Мектептерде өзін-өзі басқару жүйесін енгіземіз – Асхат Аймағамбетов
Қазақстанда орта білім беру мекемелерінде өзін-өзі басқару жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық кеңес отырыстарында қаралып ұсынылған идеялар мен бастамалардың 43 пайызы білім беру саласына қатысты. Бұл дегеніміз білім қашанда басты назарда деген сөз. Білім саласындағы бүгінгі өзгерістерге келсем, алдымен басқару. Айтар болсам, бүгінде жоғары оқу орындарына корпоративтік басқару жүйесін енгіздік. Бұрын университет ректорлары барлық маңызды шешімдерді өз беттерімен қабылдаса, енді директорлар кеңесі бар. Орта білім беруге келсек, ендігі уақытта мұғалімдер жұмысқа байқау арқылы қабылданады. Сонымен қатар біз қаржыландыру саласында да айтарлықтай реформа жүргізіп жатырмыз. Ендігі уақытта білім беру ұйымдарына қаржы жан басына есептеліп бөлінеді. Бұл нақтылық. Демек ЖОО-да 1 мың студент бар ма сонша жанға есептелініп қаражат бөлінеді», - деді А. Аймағамбетов елордада өткен Президенттік жастар кадрлық резервтерінің форумында.
Одан бөлек, министр білім беру саласындағы тағы бір жаңашылдық мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарын ата-ананың өзі таңдай алатынын айтып өтті.
«Соңғы 2 жылда елімізде жеке мектептердің саны 2 есеге артты. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтады. Қазіргі уақытта ЖОО-ға өзін-өзін басқару жүйесі енгізілді, бұл тәжірибе колледждерге де енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта өзін-өзі басқару жүйесін мектептерге енгізетін боламыз. Себебі пандемия білім беру мекемелері басшыларының өз бетінше шешім қабылдап, тиімді жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті. Цифрландыруға келсек, бүгінде мектептегі пәндік олимпиадалар мен ҰБТ электрондық форматта өтіп жатыр. Бұл уақыт пен қаржыны әлдеқайда үнемдейді», - дейді ол.