Бокстан Тайпэйде өтіп жатқан қыздар арасындағы әлем чемпионатында ширек финалдық жекпе-жектер басталды. Кеше еліміздің тоғыз боксшысы-аруы жартылай финалға шығып, баршамызды қуантты, деп жазады "Алаш айнасы".
Бірден айтайық, Тайпэйде әлем чемпионаты екі жас мөлшерінде, яғни жастар және жасөспірімдер санатында өтуде. Бойжеткендер 10 салмақ дәрежесінде, ал жас қыздар 13 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.
Қазақстан – осы әлем чемпионатына толық құрамда қатысып жатқан екі елдің бірі. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан мен Ресей ғана 23 боксшы қыздарын үкілеп қосты. Ауызекі тілмен айтқанда, Қазақстан қыздары барлық салмақта сынға түсті.
Сол 23 қызымыздың әзірше тоғызы жүлдеге ілігіп отыр. Ал Ресейдің сегіз қызы жартылай финалға шығыпты. Американың төрт аруы, ал Қытай, Моңғолия және Үндістан елдерінің үш қыздары жартылай финалда бақ сынау құқығына ие болған. Сонда жүлде жағынан әзірше бәрінен озып тұрмыз. Енді алтын саны қанша боларын...
Кеше рингке шықан қыздарымыздың жекпе-жектерінің нәтижелері төмендегідей:
Жас қыздар
48 келі: Сандуғаш Әбілхан – Сонья (Үндістан) – 0:3
54 келі: Жанна Серікова – Сакши (Үндістан) – 0:3
57 келі: Владислава Кухта – Танчанок Саксри (Таиланд) – 3:0
63 келі: Ләйлә Құсайынова – Джони (Үндістан) – 2:1
66 келі: Надя Рябец – Хонгорзул Батболд (Моңғолия) – 3:0
75 келі: Гюзаль Садықова – Вероника Плавецка – 3:0
Бойжеткендер
54 келі: Балауса Мұздыман – Радиа Соусси (Алжир) – 3:0
64 келі: Аида Әбікеева – Кьяре Джинти (Ирландия) – 0:3
69 келі: Баян Ақбаева – Ловлина Боргохаин (Үндістан) – 2:1
75 келі: Любовь Хасиева – Анета Гожко (Польша) – 2:1
Сөйтіп, кеше жеті қызымыз жартылай финалға шықты. Ал екі жас мөлшеріндегі ауыр салмақта бақ сынайтын қыздарымыз, яғни Алтын Мұқышбекова (81 келі, бойжеткендер) және Дина Исламбекова (80 келі, жас қыздар) шаршы алаңға бірден жартылай финалда шығады.
Бұл екі салмақта боксшы қыздар аз екен, оның үстіне екеуінің де жеребесі оңтайлы түсіп, ширек финалда ешкіммен кездеспей, әлем чемпионатын бірден жартылай финалдан бастайтын болып отыр.