«Нағыз қазақ кім?» десе «Қанат!» дер ем..

«Нағыз қазақ кім?» десе «Қанат!» дер ем..

Күні кеше Қанат бауырымыз Америкада қазақтың атын тағы бір аспандатты, көк туын көкте желбіретті. Қанаттың жеңісін көрген мұндағы қазақтың кеудесін мақтаныш кернеді. Жексенбінің таңынан кешіне дейін әлеуметтік желі беттері Қанат туралы ғана жазып жатыр еді. Біздің де бірдеңе дегіміз келді, батырымыз туралы жазсам деп ойладым. Бірақ Қанатпен сұхбаттассам деген мақсатым осыған дейін орындалмай келе жатқан... Өмірде де көрген адамым емес. Жаза алар ма екем?! Сөйтсем, БАТЫР ҚАЗАҚ туралы әлеуметтік желіге ғана жазу аздық етеді екен. Тіпті оның жұлдызды өмірін бір мақалаға да сыйдыра алмасымыз анық... Дегенмен біздікі қарлығаштың қанатымен су сепкені секілді қуанышқа ортақтасу ғана...

 

Бейжіңде Бақыттың жеңісіне өзінікінен артық қуанған қазақ

Қанат Исламды біздің қазақ Бейжің олимпиадасы арқылы таныды-ау деп ойлаймын. Қазақстаннан Бақыт Сәрсекбаев өнер көрсеткен 69 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектерді көк жәшікке телміріп, қалт жібермей қарадық. Бақытымыз оза шауып келе жатты. Ал шаршы алаңға атойлап Қанат шыға келгенде елеңдемеген қазақ жоқ шығар. «Қазақ па екен?», «Түрі қазаққа ұқсайды», «Фамилиясы да қазақша сияқты», «Қытайдың атынан шыққаны несі?» деп елегізіген жұрт Қанаттың қазақ екенін білгенде, бар пейілімен оған да жанкүйерлік көрсетті. Бақытымыз алтын алып, Қанатқа қола бұйырғанда қуанбаған қазақ жоқ шығар. Бірақ біздің қуанышты қойшы, экранның ар жағында тұрса да жүзінде нұр ойнап, сәуле шашқан Қанаттың қуанышын жанымызбен, жүрегімізбен сезген едік. Маған сол кезде өзге елдің намысын жырта келген Қанат алтын алмағанына, оның қазақтың қанжығысына байланғанына қуанып тұрғандай көрінді. Оған Бақытты қайта-қайта құшақтап, құттықтап фотоға түскені, біздің елдің әнұраны ойнағанда Бейжің аспанына көтерілген көк байраққа толқыныспен көз тігіп ұзақ тұрып қалғаны дәлел еді... Батыр сонда «қазақтың туын мен де осылай биіктен желбіретсем» деп армандады ма екен, қайтті екен?..

 

 

 

Лондонға апармаса да, төбесіне көтермесе халқына адал қазақ

«Қанат Қазақстанға көшіп келіпті» дегенді естігенде «енді өз еліміздің атынан өнер көрсететін болды ғой» деп қуанып кеттім. Рас, Қанаттың елге оралуы оңай болған жоқ. Қытайдың олимпиада қоржынын қола медалімен толтыра түскен Қанатты олар алақанына салып аялап, Лондон олимпиадасына дайындап жатыр еді. Бірақ «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген қазақ мақалын өнеге тұтқан ер алған бетінен қайтпады: Отанға, атамекенге жинала бастады. Тіпті ауыл ақсақалдары келіп: «Лондон олимпиадасының алтынын ал, содан кейін көрерсің», – деп райынан қайтармақ болды. Бірақ қытай қор қылған өзге қандастарының ауыр азабын көзімен көріп, жанымен сезінген Қанат: «Маған қытайдың берген атағының керегі жоқ. Мұндай жерден өзімді, отбасымды құтқаруым керек», – деп, тәуелсіз Қазақ еліне қайтып келді. Күдерін үзбеген Қытай Қанатты қайта-қайта шақырып, бір жолы түскенде: «Сен біздің азаматымызсың. Олимпиадаға Қытайдың атынан қатысуың керек. Сенің салмағыңда бір-ақ адам бар. Ол жарақат алып қалса қайтеміз?» – деп үгіттеген көрінеді. «Кім жылы сөйлесе, соның жыртысын жырта салатын» Қанат кездейсоқ біреу ме?! Әрине, ол үшін Лондонға апармаса да, жоғары мәртебе бермесе де атажұртының ауасын жұтып, суын ішкені бәрінен артық еді... Ол ешкімге шағымданған да, міндетсінген жоқ. Өз елінде аяғынан шалғандарға назар да аудармады. Ендігі мүмкіндігін кәсіпқой бокстан байқап көрмек болып мұхит асты. Міне, намысты қазақ, ұлтшыл қазақ осындай болса керек-ті!

 

«Көк тудың астында өнер көрсетсем» деген арманына жеткен қазақ

Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы лақап аты – «ҚАЗАҚ». Кезінде шетелге барғанда «Қытайдың туы бар киімді кигім келмейтін. Жаттықтырушым «ки» десе де «ол киімге сондай болды, мұндай болды» деп түрлі сылтаулар айтып, еш жазуы жоқ киімді киіп жүруге тырысушы едім. Қазақтың формасын киген Қазақстаннан келген бауырларымды шетелде кездестіргенде «мен қашан қазақ туының астында бокстасады екенмін?» деп қатты армандайтынмын» деген Қанат бүгінде еліміздің атынан өнер көрсетіп жүр. Жаны да қазақ, жүрегі де қазақ батырымыз күні кеше кәсіпқой бокстан 20-шы жекпе-жегін өткізіп, оны да нокаудпен жеңді.

Американы Қанат туралы аңыз кезіп жүр. Американың беделді порталдары «Бұл Геннадий Головкиннің бауыры емес пе?!» деп жазып жатқан көрінеді. Ал одан осыған дейін жеңілген өзге боксшылар қимылының жылдам, соққысының ауыр екенін айтып шағымданса, жаттықтырушы Гилберт Гастелум: «Жаттығу барысында оның соққысын тосқанымда,оның жылдамдығы, соққысының тым ауыр екені сезіледі және өзімді жекпе-жекте жүргендей сезінемін. Кейде соққының қашан, қайдан келгенін білмей қаламын. Мен көп жастарды дайындадым, бірақ ол – мүлдем жоғарғы дәрежелі боксшы», – деген болатын.

Қанат әр жекпе-жегінің соңында жеңісінің қазаққа арналғанын айтудан жалыққан емес. Кеше де «Бүгін жексенбі» бағдарламасына ғаламтор арқылы жолдаған сәлемінде батырымыздың: «Тақымын қысып отырған Қазақ еліне алғысым шексіз. Осы күнге дейін көмек көрсетіп келе жатқан Бауыржан ағама рахмет! Алла разы болсын! Қазақтың көк туын қазақ жастары әр салада көкке көтеруі керек. Қазақстан жасасын!» – деген жарқын шыққан дауысын естідік.

Иманы мықты, намазына берік, ұлтшыл, патриот Қанат Исламның бағындырар биіктері әлі де көп болса екен деп тілейміз, сол үшін күллі қазақ болып дұға етеміз!

Марфуға Шапиян

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста