Кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген америкалық боксшылар Теренс Кроуфорд (39-0, 30 КО) пен Эррол Спенс (28-0, 22 КО) жартылай орта салмақта жекпе-жекке келісті. Бокс кеші 29 шілде күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena кешенінде өтеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Vesti.kz тілшісі инсайдер Майк Коппинджерге сілтеме жасап жазды.
Теренс Кроуфорд пен Эррол Спенс арасындағы шаршы алаңдағы шайқасты бокс сүйер қауым көптен бері күткен еді. Бұған дейін олар айқас бойынша бірнеше рет келіскенмен, жекпе-жек ұйымдастырылмай қалған. Бұл жолы бокс кешінің өтуіне еш кедергі болмайды деп күтілуде.
Кроуфорд – жартылай орта салмақта WBO белбеуінің иегері, ал Спенс болса бұл салмақта IBF, WBC және WBA атақтарына ие. Жеңгені абсолют чемпион атанады.
Екі боксшы арасындағы жекпе-жек 2015 жылғы Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы кездесуден кейінгі бокстағы маңызды оқиға болмақ.