Енді университеттің жабылуына құрылтайшы жауап береді
Енді университ жабылса, ондағы студенттерге құрылтайшы жауап береді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Halyq Uni.kz-ке сілтеме жасап.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, салада «Таза парақтан» атты жаңа реттеуші саясаты қолданылады. Оған сәйкес, тексеріске жататын субъектілердің тізімін адам анықтамайды. Енді жұмыс (ЖОО-ны тексеру – автор) автоматты түрде жүргізіледі. Әр субъектінің өзінің ақпараттық жүйесі болуы керек. Ол мемлекеттік органдардың жүйесіне қосылады, ал біз өз тарапымыздан тиісті критерийлерді анықтаймыз, - деді Гүлзат Көбенова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан соң.
Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған.
Оған министрліктің де, жоғары оқу орындарының да, бизнес өкілдерінің де, «Атамекен» ҰКП-ның да өкілдері кірді. Бүгінде ол топ жұмысын аяқтап, барлық нормативтік құқықтық актілерге ревизияны анықтады. Енді автоматтандыру бағыты бойынша жұмысты жалғастырамыз. (Егер университет жабылса – автор) заңға сәйкес (ЖОО-ның – автор) құрылтайшысы студенттерге ең алдымен жауап береді. Оның жауапкершілігі «Білім туралы» заңға енгізілген толықтыру арқылы нақтыланды. Ең алдымен бұл құрылтайшының жауапкерлігін күшейтуді көздейді, - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі биыл 15 университеттің тексерілетінін айтқан еді.