Азат Қазақстан – Асан қайғы аңсаған жерұйық мекен
Ертең – осыдан 20 жыл бұрынғы мезгілде Еуразия кіндігінен жұлдыздай жарқырап көрінген Алаш азаттығының куәсі – Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылған кезі, күллі әлемге Қазақстан Республикасы деген мемлекеттің атауы жария болған сәті, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің енді аты өшпестей, жады жоғалмастай мәңгілікке өмір бастаған бақытты күні. Тәңірдің сыйы, тағдырдың тартуы болған Тәуелсіздік – сыртқы елдерден егемендігіміз ғана емес, қазақы болмыстың, ұлттық діліміздің, ұлттық жады мен зерденің, қазақша ойлау мен түйсінудің еркіндігі деп білемін. Қазақ деген атымыз Құдайдан басқаға бағынбайтын, бұғауға көнбейтін еркін де еңселі ел дегенді білдіреді. Бар-жоғы 20 жылда ғасырға бергісіз белестерді аттаған Тәуелсіз Қазақстанның дос пен дұшпанымызды мойындатқан жетістіктері Қазақ-наме дейтіндей том-том шығармаларға арқау болғандай. Тәуелсіздіктің тойы тоқмейілсу болмасын, өткен мен бүгіннің, келешектің қамын таразылайтын тұжырымға толы болсын!
Әлмисақтан азат едік...
Мінсіз мемлекет туралы диалогтарын жазған Платон, құт дарыған қайырымды қала тұрғындары туралы толғаған әл-Фараби, Утопияны ойлап тапқан Томас Мор, күн қаланы қиялдаған Кампанелла секілді, Асан қайғы бабамыздың шартараптан іздеген жерұйығына бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары куә болып отырғанымызға ешкім дауласа қоймас. 1991 жылы «ең тұрақсыз ел болады» деп сәуегейлік айтқандарын бүгінгі Қазақстанның 20 жылдағы толағай табыстары жоққа шығарды десек болады. Кейде өз еліміздің қадірін білгіміз келмесе де, кез келген шетелдік азамат дәл осы Қазақстанның жұмыр жердегі жерұйық мекен екеніне ашық мойындар еді, мойындап та, қызыға да, қызғанып та жүр. Тәуелсіздік туралы ойға батып отырып, «бүкіл дүниежүзі тарихында отар болмаған халықтар бар ма өзі» деген сауалға жауап іздеп көрдім. Тек ежелден тәуелсіз болған соң Тәуелсіздікті жариялау туралы құжаты жоқ бірлі-жарым елдер – Жапония, Англия, Испаниядан өзге адамзат тарихында отар немесе вассалдық тәуелділікте болмаған, әу бастан азат ғұмыр кешкен халық жоқ екен.
Википедия сайтына жүгінсек, адамзат тарихында барлығы 216 ірі империя алма-кезек дәурен құрып, із қалдырыпты. 33,7 млн шаршы шақырым аумақты табанына салған ағылшын жұртын да ежелгі варягтардың үрім-бұтағы нормандиялықтар билеп-төстеді. Қазіргі ағылшын патшайымы ІІ Елизавета – сол нормандықтардың асыл тұяғы. Қарақұрым Қытай да Шыңғыс ұрпағы Құбылай құрған Юань династиясының қол астында болды. Дегенмен әлемнің ірі халықтары өздерін вассалды тәуелділік қамытын кидік деп есептемейді. Ешқайсысына «басыңа бұғалық кидің» деп мойындата алмайсыз. Керісінше, әрқайсысының бойын азаттық, бостандық, қайсарлық рухы кернеп тұр. Олардың – төсі шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат. Демек, кезінде айбарлы сақ, ғұн, түркі, Шыңғыс қаған, Алтын орда империялары салтанат құрған Қазақ ордасы да әлмисақтан азат ұлт, еркін халық. Көшпелі қазақ – өз аты айтып тұрғандай, ежелден Құдайдан басқаға бағынбайтын, еңселі жұрт. Есте жоқ ескі заманнан ежелгі ұлыс екенімізді ескерсек, Тәуелсіздік – әу бастан-ақ Құдайдың берген сыйы. Олай болса, әмбебап Тәуелсіздігіміз отарлық бұғауын үзген кезден емес, әлмисақтан ұлыс ретіндегі қанға сіңіскен бекзат болмысымыздан, төл табиғатымыздан басталады деп түйсінуге болады екен. 1991 жылы қол жеткізген Тәуелсіздігіміз сол табиғат берген ілкі һәм заңды Тәуелсіздігімізді айғақтайды. Әділетсіз отаршылдықпен қол сұғылған Тәуелсіздігіміз үшін қаншама баһадүр бабаларымыз шейіт кетті, қаншама асқақ армандар тұншықтырылды. Тағдыр азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың маңдайынаТәуелсіздікке жету миссиясын жүктесе, ал бүгінгі ұрпаққа, яғни Сіз бен бізге Тәуелсіздікті баянды ету жауапкершілігін арқалау парыз етіліп отыр. Отаршылдық дәуірде мемлекеттігімізден уақытша айырылғанымызбен, мемлекеттің діңгегі қазақ ұлты тарихтың тәлкегінен, тағдырдың талайынан бүгінгі күнге жетті. Ата-бабаларымыз – Тәуелсіздік үшін күресушілер азаттық жолында шейіт болды. Баһадүр бабаларымыз азаттық үшін жанын пида етті, сол күрес жолында өздерін отар деп санаған емес. Ал біз, бүгінгі замандастарымыз – Тәуелсіздікті нығайтушылармыз, сақтаушылармыз. Яғни Тәуелсіздік алған сәттен бастап екі буынның арасында миссия өзгерді. Ендеше, Алаш баласы, Сіздің миссияңыз – бабадан аманат болған Тәуелсіздікті сақтау, мәңгілік мұра ету.
