Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады.
«Ардақты ағайын!
Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша мезгіл.
Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы айда төзімділік, жанашырлық, имандылық сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі.
Ата-бабамыз Рамазанды «он екі айдың сұлтаны» деп ардақтаған. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, бір-біріне ерекше құрмет көрсеткен.
Салт-дәстүрімізбен сабақтас асыл дініміз ғасырлар бойы Ұлы далада елдің бірлігін және қоғамның тыныштығын сақтау жолында маңызды рөл атқарып келеді.
Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Ораза қабыл болсын!», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.