Қытайда жаңа Kia EV5-тің бағасы белгілі болды
Сериялық EV5-тің тұсаукесерінен кейін Kia Қытайда электрокарға тапсырыс қабылдауды бірден бастап кетті. Тапсырыс рәсімдеу үшін клиентте небәрі 888 юань (56.2 мың теңге) депозит болса жеткілікті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Өлшемі 4615×1875×1715 мм және дөңгелек базасы 2750 мм Kia EV5-ті Kia Sportage моделінің батареялы баламасы деуге болады. Жол талғамайтын көліктің сырт пішіні концептімен бірдей-ақ, бірақ интерьері әлдеқайда шынайы көрінеді.
Дизайнерлер салонды автомобильге көлік құралы ғана емес, үйінің бір бөлмесі ретінде қарайтын клиенттерге бейімдегенін мәлімдеді. Сондықтан EV5-тің интерьер құрылымы мен әрлеу материалдары қонақ бөлмені еске түсіреді.
Компания электрокарға бірнеше физикалық батырмасы бар ықшам алдыңғы панель, 12.3 дюймдік бірнеше дисплейден тұратын ірі экран блогын және Kia брендіне тән төрт шабақты рөл орнатады. EV5-тің салонын таза былғарымен қаптамайды, сатып алушыларға бірнеше мата түрі мен экобылғарының төрт түсін ұсынады.
Қытай нарығына арналған EV5 литий-темір-фосфатты батареямен (82 кВт·сағ) жұптасқан 217 ат күшін беретін (310 Нм) электромотормен жабдықталады. Техникасы туралы ресми мәлімет жоқ, бірақ жергілікті БАҚ электрокар 600 шақырым жүреді деген ақпарат таратты. Келешекте Kia EV5-тің екі моторлы түрленімін шығарып, әлемдік нарыққа ұсынады.
Аспан асты елінде бренд автомобильдің бірнеше нұсқасын 159 800-229 800 юань (10.1-14.5 млн теңге) аралығында саудалайды. Клиенттер машинасын қашан алатыны белгісіз, бірақ тапсырыс қабылдау 16 қарашаға дейін жалғасады.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz