз. Қанаттың да уақыты келіп қалды ғой дейтіндерге не айтасыз?

Қ.Ислам: Сөз айтыла береді. Кезінде ата-бабамыз жауға шапқанда «əй, қой, мен 30-дан асып бара жатырмын, енді сендер шабыңдар» деген жоқ қой (күліп). Жетпіс жасында жекпе-жекке шыққан батырларымыз болған. Өзіңді шалмын десең, отызда да шал боласың. Ол да тəрбиенің дұрыс берілмегендігі шығар деймін. Америкада 50 жастағы спортшылардың жекпе-жегіне куə болған шығарсыздар. Солардан қай жеріміз кем? Бізде əуесқой бокс қатты дамыған. Екінің бірі соған барады. Күнде дайындық болғаннан кейін адам шаршайды. Одан кейін бір рет жеңілсең, сені табалауға дайын тұрады. Сондықтан кейінгі жастарға ата-бабалардың өткеніне көз салсын, кітаптарды оқысын деймін. Батырларымыздың жекпе-жегіне қарағанда біздікі баланың ойыны. Салыстырудың өзі ұят. Сол үшін қазақтығымызды жоғалтпау керек. Оған ата-ана жауапты.

4-5 рет олимпиадаға барған спортшыларды көрдім. 2000, 2004 жылы барған бір қытайлық спортшыны көрдім. Кейін оның аяғы сыныпты. Ішіне темір салып жүреді екен. Сол спортшы 2008-де де чемпион болды. Мен екі рет олимпиадаға бардым. 2012-де бара алмай қалдым. 2016-дағы олимпиадаға барасың ба деген əңгіме болды. Сонда менің 4 рет олимпиадаға қатысуға мүмкіндігім болған екен. Спортшы бір жүйеге бағынып, өзін тəрбиелей алса, ары қарай да жекпе-жекке шығуына болады деп ойлаймын.
– Əр жарысыңыздың соңында «Бауыржан аға, сізге рахмет» дейсіз. Əлеуметтік желілерде «Бауыржан аға деген кім?» деген сұрақ көп қойылады. Осы туралы тарқатып айтып бересіз бе?

Қ.Ислам: Қытайдан елге келгенде Бауыржан Оспанов ағамыз, Шымкенттен Мұхтархан Ділдəбеков жəне Ақтөбе облысы шақырған болатын. Бауыржан ағамен əңгімелестік. «Не ойың бар?» деп сұрады. 2012 жылы олимпиадаға қатысқым келетінін, ол болмаса кəсіпқой боксқа барғым келетінін айттым. Ол кісі көмектесем деді. Осы бір ауыз сөзімен əлі күнге көмектесіп келе жатыр. Алла разы болсын ол кісіге. Бауыржан аға тек маған ғана емес, біраз спортшыға көмек беріп жүр. Қазақтың мықты жігіттері шығып жатса, бір кісідей қуанатын жəне көмегін аямайтын ұлттың тұлғасы. Менің ұстаздарымның тəрбиесі қандай болса, ол кісі де сондай. Зиянды нəрселерге жоламайды. Үнемі осы кісіге ұқсағың кеп тұрады. Ағаның балаларына беріп жатқан тəрбиесінің өзі бөлек əңгіме.

Қазақстаннан басқа жерде өмір сүру қиын

Қ.Ислам: Мықтыны жеңбесең мықты болмайсың. Бұрын чем-пиондардың жағасынан алуға дəрежеміз жетпейтін еді. Қазір аз да болса дəрежеміз бар. Менің құрамам қазір жақсы кездесулерді ұйымдастыруға келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер чемпиондар өздерімен жекпе-жекке шығуға рұқсат берсе, біз дайынбыз. Біреумен ғана шығамын деген жоқ, бокстың аты бокс. Сондықтан қазіргі чемпиондардың бəрімен жекпе-жекке шыққым келеді.

– Кəсіпқой боксқа ауысқан жағдайда барлығы шетелге барып жаттығады. Неге Қазақстанда жаттықпасқа?

Қ.Ислам: Менің ойымша, жаттығу жағынан біздің ел кем түспейді. Елдегі бас бапкер Нұрғали аға Сафиуллин адамды қатты қинайды. «Сендердің қиналғандарыңа рахаттанам» дейтін (күліп). Қазір Америкада жүрмін ғой. Ол жақта олай қиналмаймын. Ал біздің жігіттердің бəрі ондай қиындықтан өткен. Бізде тек ондай орта аз. Қазір орталықтар көптеп ашылып жатыр. Жастар да боксқа көп қызығады. Сондықтан болашақта мен де алған тəлімімді қазақ жастарына беру үшін сондай орталықтар ашсам деп ойлаймын.

– Бокстан тыс өміріңіз туралы айтып берсеңіз. Бейімделу үшін тіл үйреніп жатырсыз ба?

Қ.Ислам: Қазақстаннан басқа жерде өмір сүру маған қиын. Себебі, қазақы тəлім алдым, қалың қазақтың ортасында өстім. Өзім үшін де, отбасым үшін де қиын. Бірақ болашағың үшін бəріне шыдауың керек. Менде бос уақыт бола бермейді. Үнемі дайындықта боламын. Бос уақыт бола қалса, тіл үйренуге жұмсаймын. Себебі, онда ағылшын тілінде сұхбат беруге тура келеді.

