Қоғамдық келісім басты ұстаным

Еліміздегі барлық этностар арасындағы шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата-дәстүрі мен табиғи кеңпейілдігі, ұлттық ділінің кеңдігі арқасында екендігіне дау жоқ.

Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде, ел басшылығы алдында халықтың келісімін сақтап қалу, қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру басты назарда ұсталды. Себебі 100-ден астам этнос өкілдерінің басын біріктірмесе, «бас-басына би болып», әрқайсысы «көрпені өзіне тарту» басталар еді. Сонымен қатар саяси күштер бұл жағдайды өзіне қарай бұрып, қолдана бастар қаупі бар еді.

Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің мүддесін қамтамасыз етуші ұйым құру туралы идеяны алғаш рет Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген Қазақстан халқының бірінші форумында айтты. Аталған форумда Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Жиырма үш жылдың ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Ассамблеяның негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады.

Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында.

Кеңес Одағының сүлдесінен шыққан егемен Қазақ еліне көптеген беделді сарапшылар ядролық қаруға сүйене отырып, қатал державалық саясат жүргізеді деп баға беріп, қауіп күткені белгілі. Алайда қоғамда демократиялық құндылықтар орнату және азаматтық қоғам құру бағытында батыл іс-қимылға көшкен Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабуы, әлемде төртінші орында деп ресми бағаланған ядролық арсеналынан бас тартуы ғаламдық саясаттағы қайталанбас оқиға ретінде мойындалды. Қазақстанның өзінің алдына қойған негізігі мақсаты бейбіт өмір, келісімді қоғам, ынтымақтастық пен бірігу екенін дәлелдеді.

Қазақстанның жүргізіп отырған ТМД шеңберіндегі бірігу, ЕурАзЭК, АӨСШК, Әлемдік діндер съезі сияқты тың бағыттары еліміздің халықаралық қауымдастықта танымал елге айналып, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық, саяси тұрғыда ең қарқынды дамушы мемлекет ретінде бағалануына өз оң ықпалын тигізді.

Алып мемлекет ыдырап, оның аумағынан жас, егемен елдер пайда болған мезетте ел басшылығы алдында жүзеге асуы өте қиын маңызды міндеттер тұрды: орталықтанған жүйеден шыққан, мешел күйге түскен шаруашылықты аяғына тұрғызу; бодандық сана-сезімнен, тоталитарлық жүйенің бойды әбден меңдеген енжарлық, масылдық қамытынан шыққан қоғамға демократиялық тетіктерді енгізу; нарықтық өтпелі кезеңде әлеуметтік ауыр жағдайдың негізінде туындауы мүмкін ішкі этностық қатығыстарға жол бермеу, т.б.

Жұрттың бәрі байыбына бара алмаған, шексіз бостандықтар берілген тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетаралық егестерге, ұлтшылдық сезімнің өріс алмауына, қоғамдағы бір топтың келесі топқа қысым жасауына жол бермеу қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басты мақсаты қоғамдағы барлық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру болды.

Тоқсаныншы жылдарың алғашқы жартысында елдегі жаппай орын алған әлеуметтік-экономикалық дағдарыс саяси дағдарысқа ұласты. Қазақстанда елдің болашақ даму жолын, мемлекеттің саяси бағдарын таңдау жөнінде пікірлер сан-салаға жарылып, түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар сан алуан жолдарды жүзеге асыруды талап етті. Партияаралық күрес белең алып, әр тарап аталған үдеріске тұрғындарды өз жағына тарту мақсатында іс-әрекет жасады. Қазіргі уақытқа дейін кейбір проблемалары шешілмей келе жатқан мемлекеттік тіл, мемлекеттік сәйкестілік, жерге деген жеке меншік құқық мәселелері туралы қоғамда тұтас пікір қалыптаспай, түрлі топ жан-жаққа тартты.

Сондықтан тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап Қазақстан халқын ортақ мақсатқа жұмылдыру, барлық этностық топтардың тең құқықта тұрмыс кешуіне жағдай жасау мемлекеттік ұлттық саясаттың басты, басым бағытына айналды. Ал кез келген мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақты дамуының басты шарты тату этносаралық қарым-қатынасты қалыптастыру екендігі тарихи тұрғыдан өзін толық дәлелдеген.

