Сараптама агенттіктері биыл алғашқы үш айда әлемде қанша көлік сатылғанын есептеді. JATO компаниясы 152 нарықты талдап, ең танымал машина Tesla Model Y болғанын анықтады. Америкалық кроссовер рейтингте көп жылдар бойы көш бастаған Toyota Corolla-дан озды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Model Y керемет нәтиже көрсетті. Үш айда әлемде 267 200 данасы өткен, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 68 % жоғары көрсеткіш. Бұған Tesla-ның жаңа нарықтарға аяқ басуы және Қытайда көлік бағасын түсіргені оң әсер етті. Былтыр жыл қорытындысы бойынша 759 579 Model Y өтіп, рейтингте төртінші қатардан көрінген.
Екінші орында 1997 жылдан бері әлемдегі ең танымал автомобиль атағын ешкімге бермей келе жатқан Toyota Corolla тұр. Биыл жағдай өзгеретін сияқты. Модельдің танымалдығы төмендеп барады. Бірінші тоқсанда Corolla саудасы Қытайда 29 %, АҚШ-та 10 % құлдырады.
Үздік үштікті 214 700 данасы өткен Toyota Hilux түйіндеді. Топ-5 тізімге жапон маркасының тағы екі моделі: RAV4 (211 000) пен Camry (166 200) енді.