Моңғолияда өтіп жатқан республикалық бокс турнирінде Баян-Өлгилік Ерболат Төлекұлы 91 келі салмақта бас жүлдені жеңіп алып, алтын медаль еншіледі деп жазады baq.kz.
Бұл Ерболаттың екі рет Моңғолия мемлекетінің чемпионы болуы. 1990 жылы туған спорт шебері ауыр салмақтағы бокста барлық қазақ жастарының арасындағы таңдаулы спортшы деуге әбден болады. Оның жетістіктері бұл ғана емес. Боксқа спорттың күрес түрінен келген ол, бапкері Қайнар Қайсанайдың баптауында тез арада қалыпқа түсіп, жақсы нәтижеге жете бастаған.
Оның жеңістері туралы қысқаша тоқтала кетсек, Ерболат былғары қолғап киген алғашқы айда-ақ жастар арасындағы ел біріншілігінде 81 келі салмақта қола медаль алып үлгереді. Ал, 2010 жылы студенттер арасында өткен ел біріншілігінде күміс медаль, 2011 жылғы ересектер арасында өткен ел біріншілігінде күміс медаль, 2011 жылы Қазақ елінде өткен Исатай мен Махамбет батыр атындағы халықаралық турнирде күміс медаль, ал, 2012 жылы қаңтар айында өткен ересектер арасындағы Моңғолияның ел біріншілігі мен 4 жылда бір рет болатын Бүкіл халықтық 13-шы Спартакиада алтын медаль алады. Моңғолияның үздік 10 боксшысының қатарына кіретін бауырымыз енді міне тағы да жеңістің биік тұғырынан көрініп отыр.
Бұл жолғы жарыс Моңғолиядағы қандастарымыз үшін табысты өтті деуге негіз бар. Себебі, осы додада тағы бір қазақ баласы Т.Ыбырайым аламан жарыста күміс медальға қол жеткізді.
Дереккөз: BAQ.KZ