Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан дәстүрлі "Страндж кубгінде" қазақстандық бес боксшы жарыс жолын жеңістен бастады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сонымен қоса, Қазақстан командасынан бір боксшы турнирден шығып қалды.
Осылайша, 54 келіде Махмұд Сабырхан германиялық Ибрагим Салахқа еш мүмкіндік қалдырмады - 5:0 (30:26, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27). Ал Талғат Сырымбетов осы салмақта ресейлік Максим Чернышевке есе жіберді - 0:5 (28:29, 28:29, 27:30, 28:29, 27:30).
57 келіде Оразбек Асылқұлов италиялық Франческо Иозиядан басым түсті - 5:0 (30:27, 30:27, 29:28, 30:27, 30:27). 63,5 келіде тағы екі боксшымыз жеңіске жетті. Олар Мұхамедсабыр Базарбайұлы литвалық Скурделис Эдгарастен - 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:26, 30:27) және Абзал Серік ирландиялық Деан Кленсиді - 5:0 (29:28, 29:28, 29:28, 30:27, 30:27) жеңді.
Сонымен қоса, 71 келіде Қуан Қуатов та бұл турнирді жеңістен бастап, англиялық Харрис Акбарды сан соқтырды - 4:1 (30:27, 30:27, 30:27, 27:30, 29:28).
Еске салайық, "Кіші әлем чемпионаты" аталып кеткен турнир 19 ақпанда басталып, айдың 28 жұлдызына дейін жалғасады. Бұл халықаралық жарысқа 36 елден 450 боксшы қатысуда, олардың қатарында Олимпиада, әлем және Еуропа чемпиондары бар.