Тәуелсіздіктің негізін қалаушы – Нұрсұлтан Назарбаев
Тарихта 1960 жылды БҰҰ-ның бекітуімен Африка жылы деп атау қалыптасқан. Өйткені сол кезде отар болған Африканың 17 елі тәуелсіздік алған еді. 1990 жылы азаттығын паш еткен Литва, Латвия, Эстонияны айтпағанда, бұрынғы КСРО-ның 12 одақтас республикасы өз тәуелсіздіктерін жариялады. Сондықтан 1991 жылды ТМД жылы деп атауға болатын сияқты. Өйткені дәл осы айтулы оқиға әлемге зор өзгеріс әкелді, қырғи-қабақ соғыс тоқтады, социалистік лагерь капитализмге бәсекелес болудан қалды, Еуразия кіндігінде жаңа саяси орталықтар пайда болды. Ең біріншіден, Қазақстанның ұлттық мемлекет екенін ескерсек, әлем тарихындағы ұлттық мемлекеттердің бастауында халықтың бағына туған көшбасшылар тұрды. Түркияда – Ататүрік, Сингапурде –Ли Куань Ю, Малайзияда – Махатхир Мохаммад, Үндістанда – Махатма Ганди... Ал екі жарым ғасырдан соң қайта азаттық алған Қазақстан Тәуелсіздігінің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғаны – айдай ақиқат. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Қазақстан 20 жыл ішінде Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, үш кезеңнен тұратын модернизациялық процесті өткердік. 1991-1995 жылдардағы бірінші кезеңде біз кеңестік жүйені бұзып, мемлекеттің негіздерін құрумен айналыстық; 1996-2000 жылдардағы екінші кезең экономика мен саяси жүйенің терең құрылымдық өзгерістерін іске асырумен байланысты болды; 2001-2006 жылдары экономикалық өсуге бет алдық. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. КСРО-ның шикізат базасы еліміз бүгінде әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарып отыр. Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынса, соңғы 10 жылда білімге бөлінетін қаражат 10 есеге артып, 750 жаңа мектеп бой көтерген. Қазір білім беруден 129 елдің ішінде көшбастаушылардың қатарындамыз. 1994 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл асқан болса, арада 2011 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 12 есе артып, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Еліміздің аймағы бойынша мысал келтіре кетсек, Тәуелсіздік жылдарында бір ғана Жамбыл облысының аймақтық жалпы ішкі өнімі – 41 есе, ал бюджеті 60,8 есе артқан екен. Тәуелсіздігін жариялаған кезде «қалтасы тесік» болған елдің бүгінде алтын-валюта және ұлттық қоры 70 миллиардтан мол асты. Саяси-құқықтық тұрғыда Қазақстан Тәуелсіздігінің Мемлекеттік рәміздер, ұлттық валюта, Қарулы Күштер секілді басты атрибуттары қалыптастырылды. Ұлттық қорымыз экономиканың тұрақтылығының кепіліне айналды.
Сарабдал сыртқы саясат
Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатта елеулі табыстарға қол жеткізді, әлемге дарқан мінезді қазақ болмысы бейбітсүйгіштігімен, мәмілегерлігімен танылды. Соның ең басты айғағы 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықта XXI ғасырдағы тұңғыш саммит өткізіп, Астана декларациясының қабылдануы еді. Қазақстан әлемдегі БҰҰ-дан кейінгі екінші халықаралық ұйым – ИЫҰ-ға төрағалық етуде. Қазақ елі «Үлкен сегіздіктің» алты мемлекетімен (Ресей, АҚШ, ГФР, Франция, Жапония және Италия) стратегиялық әріптестік байланыс орнатқан. АӨСШК, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, ТҮРКСОЙ, Түркі Кеңесі ұйымдарының құрылуының басты генераторы – Қазақстан екені анық. Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің құрылуы жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған зор үлес екені анық. Халықаралық ұйымдарының Парламенттік ассамблеяларының қызметіне белсене араласып келеміз.
