Астанада "Атамды мақтан тұтамын!" акциясы өтеді
Елорда кітапханаларында "Атамды мақтан тұтамын!" атты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған акция өтеді. Шара аясында кітап көрмелері, естелік этафеталары, зияткерлік ойындар, тарих сабақтары ұйымдастырылады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, "Халықтың ұмытылмас ерлігі", "Қазақстандықтар - Ұлы Отан соғысының қаһармандары" секілді иллюстрациялық кітап көрмелері де ашылды.
Қазіргі уақытта "Ардагерге тағзым ет, жас ұрпақ", "Соғыс - бала күнімнің естелігі" сынды тақырыптар бойынша арнайы құжаттар мен материалдарды жинастыру науқаны жүріп жатыр.
Қалалық кітапханаларда кітаптар мен түрлі әдебиеттен бөлек, оқушылардың, ардагерлердің ұрпақтарының шығармалары да орын тапты.
№8 балалар кітапханасының қызметкерлері өз кезегінде оқырмандар арасында соғыс тақырыбына арналған үздік шығармалар сайысын жариялады. Сайыс үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін өткізіледі, ал қорытындысын шығаруға Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысады.
Жалпы, Астана қаласында 23 жалпы қолжетімді, қалалық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 16-сы бұқаралық, алтауы балалар кітапханасы және біреуі көзі көрмейтін, нашар көретін жандарға арналған кітапханалар.
baq.kz