Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірінші «б», екінші және үшінші дәрежелі жолдарды ақылы ету туралы бірнеше заң жобасын дайындады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес жүк көліктері мен автобустар мына аймақтарда жолақы төлейді:
* Ұзындығы 56 км болатын Орал— РФ шекарасы (Самараға қарай);
* Ұзындығы 198 км 210 м болатын Павлодар — РФ шекарасы (Омбыға қарай);
* Ұзындығы 99 км болатын Орал — РФ шекарасы (Саратовқа қарай);
* Ұзындығы 448 км болатын Павлодар — Семей — Қалбатау;
* Ұзындығы 169 км болатын Көкшетау — Петропавл;
* Ұзындығы 85 км болатын Бейнеу — Ақжігіт.
Тас жолдағы жолақы мөлшері айлық есептік көрсеткішке (2023 жылы 3450 теңге) және автомобильдің жүк көтергіштігі мен автобустағы жолаушы орнына байланысты шақырымына 5-25 теңгеден болады.
Жүргізушілер ақылы жолдармен жүру үшін 1-5 АЕК бір айлық және 12-60 АЕК тұратын жылдық абонемент сатып ала алады.
Бұйрық жобасы маусымның аяғына дейін талқыға түседі. Соған қарағанда ақылы жолдар жүйесі шілдеде күшіне енуі мүмкін.
Бұл жолдарда шлагбаум болмайды. Ақшаны қолма-қол алмайды, оны сіз автомобиль нөмірі тіркелген жеке шот, Kolesa.kz және басқа мобильді қосымшалар арқылы төлей аласыз.