"ТҮРКСОЙ" кафедрасы түркі халықтарының ғылыми орталығына айналмақ
Таяуда «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауыменТҮРКСОЙ кафедрасы мен «Түрксой» ғылыми білім беру және мәдени орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай ашылған орталықтағы салтанатты жиынға халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасындағы Түркіменстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елшіліктері мен консулдықтарының өкілдері, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктердің қызметкерлері, ұлттық университеттің ғалымдары, оқытушылары, студент-жастары қатысты.
Түркітанушы ғалымдардың айтуынша, түркі елдерінің саяси, мәдени, экономикалық тұрмысын зерттеп-зерделейтін ұйымдағы ғалымдар мен мамандардың еңбектері бір орталыққа жинақталғаны өте орынды. Сондықтан бұл орталық түркі халықтарына ортақ ғылыми-мәдени орталыққа айналмақ.
Ұлттық университетте ашылған ТҮРКСОЙ орталығына Асқар Тұрғынбаев басшылық етеді. Бірнеше жыл ТҮРКСОЙ ұйымында қызмет еткен Асқар Тұрғынбаевтың тәжірибесі ашылған орталықтың ісін дөңгелетуге септігін тигізеді деп сенім артып отыр Д.Қасейінов мырза.
ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзара ғылым, білім, гуманитарлық және өзге қызметтік бағыттардағы әріптестік келісім-шартына қол қойды. Сондай-ақ, университет ректоры Ғ.Мұтанов халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне және түркі әлемінің терең құндылықтарын әлемге танытуға қосқан үлесі үшін» атты алтын медальмен марапаттады. Ал Дүйсен Қорабайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановқа алғыс білдіріп, арнайы «ТҮРКСОЙ» медалін табыстады.
©Нұрғиса Елеубеков (фотолар)