Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл
Еліміздің айбыны, мақтанышы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл - 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде еліміздің қарулы күштері барлық жағынан күшейіп, біліктілігі нығайып, алынбас қамалға айналып үлгерді. Мәселен былтыр еліміздің әскери қызметшілері 84 мыңнан астам оқу-жаттығуға қатысқан екен. Әрбір оқу жаттығу шаралары олардың мол тәжірибе жинақтауына ықпал етіп, барлық жағынан сақадай сай еткені анық. Сондықтан еліміздің Қарулы күштеріне сенім артуға тұрарлықтай деп сенім білдіре аламыз. Өйткені олардың мықтылығы еліміздің қорғаныс қабілетін айқындайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан отыз жыл бұрын 1992 жылы 7 мамырда сол кездегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына орай әскеріміз құрылған болатын. Жаңа туған бала орда бұзар жасқа жететін уақытқа сай әскеріміз де кемелдене түсті. 7 мамыр Отан қорғаушылар күні болып белгіленді. Жыл сайын ер азаматтарымыз бұл күнді атап өтіп, рухтанып, елдің қорғаушылары бар екенін сезіне түсетін болдық. Ең бастысы ел тәуелсіздігін, аймақтың тұтастығын, мемлекеттің маңызды мүдделерін қамтамасыз етіп, қорғау жолында Қарулы күштердің аса маңыздылығын мойындаймыз. Атап өтер жайт, Кеңес одағынан бөліне сала еліміздің әскери жүйесін өз мүддемізге сай бұру оңай болмады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аталмыш жүйе күрделі өзгерістерден өтті. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұл бағыттағы жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осылайша еліміздің Қарулы күштерінің алғашқы заңдық құжаты пайда болып, 1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттілік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталмыш құжат осы жылдар ішінде еліміздің әскери жүйесіне бағдаршам болды десек артық айтқандық емес. Өйткені ол Заң Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жалпы жүйе бойынша еліміздің Қарулы Күштерінің рөлін, орны мен міндеттерін белгіледі, еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеді. Тіпті еліміздегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің Әскери антының мәтіні жасалып, сарбаздарымыз өз еліне ант беретін болды. Бүгінде Ант қабылдау рәсімі жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күніне айналған, тіпті осы күні ата аналар балаларының ант беру рәсіміне қатысып, салтанаты шараның куәгері болу да қарастырылған.
Қазіргі таңда статистика азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырушылардың қатарының жыл өткен сайын сапалық тұрғыдан жоғарылап келе жатқанын, Жоғары оқу орнын бітірген мамандармен толығып жатқанын жиі айтады. Бұл да болса саламыздың сапалық тұрғыдан жақсарып келе жатқанының бір айғағы болса керек. Сала жұмысы жолға қойыла келе «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы, «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңдары қабылданып, қолданысқа берілді. Бұл заңдар аясында әскерилеріміздің әскери борышын өтеудің негізгі ережелері, сарбаздарымыздың әскери борышын өтеу кезіндегі міндеттері мен жауапкершілігі және құқықтары нақтыланған. Осылайша сарбаздарымыздың азаматтық борышын өтеп қана қоймай, ес жиып, етек жинап, әскери-патриоттық мектептен өту жолында үлкен өмір мектебі ретінде қалыптасуына барынша жағдай жасалуда.
2005 жылдарға дейін елімізде Қарулы күштердің негізі қаланса, одан кейінгі жылдары Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Ұлттық қорғаныс университеті, Шет тілдері әскери институты, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Әскери-теңіз институты секілді әскери мектептер мен оқу орындары құрылып, еліміздің әскери күштерін сапалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бұл оқу орындарында мыңдаған әскери қызметкерлеріміз дайындалуда. Онымен қоса кейбір Жоғары оқу орындарында әскери кафедралар ашылып, жастарымыз оқу орнымен қоса әскери кафедралардан әскери білім алып шығу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл әскери мектептер арқылы елімізде әскери мамандардың жеткілікті кадрлерін қалыптастыру мүмкіндігі туды.
Бүгінгі күні Қарулы күштеріміздің жарақтануына да аса ден қойылып отыр. Мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, әскерилеріміздің айбынын арттырар, заманауи техникалар сатып алынуда. Осыдан 12 жыл бұрын өткен халықаралық «KAZAKHSTAN DEFENCE EXPO – 2010» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесінде әскерилеріміздің әлеуеті жоғары бағаланды. Еліміздің Қарулы күші жаңа халықаралық аренаға заманауи талапқа сай қару-жарағымен, әскери техника мен байланыс және әскери мүлкімен танылды. Бұл шара дәстүрге айналып, кейін екі жыл сайын өтіп тұруы әдетке айналды.
Бүгінгі күн еліміздің әскерінің құрылымын жетілдіру, оларды заманауи сапалы қару-жарақ пен әскери техниканың талапақа сай үлгілерімен қамтамасыз ету, әскеріміздің ұдайы жауынгерлік әзірлігін қолдау, қорғаныс базасын дамыту саланың басты мақсаттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ әскери өмірді аңсаған кадрлерге қолайлы жағдай туғызу, жалақысын көтеріп, ынталандыру, оларды әлеуметтік қолдау, баспанамен қамту жұмыстары да қолға алынуда. Осы орайда әскери кадрлеріміз сапалық тұрғыдан жақсарып қана қоймай, саны да артып келе жатқаны, әскери өмірді қалаған сарбаздарымыздың көбеюі көңіл қуантады.
Сондықтан жауынгерлік рухы жоғары, патриот, заманауи жарақтанған әскеріміз барда еліміздің ертеңі жарқын, ұйқымыз тыныш деп айта аламыз! Өйткені отыз жылда жеткен Қарулы күштеріміздің мерейі мен жетістігі ел ертеңінің жарқын боларының кепілі!
Қуаныш Ермекова