Жаңарған Volkswagen Touareg-тің алғашқы фотосы
Volkswagen жаңарған Touareg сынақтан өтіп жатқанын хабарлады. Машинаның ресми тұсаукесері биыл жазда өтеді, бірақ өзгеріс аз болуы мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Volkswagen модельдің радиатор торы мен бамперін аздап өзгертті. Сырт пішініндегі негізгі техникалық жаңалық ретінде 38 400 микродиодты жаңа буындағы матрицалы оптика мен жүріс шамын атауға болады. Олар алдында логотиптің екі жағынан радиатор торын бойлай жанады, ал арт жағында VW белгісі жанып тұрады.
Ресми фото шыққаннан кейін көп өтпей әлеуметтік желіде Touareg-тің камуфляжсыз суреті тарады. Оны жол талғамайтын көліктің борттық медиажүйесінен алған сияқты. Бұл суреттен артқы шамының сызбасы анығырақ көрінеді.
Компания көлік интерьерін толық көрсетті, онда айтарлықтай жаңалық байқалмайды. 15 дюймдік орталық экраны бар цифрлы кокпит өзгеріссіз қалған. Volkswagen медиажүйенің бағдарламалық жасақтамасын жақсартуға уәде беріп отыр. Дыбысты көмекші мен навигация, Apple CarPlay және Android Auto жұмысы жақсарады.