Қазақстан – ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс көшбасшысы
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әлемдегі ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың көшбасында келеді. Елбасының бастамасымен дүниежүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигоны біржолата жабылып, ядролық қарудың әлемдегі төртінші арсеналын жойған Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болып қана қоймай, ядролық қаруды таратпау тәртібін мүлтіксіз сақтай отырып, жер жүзінде жаппай қырып-жоятын қаруға жалпыға бірдей тыйым салу, бейбіт атомды қауіпсіз пайдалану, халықаралық ядролық терроризм қатеріне жол бермеу жөніндегі жаһандық бастамаларды ұсынып келеді. Қазақстан 20 жыл ішінде әр сала, әр тарап бойынша әлемдік державалар қатарына іліне бастады.
Қазақстан – ғарыштық держава
Қазақстанның ғарыштық державаға айналуына негіз салынды. Өз тарихында қос ғарышкерді Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты ұшырған Қазақстан «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін тұрғызды. Алғашқы сәтсіздікке қарамастан, «ҚазСат-2» отандық Жер серігі орбитаға шығарылды.
Қазақстан – астық державасы
Қазақстанның аграрлық потенциалы зор, мал шаруашылығы, оның ішінде табысы көп марал шаруашылығы, ара шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндігі бар. Еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында 29 миллион тоннадан астам дәнді дақыл, соның ішінде 24 миллион тонна рекордты алтын дән жинап, әлемдегі ең мол астық экспорттаушы бес елдің қатарынан көрініп отыр. Соның ішінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысының диқандары ел игілігіне 16 млн тонна астық құйды. Аграрлық секторы қарышты қадаммен дамып келе жатқан Қазақстанның азық-түлік бойынша әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жетекші елдер қатарынан саналады.
Қазақстан – спорт державасына айналды
Әр Олимпиада ойындарында екі-үш алтыннан олжа салып жүрген Қазақстан бокс, ауыр атлетика, күрес түрлерінен әлемдік державалардың санатына ілікті. Биыл Қазақстан тұңғыш рет қысқы Азиада ойындарын қабылдап, Азия елдері арасында 32 алтын, 21 күміс, 17 қола, барлығы 70 медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Алла қаласа, 2017 жылы әлемдік универсиада қабылдаймыз.
Қазақстан – индустриялық-инновациялық дамуға бет бұрған ел
Жақында қабылданған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясында атап көрсетілгендей, Қазақстан халықтың әл-ауқаты жағынан жаһандық рейтингте әлемнің алғашқы 50 мемлекетінің қатарына кіріп, дүние жүзіндегі тез өсіп келе жатқан экономикалар үштігіне еніп отыр. Қазақстанның қаржы және банк жүйесі, даму және экономиканы басқару институттары ТМД, қала берді, әлем бойынша үздіктердің қатарына кіріп отыр. Елбасының тапсырмасымен, кең ауқымда елді индустрияландыру бағдарламасы жақсы жолға қойылып, бірқатар бірегей нысандар ашылып жатыр. Уран өндіруден әлемде алдыңғы орынға шықтық.
Жаһанның жерұйығы
Қазақстан бүгінде әлемдік конфессияаралық үнқатысулардың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде танылып отыр. Батыс пен Шығыс, діндер мен өркениеттер арасындағы қайшылық дәуірінде қазақ топырағында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш бірдей съезі өткізілді. Елдегі көпэтнос өкілдері айрандай ұйып, тату-тәтті өмір кешіп келеді. Бұл – Елбасы мен қазақ халқының кеңпейіл мінезінің, бауырмалдығының арқасы. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдің көп этносты халқының мүдделерін білдіретін бірегей институт.
Астана – Еуразияның жүрегі
Астана Байтақ Еуразияның ғана емес, әлемдік деңгейдегі рухани-мәдени һәм маңызды саяси шешімдер қабылдайтын геосаяси орталыққа айналып үлгерді. Әлемдік геосаяси орталықтар Астананың, Ақорданың абырой-беделін, жаһандық деңгейдегі ықпалын мойындады. Астана болашақта Еуразиялық одақтың жүрегіне айналуы әбден мүмкін.
Тәуелсіздік мейрамы әр қазақ үшін, әр Қазақстан азаматы үшін баға жетпес байлық, өлшеусіз құндылық, қасиетті күн болуы керек. Бұл Тәуелсіздік күні – мәртебелі, мерейлі, тағылымды, тарихи күн! Алаш ұлы, өзіңді ардақтасаң, осы күні ардақта, осы күні асқақта!