Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы өзінің бос тұрған белбеуіне украиналық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) мен америкалық Дэниэль Джейкобс (34-2, 29 КО) таласатыны туралы шешім қабылдады. Бұл туралы RINGe.com порталы хабарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін IBF Геннадий Головкиннен (38-0-1, 34 КО) өз белбеуін тартып алған болатын. Оған себеп, қазақстандық боксшының 3 тамыз күні Деревянченкоға қарсы кездесуге қағаз жүзінде келісім бермегені болған.
Дүйсенбі күні IBF штаб-пәтерінде Деревянченконың со-промоутері Ду Дибелла (DiBella Entertainment) мен Джейкобстың промоутері Эдди Хирн (Matchroom Boxing) тез арада келіссөз бастау үшін хат жолдаған. Егер екі боксшының командасы 11 шілдеге дейін келісе алмаса, жекпе-жек бәссаудаға қойылады.
Айта кетейік, Деревянченко мен Джейкобстың менеджері ғана емес, сонымен қатар олардың бапкері де бір. Екі боксшыны америкалық Андре Розье жаттықтырады. Бапкер болса шәкірттерінің бір-бірімен жекпе-жек өткізуге қарсы.
Негізі Головкин IBF алдындағы міндетті 5 мамыр күні Сауль "Канело" Альвареспен (49-1-2, 34 КО) өтетін кездесудің алдында орындауға ниетті болып еді. Бірақ мексикалықтың допингіне байланысты кездесу өтпейтін болды. Кейіннен отандасымыз америкалық Ванес Мартиросянмен (36-4-1, 21 КО) кездесті. (Бірақ бұл кездесуді өткізуге IBF рұқсат бермеген болатын).