Toyota Camry-ді NASCAR стилінде әрлейді
Америкалық танымал West Coast Customs ательесі («Pimp My Ride» телешоуын жасаған) «жетпістік» Camry-ді NASCAR жарыс сериясының сток-кары стилінде әрлеуге кірісті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Компания басшысы Райан Фридлингхаус Toyota Owners 400 жарысын көргеннен кейін осы жобаны қолға алуға бел буыпты.
Шеберлер негізінен седанның сырт пішінін әрлейді. Автомобильді алдыңғы сплиттер, табалдырық қаптамасы, ірі диффузор және жүксалғыш қақпағындағы спойлерді қамтитын өзгеше бастырықпен жабдықтайды.
Сондай-ақ Camry-ге бір орталық сомынды диск және жарысқа арналған Goodyear жартылай сликін орнатады. Тюнерлер стандарт газ шығару жүйесінің орнына жаңасын қойып, оны артқы есіктің астынан шығаруды жоспарлап отыр. «Камриге» басқа аспа орнатылуы мүмкін.
Жинақ бағасы қанша болатыны қазірше белгісіз. Бірақ машинаның алғашқы данасын жоба идеясы пайда болған Вирджиниядағы трассада жұрт назарына ұсынатыны анық. Ол Federated Auto Parts 400 жарысы аясында өтеді.