Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы!
«Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы!» Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауында айтты.
Әр елдің мемлекеттік рәміздері болады. Мемлекеттік рәміздерсіз ел болмайды. Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін айқындаушы нышандары, ажырамас атрибуттары. Қазақстан да тәуелсіз ел атанғаннан кейін өзінің тұңғыш мемлекеттік рәміздерін бекітті. Бұл оқиға тарихқа 1992 жылдың 4 маусымында жазылды. Сол сәтте Қазақстанның Ту мен Елтаңбасы қабылданса, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Ал 2006 жылы 7 қаңтарда жаңа Әнұранымыз заңды мәртебеге ие болды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде тойланып келеді.
Әрбір мемлекеттік рәмізді пайдалану ережесі бар. Мысалы: Елтаңба Қазақстан азаматының кез келген құжатында, туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін көрініс табады. Ал, Ту мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында міндетті түрде болуы тиіс. Оған қоса, Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы шарт. Сондай-ақ саяси шаралар мен қазақ спортшылары жеңіске жетіп, биік мінберге шыққанда Қазақстанның Туы көтеріліп, Әнұраны ойнайды.
Қазақстанның көк байрағы биікке көтеріліп, аспанмен таласа желбіреп, Әнұраны шырқалғанда, жүрегінде патриоттық сезімі бар әрбір азаматтың намысын қайрап, рухын оятары анық. Бүгінгі таңда, Қазақстанның Туы әлемдегі биік-биік шыңдар – Монблан шыңында (теңіз деңгейінен 4 810 м биіктікте), Памир тауындағы Ленин шыңында (теңіз деңгейінен 7 134 м биіктікте) және Эверест шыңында (теңіз деңгейінен 8 800 м биіктікте) желбіреп тұр. Тіпті Қазақстанның көк туы ғарышта да болды. Алғаш рет қазақтың Туын ғарышқа 1994 жылы ғарышкер Талғат Мұсабаев апарса, 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа сапары кезінде Қазақтың Туымен Жерді 150 рет айналып ұшты. Бұл Отанын сүйетін әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш оятары сөзсіз.
Мемлекеттік рәміздер қашан пайда болды?
Тарихшылардың пайымдауынша мемлекетік рәміздер ішінде алғаш пайда болғаны ол – Елтаңба. Елтаңбатану – Геральдика ғылымы ХVІ ғасырда пайда болған деседі. Француз тарихшысы Менестрэ Елтаңбатану ғылымының атасы деп танылған. Ол мұндай атақты 1650 жылы елтаңбатануды тереңінен зерттеп жазған үлкен еңбегі үшін алған екен. Менестрэнің жазуына қарағанда, әлемнің барлық халықтары арасында тотемдік белгілер кең тараған. Негізінен жануарлар бейнесі кескінделген тотемдік белгілер белгілі бір рулар мен тайпалардың ортақ нышанына айналған. Бертін келе, тайпа көсемдері мен рубасыларының бас киім және басқа нышандар билік белгілері ретінде пайдаланылды. Кейіннен олардың орнын найза, әшекейлі бақандар және басқа да түрлі нышандар басты. Базбір тарихи деректерге қарағанда, тайпалардың таңба белгісі әріректе пайда болған. Ұлы Гомер әйгілі Троя шайқасына қатысқан әскерлердің қалқандарындағы белгілер туралы баяндаған. Тарихшылардың жазуынша, бұл соғыс біздің дәуірімізге дейінгі 1240-1230 жылдарда болған.
Ал, тарихшылардың дерегінше, мемлекеттік тудың алғашқы баламалары ХІІ ғасырдан бастау алады. Алғашқы байрақтарды әскерлер найзаның ұшына, темір бақан басына байлап алып жүрген. Ол байрақтарда сол тайпа пір тұтатын жануарлар бейнеленген көрінеді. Мысалы, Кир патшасы алтын қанатты қыран бүркіт бейнесін елінің жеке таңбасы ретінде пайдаланған деседі. Ал, базбір деректерде, алғашқы байрақ көне Азия топырағында, дәлірегі, Қытай жерінде б. з. д. ХІІ ғасырда дүниеге келгені және оның түсі ала болғаны айтылады. Ал, кейіннен ежелгі Үнді жерінде үшбұрышты қызыл, жасыл түсті әскери байрақтар пайда болған және олардың ортасына сары бояумен әр түрлі киелі жануарлардың бейнесі салынған.
Ал қазақ жерінде таңба түсінігі Түркі қағанаты тұсыпда пайда болған деседі. Махмұд Қашқари өзінің әлемге әйгілі сөздігінде «таңба – ел билеушілердің ерекше белгілері» деген мағына береді деп жазған. Тарихи деректерде, түркі халықтарының таңбалары V ғасырдан белгілі болғандығы жазылған. Рулардың таңбалары тастарға қашалған, металл теңгелерде айшықталған. VІ - VІІІ ғасырларда Отырар, Тараз қалаларындағы металл теңгелер шығарған ұстаханалар болған.
Тасқа қашалып салынған, Ту көтерген батыр бабалар бейнесі қазақ жерінде алғашқы ту ерте заманда-ақ пайда болғанын аңғартады. Аттары белгілі ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай - қайсысының да өз байрағы болғаны тарихтан мәлім. Исі түркі халықтары кие тұтқан байрақ түсі көк болған, яғни «Көк аспан» әміршісінің белгісіне баланған. Сондай-ақ, түркілердің байрағында көк бөрі бейнеленген. Десе де, қазақ жерінде ту бір тектес болмаған. Мысалы, тарихта Абылайдың ақ туы туралы көп айтылатыны белгілі.
Тәуелсіз Қазақстан туының көк түске боялу нені білдіреді?
Алғашқы геральдистердің бірі Ансельм жасаған кестеге сәйкес, көк түс - адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны. Сондай-ақ, таңбатанушы ғалымның пайымдауынша, көк ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады.
Әрбір азамат Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұраны мемлекеттің қасиетті нышаны екенін әрдайым жадында сақтауы және оны қастерлеуі қажет. Бұл барша Қазақстан азаматтарының туған ел алдындағы перзенттік борышы.
Қалдар Кумекбаев