Жоғарыда аталған жағдайлар тұрғысынан қарасақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы еліміздегі этносаралық қатынастар саласын реттеп, жүйелеп отыратын жүйені қалыптастырды. Сонымен қатар Ассамблея сол кезеңде демократиялық жаңаруларды бастан кешіп жатқан Қазақстандағы азаматтық қоғамның алғашқы қарлығашы болғаны даусыз.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей күш салуымен этносаралық қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында жұмыс жүргізіп отыр.

Жалпы алатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы бірнеше кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең – 1995-2002 жылдар аралығы.

Соңғы қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттік тұғырдың басым бағыттары деп жалпы азаматтық қағидаттар толықтай қарастырылды. Ескі Ата Заңдағы қазақстандықтарды байырғы ұлт және кейіннен қоныс аударған этностар деп екіге бөлу қысқартылып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі жарияланды. Аталған мәселелер қоғамның бірігуін жеделдетіп, ел тұрғындары тарапынан толықтай қолдауға ие болды. Жаңа Конституция заңнамалық деңгейде этностардың ұлтына, тіліне, діліне, дініне, нәсіліне қарамастан тең құқықтылықты қамтамасыз етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші күші, еліміздегі барлық этностарды жұмылдырушы қасиеті мемлекеттік ұлттық саясаттың басты тұғырына айналды. Ассамблея этномәдени бірлестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық және мәдени бағытта қазақстандық жаңа үлгіні тәжірибеге енгізді.

Ассамблея тоталитарлық «біркелкілік» жүйесінен шыққан этностардың дәстүрі, тілі мен мәдениетін қалпына келтіруге, дамытуға толық жағдай жасалуына күш салып, халық ықыласына бөленді. «Сан алуандық арқылы бірлікке» деген бағытта дамыған этносаралық қатынастың қазақстандық үлгісі қалыптасты.

Екінші кезең – 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – қоғамды жұмылдыру кезеңі деп саналады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел экономикасының қайта түлеп, тұрақты даму қарқынына ілесуі, қоғамды демократияландыру үдерістерінің жедел дамуы кезеңінде маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы қатардан көрінді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік дамудың көптеген мәселелеріне араласуы этностық негізде партиялар құру, этносаралық қатынастар саласын саясаттандырудан сақтауға негіз болды.

Аталған кезеңде орта мерзімге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының Стратегиясы, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамды жұмылдыру идеясы – Қазақстан дамуының шарты ретінде» Концепциясы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Қоғамның этностық ресурсы ел экономикасын дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу және Қазақстан қоғамының рухани мүмкіндіктерін дамытуға бағытталып отыр.

2007 жылы жүргізілген конституциялық реформалардың арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа конституциялық мәртебеге ие болып, еліміздің бас заң шығарушы органына өз өкілдерін сайлау құқығын иеленді. Аталған жылы Ассамблея атынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайланып, депутаттар еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайтуда нәтижелі еңбек етуде: 60-қа жуық заң жобасын әзірлеуге қатысты; азаматтар көтерген мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 361 хат жолдады; Ассамблея туралы заңнамалық құжаттың жобасын әзірледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін 2008 жыл өте маңызды, нәтижелі жыл болды – Ассамблеяның бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытындағы рөлін нормативті-құқықтық тұрғыда үйлестіретін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды.

Аталған заңнамалық құжат елдің әрбір азаматын халық үшін аянбай қызмет етуге, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынады. Мемлекеттік және өзге этнос тілдерін, салт-дәстүр, мәдениетті өркендетуге толықтай мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің әрбір азаматы Қазақстанның болашағы, егемендік негізі – мемлекеттік тілді дамытып, нағыз іс жүзінде патриотқа айналып, Отан үшін қызмет ету, аталған қасиеттерді жас ұрпақ бойына егу бағыты нақтыланған.

Атқарылған жұмыстар Ассамблеяны мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы қоғамдық институт ретінде танытты.

Қазіргі таңда елімізде 600-ден астам этномәдени бірлестік, 4 ұлттық театр, Достық үйлері және 195 жексенбілік мектеп қызмет етіп, этнос тілдерінде 35 газет, журналдар жарыққа шығады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынас саласының барлық мәселесіне ден қойып, мемлекеттік органдармен белсенді қарым-қатынаста жұмыс істеп отыр. Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерімен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, Әділет министрліктерімен бірқатар бағыттар бойынша нақты шаралар атқарылуда. Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Ассамблеяға арналған депозитарий ашылды.

Елбасының Ассамблеяны нығайту бағытындағы тапсырмаларына сәйкес, тұрақты әрекет етуші Ғылыми-сараптық кеңес құрылды. Аталған кеңес этносаралық қатынастар саласындағы өткір мәселелерді ашық талқылап, сараланған, зерделенген шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Кеңес жұмысына еліміздегі беделді ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестік өкілдері тартылып, нақты жұмыстар атқарылуда.

Ассамблея жанынан дүниеге келген келесі ірі жоба – Қоғамдық қор. Аталған Қор еліміздегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған әр түрлі жобаларды қаржыландырумен айналысуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда Қордың тікелей қаржысына Ассамблеяның қызметі мен этносаралық қатынастар саласындағы атқарылған іс-шаралар туралы баяндайтын «Менің елім» журналы тіркеліп, алғашқы нөмірі жарыққа шығуға әзірленуде.

Елбасы Жарлығымен Ассамблея Төрағасының тағы екі орынбасары бекітілді. Екеуі де этномәдени орталықтардың басшылары, А.П. Чесноков – казак, орыс және славян бірлестіктері ассоциациясы төрағасының орынбасары, В.З.Свинцицкий – «Қазақстан поляктары одағы» ассоциациясының төрағасы. Аталған орынбасарлардың негізгі жұмыс бағыты – жергілікті жерлердегі этномәдени бірлестіктердің жұмысын ұйымдастыру, қоғамдық ұйымдармен билік органдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ұлттық саясат қағидаттарын насихаттау.

Аймақтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мемлекеттік саясат пен еліміздің қоғам бірлігін нығайту бағытындағы мақсат-міндеттерін халыққа түсіндірумен айналысатын арнайы ақпараттық-насихат топтары құрылып, нәтижелі еңбек етуде. Бүгінгі таңда 400-ден астам адам ел ішінде насихаттау жұмысын жүргізіп отыр.

ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымына кіретін Ассамблея Хатшылығының құрамы кеңейтіліп, Бейбітшілік және келісім сарайына Алматы қаласынан
10 этномәәдени бірлестік көшірілді. Ассамблеяның арнайы веб-порталы ашылып, бұл ұйым туралы ақпарат таратуға жаңа мүмкіндіктер пайда болды.

Ассамблея дүниеге келген 14 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. Халықаралық кеңестікте жүріп жатқан үдерістерге көз салар болсақ, дағдарыс қаржылық, экономикалық салалармен ғана шектелмей, әлеуметтік, этносаралық және дінаралық мәселелердің ушығуына себепкер болуда.

Қазақстанның дағдарысқа қарсы кешенді шараларды 2007 жылы бастағаны – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігі. Аталған шаралар тек қана экономика мен әлеуметтік салалармен қатар идеологиялық мақсатты да қамтып отыр.

Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауында аймақтардағы жұмысты күшейтіп, халыққа жан-жақты жәрдем көрсетуді қатаң тапсырды. Дағдарыс жағдайында тұрғындарға көмек көрсету бағытында мемлекеттік билік орындары нақты шараларды атқарып, халықты жұмыспен қамту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстарына ауқымды қаражат бөліп отыр. Дағдарысты жеңу бағдарламасының басым бағыттарының бірі аграрлық секторды қолдау, яғни әлеуметтік аз қамтылған ауыл тұрғындарын көтеру болып табылады. Аталған бағытқа мемлекет қоржынынан қомақты қаражат бөлініп, ауыл тұрғындарына нақты көмек қолы созылды.

Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы ең алдымен қазақ ұлтының еншісі екендігі анық.

Елді жұмылдырушы маңызды фактордың бірі қазақ халқы, оның дәстүрлік, тілдік және мәдени құндылықтары болып табылады. Кез келген мемлекеттің бірігуінің, ортақ мақсатқа ұйысуының негізі халықтың жаппай мемлекеттік тілді қолдануына байланысты.

Мемлекеттік тіл мен қазақ ұлты – Қазақстан қоғамын жұмылдырушы басты күш, Қазақстан халқының тұрақтылығы мен еліміздегі бейбітшіліктің кепілі.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауында тұтас ел мен әрбір қазақстандыққа дағдарыс кезеңінде жасалатын нақты бағыттар мен іс-қимыл жоспарын көрсетіп берді. Ең басты міндет қоғамдық келісімді сақтау болып табылады. Дағдарыс – біздің бірлігіміз мен татулығымыздың мықтылық деңгейін сараптап-талдаушы күш. Сондықтан бүкіл қоғам болып ортақ қиындықтарды жұмыла көтеру бағытында аянбай еңбек етуіміз тиіс.

Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. 

Еркенұр Ерзия
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста