Өнер ұлт пен ұлыс таңдамайды. Осы орайда кавказдың лезгинка биі әлемге кеңінен тараған. Онда шапшаң қимыл мен ерік-жігер ерекше үйлеседі. Талдықорғандық жасөспірімдер арасында да оған қызығушылар көп.
Былтыр қалада кавказ билерін үйрететін орталық ашылған. Бүгінде ондағы шәкірттер қатары 100-ден асады. Шалт қимыл, шапшаң ырғақ. Лезгинка биінің өн бойынан осындай әрекет әсте үзілмейді. Хореограф Аслан Муртазалинов шәкірттеріне бұндай ерекшеліктерді үйретуден жалықпайды.
Аслан Муртазалинов, хореограф:
- Мен ең алдымен тәртіпті талап етемін. Онсыз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Би дегеннің өзі биік өнер деп есептеймін. Оны орындаушылар да, тамашалап отырған адамдарда осыны түсінуі керек. Мен балаларға мұны осы бастан ұғындырғым келеді.
Биге қатысып жүрген талапкерлердің бәрінде орталықтың аты жазылған футбол жейдесі бар. Ол өзінше бір мәртебе болып есептеледі. Өйткені шәкірт лезгинка биінің алғашқы талаптарын үйрене бастаса осындай жейде беріледі. Балаларының өнер үйреніп жүргеніне ата-аналар да дән риза. Би мектебінің шәкірті болуға ниет білдірген талдықорғандық 200-дей жасөспірім бүгінде кезекте тұр. Өз кәсібін ерекше жақсы көретін хореограф Аслан Муртазалинов бәрін де қабылдауға дайын. «Әттең, жаттығу залы тарлық етеді. Сондықтан күте тұруға тура келетін болды. Қазір мұнда түрлі ұлттар мен ұлыстардың бүлдіршіндері бір үйдің баласындай болып би өнерін үйренуде. Алдағы уақытта жаттығу залын кеңейту де ойда бар дейді орталық ұйымдастырушылары.
Еркенұр Ерзия