Əр салаға шақырып жатқандар бар. Бірақ қазақ «қойшы қойын, жылқышы жылқысын бағу керек» дейді ғой, мен спортты ғана сүйемін. Себебі, 20 жыл бойы спортпен өмір сүріп келемін. Оның бар қыр-сырын білемін дей аламын. Ал басқа сала үшін мен жаңа адаммын, білмейтінім аз. Сондықтан тек спорт саласында қалғым келеді.
– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз…

Қ.Ислам: Елге келген соң үйленгем. Құдайға шүкір, қазір 4 балам бар. Олар елде. Отбасымды Америкаға апарып та көрдім. Ол жақта үнемі дайындықта жүремін. Оларға көп көңіл бөле алмадым. Отбасым менің қиналған түрімді ғана көретін. Кейде кейбір жүйеден артық шығуға болмайды, артық тамақ жемейсің. Олар оны қайдан түсінсін (күліп).Сосын қайтадан елге əкеліп тастадым. Əке-шешем қайтыс боп кетті. Менің бір жеңісімді көрмей кетті. Əкемнің о бастағы жоспары мені молда қылу екен (күліп). Себебі, ол кісі мешітте жұмыс істеді. 8-сыныпқа дейін оқытып, ары қарай діннің оқуына жіберсем деп жүретін. Кейін спортқа кеттік.

Ерлан деген ағам мені спортқа тəрбиеледі. Кішкентайымнан аяқ-қолымды керіп, əртүрлі жаттығулар жасатып жүретін. Мықты боксшыларды айтып, аузымның суын құртып қоятын. «Армандасаң, еңбектенсең, арманыңа жетесің» дейтін. Ол ағамның өзінің арманы үлкен спортшы болу еді. Сол арманын маған таңған екен ғой деп ойлаймын. Ағам мен десе жанын беретін. Қазір де əлі сол баяғы бала кезімдегіден еш өзгермеген.

– Шетелге дүние табу үшін кетті деп айтатындарға не айтар едіңіз?

Қ.Ислам: Мен ешқандай дүние табу үшін жүрген жоқпын. Егер дүниеге құмартар болсам, сол жолға кетіп қалатындай талай мүмкіндік болды. Ата-бабамыз «дүние – қолдың кірі» дейді ғой. Осы уақытқа дейін Бауыржан аға қойған айлықпен ғана жүрмін. Үлкен сомадағы келісім-шарттар енді ғана жасалып жатыр.

Маған қымбаты – жеңіс. Менің құрамамда ақша, дүние болмаса да ең бастысы, əріптестерімде адалдық бар. Солармен бірге жұмыс істегеніме қуанамын. Жаттықтырушым 62-де. Өзім үлкен адамдармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Ол кісіден көп нəрсе үйреніп жатырмын.
– Сізді не алаңдатады? Қазақ жігіттерінің тəрбиесі қалай болу керек?

Қ.Ислам: Ұрпаққа айтарын айтып кеткен ата-бабаларымыздан асырып не айта алармыз?! Жігіт жігіт деген атқа лайық болсын. Қазақтың жігіттері бұрын қандай болған дегенді ойлану керек. Ата-аналар баласы жаман болса, мұғалімнен көреді. Жоқ, əуелі өзінен көрсін. Тəрбиені бірінші берген өзі ғой. Жігіт əуелі өзін, ата-анасын, отбасын қорғай алса жəне оларға сыйлы болса, ұлтына сыйлы болады деп ойлаймын. Жігіттер бос болсақ, дұрыс жүрмесек, онда қыздарымызды кінəлаудың қажеті жоқ. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді ұмытпау керек.

– Шетелде көп спортшыларымыз, боксшыларымыз жүр. Геннадий Головкин бар, Бейбіт Шүменов бар. Бір-біріңізбен қарым-қатынастарыңыз қалай?

Қ.Ислам: Бейбітпен 2000 жылдан бері доспын. Гена, Бақтияр, Серік Сəпиевтермен көп жарыстарда бірге болдық. Бейбіт өзімен бірге жұмыс істеуге шақырған. Күні кеше екі салмақ бойынша əлем чемпионы болды. Бұл – қазақ үшін үлкен жеңіс. Мен оны қазақтың батыры ретінде сыйлаймын. Себебі, ол шетелге барған кезде не промоутері, не жаттықтырушысы болмады. Өзі жалғыз барып, үш айдың ішінде ағылшын тілін үйреніп алды. Бір еврей шал алдап кетіп, онымен соттасқан қиын күндері болды. «Бокста кімді үлгі тұтасыз?» дегендерге «Бейбіт Шүменовті» деп жауап беремін. Өйткені, оның жолына куəмін, күнде хабарласып тұрамыз. Генамен де бірге көп жүрдік. Үнемі ақыл-кеңесін, алданып қалмау жайын жиі айтады.

Жазып алған Асылан ТІЛЕГЕНОВ

www.alaman.kz/80464/80464/ 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста