Мемлекеттік рәміздерге құрмет – Отанды сүюдің белгісі
Елдіктің басты тірегі – ынтымақ пен бірлік. Ал бірлік пен ынтымаққа бастайтын басты қағида болашаққа деген сенім, тарихқа құрмет. Халқымыздың тарихына көз жүгіртсек осынау ұлаңғайыр даламызды ауызбірлік пен ұйымшылдықтың арқасында ғана сақтап қалған. Алмағайып кезеңдерде тағдырдың тауқыметімен елімізге келіп паналап, осы жерде өсіп-өніп, қазақпен ағайын, туысқандай болып тұтасып кеткен бөгде ұлт өкілдері қаншама. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз атамекеніне көшіп кеткен қанша ұлттың өкілдері Қазақстанға қайтадан көшіп келіп жатқан оқиғаларға жүздеген мысал келтіруге болады. Тіпті әлеуметтік желілерде Қазақстанға деген сағынышын айтып, ыстық ықыласын білдіріп, сал-дәстүрімізді насихаттайтын ұлттық мерекелерде қазақтың ұлттық киімдерімін киіп, әнін салып, сәлемін жолдап жатқан қаншама бейнежазбаларды байқаймыз. Міне бұның бәрі қазақ еліне, жеріне, дәстүріне деген құрмет. Бұл бір кезде көшіп кеткен отандастарымыздың туған, өскен, дәм татып, еңбек еткен жеріне, еліне деген сағынышы. Ал адам баласы ешқашан да жақсылық пен сыйластық көрген, құрмет көрген жерді ұмытпайды. Жерімізде тұрып жатқан өзге ұлттың өкілдері де елімізге құрметпен қарап, Отанымыздың өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Елдің дамуы қазақ халқына ғана емес отандастарымыздың барлығына пайдалы. Ұлты бөлек болғанымен мемлекет ортақ, көк байрағымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бір. Күнделікті күнкөрісіміз, тіршілігіміз бірдей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде «Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты. Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал. Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз» деп атап өткен болатын.
Сондықтан бөлініп-бөлшектенбей, араздасып-айтыспай, таласып-тартыспай ортақ мәмілеге келіп, ортақ мүдеге күш біріктіргенде ғана елдің дамуы қарқынды болары анық.
Қазіргі заман ақпараттық майданның заманы. Қаптаған әлеуметтік желілер арқылы арамза ойын көпшіліктің санасына білдірмей сіңіріп, бұра тартып, елді ішінен іріткісі келетіндер қаптап жүр. Сөзіне қарасаң ел мүддесін ойлаған абыздардай, түпкі мақсатына үңілсең арамза жауыздардай. Сондықтан ел бірлігі деген қасиетті ұғым санамызда салтанат құрып тұруы керек. Кез келген ақпаратты қорытып, зерделеп, сан рет електен өткізіп барып қабылдаған жөн. Әр адам солай жасамаса арандап қалуы әбден мүмкін. Ол алдымен адамның өз өміріне жауапкершілікпен қарауына қажет. Сол үшін қажетті ақпараттарды ресми ақпарат көздерінен оқыған қауіпсіз, әрі сенімді.
Биылғы наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы құжатта ақпараттық қауіпсіздіктен бастап, ашықтық пен бәсекеге қабілеттілік, даму жолдары сияқты көптеген ауқымды мәселелер түбегейлі талданып айтылған.
Азаматтардың арандамауы, алданбауы, теріс жолға түсіп тағдыр талқысына ұшырамауы үшін елімізде барлық жағдай жасалып, заң жүзінде жұмыс істеп тұр. Сондық азаматтар өз сауаттылығын арттырып отырған жағдайда ешқандай қиындық туындамайтыны анық.
Міне осындай сан-алуан ойлардың түйіні елді біріктіретін мемлекеттік тіл және мемлекеттік рәміздер екенін айғақтайды. Мемлекет құрған ұлттың тілін білу арқылы басқа ұлт өкілдері де сол елдің бір азаматына айналып шыға келеді. Тілін біліп рәміздерін құрметтеген адамға қазақ халқы әрқашан құрметпен, сыйластықпен қараған. Өздері де сол ұлттың тіліне, салт-дәстүріне қызығушылық танытып жанына жақын тартып тұрады. Бұл қарапайым ғана адами болмыс.
Мысал үшін айтар болсақ Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде мемлекеттік туға деген құрмет өте жоғары. Сондықтан ол елдерде азаматтар үлкен-кішіге қарамай тудың алдынан бастарын иіп өту қалыптасқан қағида. Өйткені оларда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға қатты мән беріледі.
Біздің елімізде де рәміздерге құрмет көрсету заңмен бекітіліп, ережесі белгіленген. Жыл сайын 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Бірақта осы ретте рәміздерге құрмет көрсету бір күннің аясында ғана қалып қоймай, мемлекеттіміздің біртұтастығының белгісіне үнемі құрметпен қараудың жолдарын жетілдіре түссек деген ой келеді. Ол үшін рәміздердің қадір қасиетін насихаттайтын хабарларды көптеп таратып, арнайы шаралар науқандық деңгейде ғана емес, адамның шыңайы сезімін оятатындай әсерде жасалса. Елдің Туы мен Елтаңбасын, Әнұранын насихаттайтын өнер туындыларына көптеген бәйге жарияланып, байқаулар өткізілсе. Осындай насихат жұмыстарын күйшету арқылы рәміздерімізді кие тұттып, табынатындай, оны ары мен намысындай бағалайтын ұрпақ қалыптасып өссе, мемлекетті тұтастырып, отаншылдықты арттырудың нағыз сара жолы осы болар еді.
Нұрлы Еділов