Суперорта салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы америкалық Давид Бенавидес канадалық Давид Лемьені жеңгеннен кейін мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасуға ниетті. Бұл туралы vesti.kz тілшісі fightnews.info-ға сілтеме жасай отырып жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.
"Лемьені жеңіп, Сауль Альварестің титулына міндетті қарсылас атанарыма сенімдімін. Еш күмән жоқ. WBC белбеуі үшін іріктеуде жеңдім, ал осы айқаста "уақытша" чемпион атағын иеленемін.
Егер Альварес осыдан кейін менімен жұдырықтаспаса, онда белбеуді бос қалдырып, ол үшін жекпе-жек өткізуге мүмкіндік берсін.
Жанкүйерлерге сөз берген кездесулердің бәрін өткізбей бұл салмақтан кетпеймін.
Алайда мұны олар үшін ғана емес, өзім үшін де жасаймын. Мен суперорта салмақта ең мықты екеніме сенімдімін және бұл дивизионнан осыны дәлелдегеннен кейін ғана кетемін", - дейді тегі мексикалық боксшы.